М Е К Т Е П   Т Ү Л Е К Т Е Р І  -  Е Л   М А Қ Т А Н Ы Ш Ы

 

Бексарыұлы  Мұратбек

1942 жылы Қармақшы ауданына қарасты Қызылтам станциясына жақын орналасқан «Алтын қожа»  (бұрынғы 1-Май колхозы) мешітінің жанында өмірге келген.

1949 жылы «Белсенді» колхозындағы бастауыш мектепке барады, оқуды 1950 жылы Қаракеткен станциясындағы Ж.Жабаев атындағы жетіжылдық мектепте жалғастырып, оны 1956 жылы үздік бағамен аяқтайды. Коммунизм совхозындағы «Иіркөл» орта мектебін 1959 жылы бітіреді. 1965 жылы Қызылорда пединститутын математика және физика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген соң, ол институт жолдамасымен Көкшетау облысының Щучинск қаласындағы №114 қазақ мектеп-интернатында мамандығы бойынша жұмысқа кіріседі. Сол жерден оны Ленинград әскери округына әскери борышын өтеуге шақырып, соңынан Павловск қаласында екі айлық офицерлік курсты бітіріп, елге оралады.

1966-67 оқу жылы Жалағаш ауданының «XXI партсьезд» совхозындағы сегізжылдық мектепте, 1967-72 жылдары «Коммунизм» совхозындағы орта мектепте мұғалім, 1969 жылдан бастап кластан және мектептен тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушы болып жұмыс істейді.

1972-74 жылдары Жалағаш аудандық халық ағарту бөлімінің бас инспекторы, бір жылдай аудандық СПТУ-150 училищесінде мұғалім болып қызмет атқарады.

1975 жылдан 1982 жылға дейін Қаракеткен ауылдық кеңесі атқару комитетіне төрағалық жасады. 1979 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық кеңес облыстық партия, кеңес атқару комитеттері мен кәсіподақтарының Ауыспалы Қызыл Туына ие болады.

1982 жылдан зейнетке шыққанға дейін (2005) №114 орта мектепте әскери жетекші, математика мен информатика пәні мұғалімі, мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарды.

Ол Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері (1985), жоғары санатты мұғалім (1992) және Ы.Алтынсарин белгісінің (2007) иегері. Оған қоса облыстық, аудандық деңгейдегі көптеген Грамота, Дипломдармен марапатталған.

Оның «Геометриядан есеп шығарып үйрен», «Паскаль-бағдарламалау тілі» деген аударма оқулықтары және жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдерге арналған бірнеше әдістемелік жинақтары облыстық білім жетілдіру институты арқылы жарық көрген.

 

 

 

 

 

 

 

 



Hosted by uCoz