Д е р е к т е р  

Тарихи тұлғалар

 

АЛАШ ОРДА ҮКІМЕТІНЕ – 90 ЖЫЛ

Айқын газеті,  Авторы: Марат ӘБДЕШЕВ, музейтанушы,  2007-02-02


Биыл, 2007 жылы, ХХ ғасырдың бас кезінен бастау алатын қазақ зиялыларының Ресейдің отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысының 1917 жылғы ақпан төңкерісінен соң, саяси күрес сахнасының төріне шығып, саяси-әлеуметтік ұйымдық құрылымдарға айналғанына, яғни жер-жерде қазақ комитеттерінің пайда болуына, Алаш партиясының саяси ұйым ретінде және Түркістан (Қоқан) автономиясы мен Алаш орда үкіметінің құрылғанына 90 жыл толады.

Бұл – саяси құрылымдар қазақ елдігінің айтулы оқиғалары болып табылады.
Сондықтан да көзі қарақты оқырмандарға Алаш қозғалысы туралы тағы да айтып, келешекте Алаш орда үкіметінің белді-белді деген кейбір мүшелерінің былайғы жұртқа әлі де белгісіз өзіміз тапқан беймағлұм тұстарын ашып көрсетуге талпыныс жасап көреміз.

Себебі Алаш зиялыларының көптеген көрнекті мүшелерінің, олардың көшбасшыларының саяси-қоғамдық, ғұмырнамалық жолдары көпшілік қауымға жете таныс. Олар туралы бәлендей жаңалық ашып, жаңа дерек бере қоймаспыз.

Дегенмен де толассыз ақпараттық ағым заманында, үздіксіз ізденістің нәтижесінде, олардың ғұмырының кейбір сәттерінің қыр-сырларының жаңа тың беттері ашылып қалуы әбден мүмкін. Оған көзіміз жетіп, ондай сәттерді бойға Құдай қуат берсе «Айқын» беттерінен айқындап, анықтап берерміз деген үміттеміз.

Ал бұл бағыттағы алғашқы мақаламызды Алаш орда үкіметінің құрылуына тікелей түрткі болған, 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен жалпы қазақтық съездің Орталық музей қорында сақтаулы тұрған протоколын негізге ала отырып, жазып отырмыз. Аталмыш протоколдың және 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында Орынборда өткен жалпы қазақтық съездің шешімдерінің «Қазақ» газетінің баспаханасында орыс тілінде басылған нұсқаларын кезінде Ахмет Байтұрсынов қолтаңбасын түсіріп, архивке өткізген екен. Онда: «Сдан Байтурсыновым на основ. Постановления Каз ЦИКа от 8/ІХ. 28 г. В Центр архив КССР» деп, екіншісінде «опубликован у Мартыненко стр. 47-57 Б.» деген Ахаңның өз қолтаңбалары сайрап тұр.

Құжаттар құндылығының еселеп артуы да осында.
Екінші даналары ҚР Орталық архив қорында. Біздің білуімізше, осы съездердің шешімдерінің баспаханалық нұсқаларының (орыс тіліндегісі) Ресей архивтеріндегілерін есептемегенде Қазақстанда сақталынып қалуы осы екеуі ғана.

Жоғарыда мақаланы съездің протоколына сүйене отырып жазатынымызды айттық. Сондықтан да протоколда қамтылған съезд шешімдеріне сәйкес бұрын әр түрлі әдебиеттерде толықтай жазылып жүрсе де, биылғы мүшелтойлық жылда оқырмандар есіне тағы да, қысқаша болса да тоқтала кетсек, артық болмас деген ойдамыз.

Желтоқсандағы өткен жалпы қазақтық съезді ұйымдастырушылар – Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Елдес Омаров, Сағындық Досжанов және Міржақып Дулатов болған.
Съезге қазақ сахарасының әр аймақтарынан, Самарқан облысы мен Алтай губерниясындағы қазақтардың атынан – 58 делегат, әр түрлі қазақ ұйымдарының атынан – 8 делегат және арнайы шақырумен – 15 адам қатысып, барлық жиын-терісі 81 делегат келген. Съездің күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды.

Алғашқы баяндаманы Ә.Бөкейханов жасап, ол жөнінде қаулы қабылданады. Қаулыда – қазақ автономиясы, милиция және Ұлт кеңесі мәселелерін қарауға жеті кісілік комиссия құрылады. Құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов автономия, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды.

Баяндама бойынша съезд бірауыздан: «1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы, Амудария бөліміндегі, Закаспий облысындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы іргелес жатқан қазақ болыстарының жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;

2) қазақ-қырғыз автономиясы – «Алаш» деп аталсын...

6) Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт кеңесі құрылып, мұның аты «Алаш орда» болсын. Алаш ордасының ағзасы (мүшесі) 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы орыс және басқа халықтарға қалдырды. Алаш орданың уақытша орны – Семей қаласы. Алаш орда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады...» – деп қаулы қылады.

Қазақ-қырғыз автономиясын жариялау мерзімі туралы қызу пікірталас туып, Ә.Бөкейханов бастаған топ: «ортамызда тұрған басқа халықтармен ақылдасып және милиция құрғанша тоқтата тұрайық» – десе, Досмұхамедовтер бастаған топ «дереу жариялансын!» дейді. Артынан екі жақ ымыраға келіп, біраз шартпен автономияны жариялау Алаш орда үкіметіне жүктеледі.
Сонымен, мақала соңында съезде жалпы қазақтық Халық кеңесіне – Алаш ордаға мүшелікке сайланғандардың тізімін келтіре кетейік.

               Бұл қазірше айтсақ, үкімет және олардың министрлері:

1. Бөкей ордасынан Танашев Уәлитхан (1887–1968 жыл), заңгер.
2. Орал облысынан Досмұхаммедов Халел (1883–1939 жыл), әскери дәрігер.
3. Ақмола облысынан Тұрлыбаев Айдархан (1877–1937 жылы тұтқындалған),                        заңгер.
4. Торғай облысынан Бірімжанов Ахмет (1871–1927 жыл), заңгер.
5. Семей облысынан Ғаббасов Халел (1888–1931 жылы тұтқындалған), физик-математик.
6. Жетісу облысынан Аманжолов Салық (1889–1941 жыл), заңгер.
7. Сырдария облысынан Шоқаев Мұстафа (1890–1941 жыл), заңгер.

                             Облыстардан тысқары:

8. Бөкейханов Әлихан (1866 – 1937 жыл), Арқадан, экономист, Алаш орда үкіметінің төрағасы.
9. Досмұхаммедов Жанша (1887 – 1930 жылдары ұсталынған), Орал облысынан, заңгер.
10. Ермеков Әлімхан (1891 – 1970 жыл), Қарқаралыдан, математик.
11. Тынышпаев Мұхаметжан (1879-1937), Жетісудан, инженер.
12. Құлманов Бақтыкерей (1859 – 1919 жыл), Бөкей ордасынан, шығыстанушы.
13. Ақпаев Жақып (1876 – 1931 жыл), Арқадан, заңгер.
14. Мәметов Базарбай (1888 – 1946 жыл), Жетісу, Лепсіден, заңгер.
15. Әлжанов Отыншы (1873 – 1918 жыл), Шығыс Қазақстаннан, ағартушы-мұғалім.

                             Мүшелікке кандидаттар

1. Қашқынбаев Иса (1891 – 1948 жыл), Оралдан, дәрігер.
2. Жақыпбаев Нүсіпбек (1890 – 1932 жыл), Жетісудан, дәрігер.
3. Итбаев Ережеп (1873 – 1930 жылдары ұсталынған), Шығыс Қазақстаннан, заңгер.
4. Сабатаев Сатылған (1874 – 1921 жыл), Жетісу, Қаскелеңнен, 2 ЖОО бітірген, шығыстанушы, тұңғыш қазақ агрономы. Абай және Міржақып өлеңдерін алғаш орыс тіліне аударушы (1914 жыл).
5. Қасаболатов Есенғали (1889 – 1938 жыл), Оралдан, дәрігер.
6. Ниязов Батырқайыр (1872 – 1924 жыл), Бөкей ордасынан, заңгер.
7. Боштаев Мұқыш (1888 – 1921 жыл), Баянауылдан, заңгер.
8. Жанайдаров Сейілбек (1884 – 1929 жыл), Атбасардан, заңгер.
9. Нұралиханов Сәлімгерей (1878 – ө.ж.б), Бөкей ордасынан, заңгер.
10. Алмасов Өмір (? – 1922 жыл), Торғайдан, халық мұғалімі.
11. Қадырбаев Сейдәзім (1885 – 1938 жыл), Торғайдан, заңгер.
12. Кенжин Аспандияр (1887 – 1938 жыл), Атыраудан, халық мұғалімі.
13. Бекімов Молданияз (1882 – 1930 жылдардан соң белгісіз), Оралдан, әскери қызметкер.
14. Тұрмағамбетов Есен (? - ?), Торғайдан.
15. Солтоноев Жанеке (Жақып) қырғыз, мал дәрігері

                           Алаш орданың оқу комиссиясының мүшелері:

1. Байтұрсынов Ахмет (1872 – 1937 жыл), Торғайдан, Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін бітірген (1895 жыл).
2. Жұмабаев Мағжан (1893 – 1938ж), Қызылжардан, Омбы оқытушылар семинариясын бітірген, (1917 жыл).
3. Омаров Елдес (1892 – 1937 жыл) Қостанайдан, Орынбор мұғалімдер мектебін бітірген. (1911 жыл).
4. Сәрсенов Биахмет (1885 – 1921) Шығыс Қазақстаннан, Семей мұғалімдер семинариясын бітірген (1939 жыл).
5. Шонанов Телжан (1894 – 1938 жыл), Ырғыздан, Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін бітірген (1916 жыл).

www.aikyn.kz                                               

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz