Д е р е к т е р  

Б а т ы р л а р

 

Қос жұлдызды омарташы     Айқын, 11.07.2007



Аты аңызға айналған Талғат Бигелдиновке «Халық Қаhарманы» атағын неге қимай жүрміз?

 «Бұрынғы Кеңес Одағының кеңістігінде «қос жұлдызды» Батырдың жарық дүниеде қалғаны – бес-ақ адам. Сол бесеудің үшеуі жүре алмай, төсек тартып қалыпты» дегенді естігелі де екі жылдың жүзі болыпты.
Іргедегі өзбек халқының қазақтың тағы бір қайсар, Батыр перзенті Кеңес Одағының Батыры, генерал Рахимовты қалай «өзбек» етіп ұзақ жыл «меншіктеп» алғанын білесіздер. Сол Рахимовқа Ташкент қаласында айбынды ескерткіш тұрғызды өзбек халқы. Қаншама елді мекен, көше, метро стансасы... сол Рахимовтың атымен аталады. Рахимовты «ағайыншылық жасап» ұзақ жыл өзбек өз батырым десе де, өзбек халқына рақмет. Батырды бағалай білетін ел осындай болар. Біз ше? Батырын бағалай білетін елміз бе, осы?!
«Ері даңқты болса,
Елі даңқты болса,
Аруағы артып жүреді,
Жауы аяғын тартып жүреді» дейді халық даналығы. Сондай даңқты батырдың бірі де бірегейі – Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған Талғат Бигелдинов. «Ердің ері – Талғат қой» деп бір кездері Бауыржан Момышұлы да айтып кеткен екен. Тектіні – текті таниды. Батырды батыр мойындайды. «Нағыз батыр – Талғат Бигелдинов. «Халық Қаһарманы» атағын менен бұрын Талғатқа беру керек еді», – деген болатын батыр Қасым Қайсенов ағамыздың өзі көзі тірісінде. Батырды батырдың мойындауының бұдан асқан қандай үлгісі керек?!
Мұз жастанып, қан жұтқан Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдиновтің ерлігіне алпауыт империяның генералдары таңдай қақты. Мықтыны мойындағысы келмейтін, өзге ұлт перзентімен жүре сөйлесетін империя – қыран қазақтың ерлігін мойындады.
Талғат Бигелдинов – 108 ұшақты атып түсірген немістің асқан шебер истребитель ұшқышымен айқасқа түсіп, мерт қылған батыр. Бауырына бомбалар толтырған ауыр, икемсіз штурмовиктің құйылып та, шүйіліп те ұратын, шабуылға арналған, құйындай жүйткіген истребительмен айқасып, жеңіп шығуы – авиация тарихында болмаған оқиға еді. Батыр Талғат – алапат шайқас кезінде ең озық әскери техникамен қорғанған Берлин үстінен 200-300 метр биіктікте ұшып өтіп, суретке түсіріп, аса қауіпті, аса жауапты тапсырманы мүлтіксіз орындап қайтқан жалғыз ұшқыш. Батыр ағамыз – оқ жауып, қан бүріккен соғыста арнайы тапсырмамен әуеге 305 рет көтеріліп, сансыз жау техникасын жойған ержүрек ұшқыш. Талғат Бигелдинов – Жеңіс парадында 1-Украин майданы батырларының қатарында болған қос жұлдызды жалғыз қазақ.
Талғат Бигелдинов соғыстан кейін «Қызыл Ту» орденді әскери Әуе академиясын бітірді. Полк командирінің ұшқыштар әзірлеу жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Қаншама жас ұшқыштарды тәрбиеледі.1957 жылы әскери қызметтен біржола босап, Азаматтық әуе флотының Қазақстандағы басқарма бастығының орынбасары қызметіне кірісті. Он жылдан астам Азаматтық авиация басқармасы бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Сол жылдары Алматы әуежайын салуға тікелей басшылық жасады. Жамбыл, Шымкент қалаларында үлкен ұшақтар қабылдайтын әуежайлар салуға тікелей еңбегі сіңді. Азаматтық мамандықты меңгеру мақсатымен инженерлік-құрылыс институтын да бітіріп алды.
Сұңқар қиясын сағынады... Сұңқар Талғат 85 деген ызғары басым жасқа келді. Талғат аға қазір омарташы. Жаз бойы тау қойнауларында осы бір сүйікті ісін ермек етеді. Бейкүнә, еңбекқор, адал бал араларымен ғана «сырласады». Мынау бес күндік жалғанның у-дуынан бойын аулақ салғаны да. Ешкімге бармай, ешкімнен ештеңе сұрамай, ешкімге мұңын шақпай, ғұмыр кешіп жатыр. Неге? Жаратылысы солай. Баладай ақ көңіл, сенгіш, қарапайым. Талғат Бигелдиновтей батырлар көп пе, аз ба?
Бізде «Халық Қаhарманы» деген үлкен атақ бар. Осы атаққа бірден-бір лайықты адам – Талғат Бигелдинов. Бұл атақты ағамызға баяғыда-ақ беруіміз керек еді. Бигелдинов – халықтың жүрегіндегі адам. Бірақ қарапайым көптің қолында билік жоқ. Ал ауыр емен есіктің арғы жағында отырған, қолында билігі бар адамдар Бигелдиновті қазір іздеулері керек. Жақсылықты адамның көзі тірісінде жасағанға не жетсін! Әйтпесе қазақтың бір жаман әдеті бар. Үнемі кешігіп жүреді... «Ер қадірін білмеген – ел қадірін білмейді» деген сөз басқа емес, қазақтың сөзі.

Зейнел Жекейұлы,
журналист

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz