Д е р е к т е р 

Тарихи тұлғалар

 

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
28 қаңтар ұлтымыздың рухани көсемінің туған күні

Байтұрсынұлы Ахмет (1873-1937) - қазақтың ұлы ағартушысы, ірі ғалым-лингвист, түктанушы, ақын, аудармашы, әдебиет жинаушы һәм зерттеуші, бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Туған жері – бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылы). 

Батырлықты , билікті салт қылған ірі мінезді адамдары көп ортада туып, өскен Ахметтің тәрбиесі мал бағып, күйюің тірлік кешкен өзге қазақы ортадан бөлектеу еді. Әділетті жақтау, қиянатқа төзбеу - атадан балаға қалған мұра секілді қасиет еді мұнда. Әділеттің ісін тізіп, әріге бармай-ақ, беріден қайырсақ, әкесі Байтұрсынның параға сатылып, аулына қиянат жасаған Торғай уезінің начальнигі, «кәрі ояз» атанған Яковлевті сабап, басын жаруы да сол қасиеттің құдіреті болатын.

Осы қасиет Ахметті де өз ортасынан суырып алып, күрес жолына салды. Патша өкіметінің зұлым саясатын, халқына жасап отырған көренеу зорлық-зомбылығын, қорлығын көріп, біліп отырып, жан бағып, жайына жүре алмады. Бар оқығаны: ауылдағы екі жылдық, Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектептерімен шектелгеніне қарамастан, «өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді.

Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды…, халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» (С. Сейфуллин). Ол замана ағымымен кетпей, өзгелер құсап қазақ халқын бай, кедейге бөлмей, тұтас жақсы көрді, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. 

Ол отаршылықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Қуғын-сүргінге түсті - мұқалмады; түрмеге қамалды – жасып, жұқармады. Мұғалім болып, бала оқытып, жас ұрпақтың көзін ашты; газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятып, замана аңғарын түсіндірді; өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты, түрлі қызмет істеп, үлгі - өнегеге көрсетті. Ол өзі атқарған үлкенді –кішілі қызметті де, сабақ берген мектепті де, мақаласы мен өлеңдерін шығарған баспа орындарын да – бәр-бәрін халқына қалтқысыз қызмет етудегі өз идеясын, өз саясатын жүзеге асырудың құралы етті.

«Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса» ; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (М.Әуезов). Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғысын жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.

«Томирис» қазақша материалдар жинақталған интернет-журналы     Қосымша материал
Авторы:
2007-01-29

 

2007-01-29
Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
28 қаңтар ұлтымыздың рухани көсемінің туған күні

Ол отаршылықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын осы жолға арнады. Қуғын-сүргінге түсті - мұқалмады; түрмеге қамалды – жасып, жұқармады. Мұғалім болып, бала оқытып, жас ұрпақтың көзін ашты; газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятып, замана аңғарын түсіндірді; өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты, түрлі қызмет істеп, үлгі - өнегеге көрсетті, Ол өзі атқарған үлкенді –кішілі қызметті де, сабақ берген мектепті де, мақаласы мен өлеңдерін шығарған баспа орындарын да – бәр-бәрін халқына қалтқысыз қызмет етудегі өз идеясын, өз саясатын жүзеге асырудың құралы етті

 

БАРЫН ХАЛҚЫНА БЕРГЕН ЖАН

Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы марапат сөзден кенде емес. Есімі ақталғалы оның атына айтылып жатқан қошемет лебіз көлкөсір. Бұл да жөн шығар. Тірлігінде қысастықты көп көріп, қиянат сөзді көп естіп, саясат зәбірін көп тартқан кісінің аруағынан ғафуланып, ұлтының бүгінгі буынына рухын табыстырып, келешек ұрпағына рухани мұрасын өсиеттеуде ел зиялыларының, билікті кісілердің пенделіктен арылған ғаділ пікірлері керек-ақ. Ахаң негіздеген әліпби арқасында қара танып, ғылымның сан саласын игеріп, дүниедегі ең сауатты ұлттар санатына қосылып отырғанымызбен, жұртымыздың бәрін бірдей зерделі дей алмайтынымыз да шындық. "Айтпасаң — білмейтін, ашпасаң — көрмейтіндер" аз емес.

Әсіресе, бұл жағдай қалың бұқарадан гөрі, қолында билік-жарлығы мен байлығы бар кісілер арасында дендеу. Олардың бірі — "билігім бар, қайтемін" десе, енді бірі — "байлығым бар, қайтемін" деген пенделіктен көтеріліп, ұлттың мұратты істеріне бойсалып қарай қоймайды.

Дегенмен, текті жұртымыздың канындағы қасиет тұнып қалмайды, қай тұста, қай істе болсын, күнделікті күйбеңге малтығып қалмай, сергек ойлы азаматтар, елдікті, келешекті кең ойлайтын кісілер де, сирек те болса, шығып тұрады. Қазақтың қазақ болып, ел болып, жұрт болып кележатқандығы да сондай тұлғалардың арқасы. Бүгінде Ахаңның аты аталып, әржер-әржерде әлдебір шаралардың өтіп жатуы да парызды білетін көшелі кісілердің барлығы болса керек.

Бүгініміз — өткенге борышты, келешектің негізі болмақ. Елдігіміздің тағдыры бүгінде, яғни салмақ та бүгіннің міндетін атқарып жатқан буынға, соларға көшбасшы азаматтарға түседі. Еліне, ұлтына адал қызмет еткен ер болса, халық көрмей-білмей қалмайды, небір қиямет-қайым замандардан кейін де еске алып, есіркейді. Сондай тұлғаның бірі - Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы.

Мезгіл-мезгіл атын атап, дабырласып жататынымыз да содан, ұлтына айырықша еңбегі болғандығында. Алайда, үлкенді-кішілі билік ара-тұра делбе қаққан сәтте бір жамырай сөйлеп, өзіміз бір мерейленіп қалғанымыз болмаса, Ахаң аруағы риза болғандай іс тындырдық дей алмаймыз-ау осы. Марапат сөзден не пайда нақты бір іс тынбаса. Небір керемет сөздерді естіп, жүрек елжірегенімен де, іске келгенде көңіл қоңылтақсып-ақ қалады.

Ахаң — қазақ ғылымының бастауында тұрған адам. Тіл, әдебиет, тарих, өнер, экономика, саясаттану ғылымдарының негізі Ахаң еңбектерінен бастау алады. Ұлттық білім беру ісінің жүйелі жолға түсуі, оның оқулықтары мен әдістемеліктерінің жасалуы, қазақ ұстаздық мектебінің қалыптасуы, оның жаппай халық ағарту ісіне ұласып, мұғалімнің ел ішіндегі тұлғаға айналуы — Ахаң жасаған өнегеден өрістейді.

Ақын, қазақ мысалының негізін салушы, аудармашы, көсемсөзші, кәсіби жорналшылықтың, баспагерліктің, бұларды ұлт мүддесіне, тек қана ұлт мүддесіне орайлы пайдаланудың өнегесін танытқан да Ахаң. Жалпы бойға біткен қабілетті баспайдаға емес, халыққа арнау үлгісін көрсеткен де Ахаң. Халықтың үлы болған, құлы болған Ахаң еңбегімен елге танылып ұлы болған.

ХІХ-ХХ ғасырды қазақгың жаңа мәдениетке бетбұрған кезеңі десек, сол тұста ұлт ұстыны болған үш тұлға ерекше көрінеді. Олар — Абай, Ахмет, Мұхтар. Қазақ өлеңі мен пәлсапасының асқары — Абай болса, сол дананы "Қазақтың бас ақыны" деп исі казаққа таныстырып, насихаттаған Ахаң еді. Ахаңа "ұлт көсемі" деген бағаны берген Мұхтар Әуезов-ті. Сол екі тұлғаны таныған Мұхаңның өзі әлем әдебиетінің таңдаулы жүз томдық қорына екі том берген, қазақ қарасөзінің шыңына көтерілген тұлға болды. Бұл ұлт руханиятының үш алыбы ешкімнің бақ-дәулеті мен дәрежесіне көлеңкесін түсіріп, кедергі-кесел болмақ емес. Бұлар ұлт мақтаныштары, халықгың рухани сусындап, ақыл-ойда қаратұтарлары.

Бұларға тарындық болса — ұлттығымызға сын, азаматқа мін. Ахаң — күрескер болды, қолына "Қазақ" атты газеттей қару ұстап, қазақтың азаттығы жолында табандылықпен майдандасты. "Қазақ" газеті — ұлттың өз билігі ыдырап, жері бөлшектеніп, діні, тілі, діліне қатер төнген шақта ұлттың рухани бірлігін сақтауда, қазақты мүлгітпей, сергітуде зор қызмет атқарды, ұлтқа ес болды. Төңірегіне ұлт зиялыларын топтастыра отырып, ыдырап бара жатқан ұлттың бүтіндігіне жету жолын іздеді. Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш Орда үкіметі дүниеге келді.

Қазақ - ел, ұлт деген ұғым танытылды. Соның арқасында қазақ қазан төңкерісінен кейін орнаған Кеңес одағында әуелі автономия, одан кейін Одақтас республика мәртебесіне ие болды. Осы жағдай КСРО ыдырағанда біздің тәуелсіздік алып шығуымызға жеткізді. Қазақ үшін бүкіл ақыл-ой, қабілетін берген, тіпті жанын да қиған Ахаңның өз басына істеген еш пайдасы жоқ, көрген бір рахаты да болмаған. Ең болмаса өзінікі деген қабірі де жоқ, көп сүйектің арасында саудырауда. Жарық дүниедегі соңғы мекені болған Алматы қаласында тұрған үйінің сақталып, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі аталып келгенімен, көп жылдар бойы мәртебесі мен қаржыландырылуы шешілмей, құр тұрғаны болмаса, Ахметтану ісіне еш үлес қоса алмай келді.

Ал биыл Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырзаның тікелей қолдауымен үй жөнделіп, жаңадан жабдықталып, директор тағайындалып, ғылыми кеңес құрылып, Ахаң күндері өткізілді. Мұражай-үй жұмысының жандануына ахметтанушы Райхан Имаханбетованың директорлыққа тағайындалуы, Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры, ақын Серік Тұрғынбекұлының, академик Тұрсынбек Кәкішевтің, белгілі тележорналшы Қайнар Олжайдың қозғау салулары, "Ана тілі", "Алматы ақшамы", "Егемен Қазақстан" газеттері мен "Қазақстан", "31" телеарналардың арнайы мәселе көтерулері игі ықпалын тигізді.

Жұмыс жанданды, бірақ әлі түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Мұражай-үйдің кімге қарап, тұрақты қаржыландыру көзі қайдан болары мәлімсіз. Бұл мәселе, негізгі түйін шешілмейінше мұражай-үйдің тұрақты жұмыс істеуі, әсіресе ғылыми жұмыспен айналысуы мүмкін емес. Мұражай-үйге ғылыми қызметкерлер тартуға, ғылыми іссапарларға қаражат жоқ. Мені Білім және ғылым министрлігінің және оған қарасты, Ахаң атын иемденіп отырған Тіл білімі институтының бейқамдығы таңырқатады. Мәселенің шешу жолын іздеп, ұсыныс-ынта білдіретін орындар осылар емес пе?

Мұражай-үйді Тіл білімі институтының Ахметтануға арналған ғылыми орталығына айналдыруға болмас па? Ақша жоқ дейтін заман емес, ықылас болса деңіз. Тіл білімі институты басында тендер бойынша алған Ахмет Байтұрсынүлының 5 томдығын шығаруды да ұқсата алмады. Қазір оны М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ҚР Ұлттық кітапханамен бірлесіп "Алаш мұрасы" бағдарламасымен шығаруда. Неше жыл болды, әлі үшінші кітабы ғана шықты.

Аз таралымда, ортақол қағаз, мұқабада жүдеу шығуда. Ахаң еңбектері толық жинақталған жоқ. Зерттеу жұмысы жоқ десе де болады. Кітаптары, әйтеуір қолда барымен ғана, ізденіссіз шығарылуда. Үлкен қателік — төте жазудан қазіргі таңбаға түсірілгенде, Ахаңның өз сөз қолданыстарының бүгінгі қалыпқа салынуы. Тіл ғылымы тұрғысында, сөз қолданыстың даму сатыларын зерттеуде, бұл істің ерекше маңызды екені мәлім. Жазба күйде сақталған сөздің ешбір әрібі, ешқандай тыныс белгісі өзгертілмеуі тиіс.

Сауатты адам өзі-ақ ажыратады немесе кітап соңында арнайы талдамада түсінік жасаса да болады. "Жалғау — бұл жерде "қосымша" деп ұққан жөн. Себебі, жұрнақ пен жалғау екі түрлі екендігі бізге мәлім (Құрастырушы), "ішкергі жалғау — "жұрнақ" деген атауға ие (Құрастырушы)" дегендей (3 т., 31, 32 беттер) ескертпелер жасау орынсыз, Оның бәрі бізден бұрын Ахаңа мәлім болған, оларды алғаш ашып, тіл ғылымының атауларына айналдырған Ахаң. Кей-бір ғылыми атақты кісілердің Ахаң кітаптарына алғысөз, түсінік жазғандарында кандидаттық қорғап жатқан адамға айтқандай сөйлейтіндері бар.

Қазақ тілі ғылымында Ахаңнан кейін жаңадан бірдеңе тауып, жаңалық аштым дейтін адам жоқ шығар деймін. Ахмет Байтұрсынұлын "қазақ жазуының реформаторы" деп емес, Қазақ әліпбиінің атасы, Қазақ тілі әліппесінің, қазақ тіл ғылымының, түркі тілтану ғылымының атасы деп білуіміз керек. Өйткені, кезінде ол кісіні солай деп танып, мойындағанды. Ахаң әліпбиін тек араб таңбалы төтеншемен шектеу дұрыс емес. Бүгінгі қазақ әліпбиі де сол Ахаң негіздеген әліпби.

Сол Ахаң анықтаған дыбыстар, Ахаң атаған әріп атаулары, Ахаң қиыстырған жазу үлгісі, ереже, еміле, атаулар. Таңба өзгерісі — әліпби өзгерісі емес, әліпби тегі — дыбыс. Оны анықтап-танықтаған, заңдылықтарын ашып, ережелеп-ежіктеген Ахаң. Славяндар өз жазуларына негіз болған алфавиттің алғашқы жобасын ғана жасаған, содан басқа ғылымға қосқан ештеңелері жоқ Кирилл мен Мефодийге зор ескерткіш қойып, өнердің бар саласында бейнелеп, қасиетті тұлғалар санатына қосты.

Шіркеулері дұғаларына қосып тұрады. Ал бізде есімі исі түркі әлеміне мәлім болған, ұлт ұстазы атанған Ахмет есімін бүгінгі буынымыз бірі білсе, бірі білмейді, ал жас ұрпақтың дені білмейді.
Алматы қаласында Ахаң күндері өтіп жатқанда мұндағы мектептердің көбінде сөз де болған жоқ. Республикалық білім күнінде ұстаз аты аталмайды да. В.Храпунов тұсында Байтұрсынұлы және Сәтбаев көшелерінің қиылысында Ахмет Байтұрсынұлына еңселі ескерткіш қойылады деген сөз бірнеше рет айтылды, өз аузынан да естідік.

Сол калпы ұмыт болды. Елімізде жылда тіл мерекесі өтеді. Соларда ұлттық тіл ғылымының атасына арналған бір шара да қарастырылмайды, аты да аталмайды. Қазақша енді былдырлай бастаған Сидор, Юсуп, Шмид, Тахирлер дәріптеледі. Астана Ахаңды әлі мойындаған емес, ешбір шара өткізбей келеді. Астана әкімі Өмірзақ Шүкеев мырза кезінде Қостанай облысында университет ректоры, академик марқұм Зұлқайнар Алдамжаровтың бастамаларына қолдау жасай отырып, ел риза болған көп игі іс жасаған еді.

Қазақтың мемлекеттігін қайта алғандағы тұңғыш астанасы Орынборда ұлт көсемі, ұлт ұстазы атанған Ахаң бүгінгі тәуелсіз Астанасында да құрметтелсеші. Ахаңның бар жазығы — кедейлігі, дүние ұстап тұрған ешкімі жоқ. Үкімет қозғалмайды, артылып қалған ақшасын не істерін білмей әуре. Содан осындай ұлы тұлғаның аруағы риза болсын деп бірдеңе бөле қойса ғой, шіркін-ай! Е, оны білетін кісі қайда?

Алматы қаласы.

«Ана тілі» газеті, №38 (823), 21.09.2006ж.
Авторы:
2006-09-25

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz