Д е р е к т е р |
Тарихи тұлғалар |
Абылайдан кейінгі хандар (екінші нұсқа) Мәшһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ. Кенесары ханның жылы қоян еді, қырық
жасында жылқы жылы демі таусылды. Наурызбайдың жылы қой
еді, жиырма төрт жасында жұмысы бітті. Қырғызда
“манап” дейтұғын болады екен. Манап болатұғын себебі:
қырық жігітке қатын алып беріп, мал малдандырып, жан
жандандырады екен. Сонан соң оны “манап” деп атайды екен. Сонда қырғыз
— Жанқараш, Жантай екеуі де манап екен, Жаманқара да манап екен,
Жанқабыл, Тілеуқабыл — ағайынды екеуі де манап екен. Жаманқараны
елшілікке келген жерінде Наурызбай өлтірген. Өздері: “Қашпаймыз!”
десіп, қолға түскен соң, Жаманқараның
бодауына Кенесары ханды Жанқараш алған екен. Жанқабыл манапты
соғыста тағы Наурызбай өлтірген екен, соның бодауына
деп, Наурызбайды Жанқабылдың ағасы Тілеуқабыл алған
екен. Сол уақытта қырғызда
Алатаудың күнгей бетінде Орманхан деген хан бар екен. Сонан қырғыздың
манаптары кісі жіберіп, ғақыл сұраған екен: — Бұлар қолға тірі түсті, қайтеміз?
— деп. Сонда Орманхан айтты дейді: — Кенесары, Наурызбайға біздің қырғыз
барып, соқтыққан жері жоқ, өздері келіп қолға
түсті. Оны манаптар: “Күшіміз асқандықпен болды”, —
демесін, “Құдай мен аруаққа төрелердің өздері
ұшырады, сонан болды” — деп білсін. Өздерін өлтірмесін. Бұрынғының
сөзі бар еді: “Қарадан хан қойса, қасиеті болмайды, Үлгісізден
би қойса, өсиеті болмайды” — деп. Қайта өздері икемге
келіп, ынтымаққа көшіп, күллі қырғызға
хан көтерсін! Мен де хандығымды тастап, соған берейін —
соның тыныш тұруы үшін. Болмаса – біріміз — күнгейде,
біріміз теріскейде тату-тәтті болысып, тұра берейік. Егер де
икемге келмесе, ынтымаққа көнбесе, күтіп, құрметлеп
сақтасын. Өз ажалынан өлмесе, менен ғақыл сұрағандары
шын болса, өлтірмесін! Және қалған елін барып шаппасын,
қатын-баласын олжаламасын! Осы өздерінің қолға
түсіп, пенде болғанына қанағат қылсын да, тұрсын!
– дейді. Сонан соң қырғыз: — Орман өз басы аман болған соң,
аузына не келсе, соны айта береді, – деп, біздің Жаманқарадан
артық па? – деп, Жанқараш: – Өлтіріп тастаңдар! – дегенде: “Қылышпен
шабамын!” – деп ең алғаш қол көтерген қырғыз
қолын көтерген бойымен сіресіп қалды дейді. Оның өзінен
әл кетіп, шаба алмай тұрып қалғанын сезбей, жанында тұрған
бір есерсоқ арсалаң қылышты жұлып алып, Кене ханды
мойнынан шауып жібергенде, Кенесары ханның басы да жерге түсті,
шапқан “батырдың” өзі де сылқ етіп, құлай
кетті дейді. Қараса, табанда жаны шығып кетіпті. Үйіне көтеріп
алып барған екен, үй ішіндегі қатын-баласы жалп ете түсті
дейді. Сонан соң қырғыз халқы Кенесары ханды өлтіргендігіне
көп пұшайман болысты дейді. Сол өлтірушілердің тұқым-тұқымы
бұл күнгеше оңбай, быт-шыт болып, тозып кетті дейді. Жантай
өлтірген кеңестің ішінде жоқ екен, өлтіргендерін
де оңды ұнатпаған екен. Бас терісін сыдырып, орыс жұртына
жіберген екен. Сол үшін Шабдан Жантаев, Қарабековтер үшбу
Россияға құрметлі кісі болып, шүһірет тапты.
Кенесарының Ахмет дейтұғын баласы император ағзамның
таққа отыруы мәжілісіне барғанда, Шабдан һәм
барған. Сонда Шабдан көтеріліп, бір сөз сөйлегенде,
Ахмет төре айтыпты: — Бұл мәжілісте қолынан да, тілінен
де келе-тұғын ғаламнан озған алаяқтардың
сөйлегені жарасады. Тілі жоқ сақау, қолы жоқ
шолақ, аяғы жоқ мешел сықылды қырғыз,
қазақтың баласы едік қой. Екеуміздің
мінгесіп кісі болып жүргеніміз бір өлген өліктің
денесі ғой! — депті. Сонда Шабдан дәнеме айта алмады дейді. Тілеуқабыл манап Наурызбайды інісінің
боданы үшін көп қырғыздың ортасынан жеке өзі
меншіктеп алды. Сонда қырғыздарға айтты дейді: – Мұны өлтірсем: “Неге өлтірдің?”
— демеңдер. Өлтірмесем: “ Неге өлтірмей қойдың?”
– демеңдер. Інім үшін маған бердіңдер ғой, ықтияры
өзімде болсын! – депті. Үйіне алып
барған соң: — Төре, өлер інім өлді, сені өлтіргенмен,
ол тірілмейді. Сені тайдай талтүсте жөнелтсем, тамам қырғыз
соңыма түсіп, өзімді бұл Алатауда тірі қоймайды.
Сені мен түнде жіберейін, менің атымды мін де, киімімді ки де, сөйт
те, түнде қаш! Сені ешкім қуып жетіп түсіріп ала алмайды.
Мен риза, Құдай риза, маған сенің өлмегенің
керек!-дейді. — “Кенесары, Наурызбай қолға түсіпті
де, Кенесары өліп, Наурызбай қашып келіпті!”— деген сөз өлімнен
маған ол жаман атақ. Менің ол абыроймен (абиұрмен)
тірі болып, үйге барғаннан да, өлгенім артық. Жиырма
беске жеткенім жоқ, жүз жасаған кісінің сүретұғын
дәуренін сүрдім. Тіршілік пен бұ жалғанға менің
арманым жоқ! — дейді Наурызбай. Өлтіртуге көзі қимай, Жанқабыл
Наурызбайды үш ай, тоқсан күн сақтапты. Қырық
жігітінің отыз тоғызы өлтіруге ыңғайланыпты да,
манаптың өз басы, қатыны, бір жігіт, – сол үшеуі
ортасына алып жатып жүріпті. Ақырында Тілеуқабыл өзі
бір жаққа кеткенде, жансүйері өлген қырғыздар
өлтіріпті. Наурызбайды өлтіргендер дәнемеге ұшыраған
жоқ. Мұны дүние көрген, жиһан кезген, қыр
қыдырған жанкештілер әңгіме қылып сөйлейді.
Болмаса, Наурызбай қолға түскенде, бірге түсіп, олар өлген
соң, қайтып келіп, айтып отырғаным жоқ. |