Д е р е к т е р  

Қ а з а қ   м а т е м а т и к т е р і

 

«Қазақ басылымдарының тарихы топтамасы» атты айдарда өзім тұратын көшемнің аты «Ермеков» және оның кім екенін білмейтін адамдардың бар екені жайлы жазғанмын, енді тақырыпты сәл толықтырғым келеді. Тұңғыш қазақ математигі жайында мағлұматты ұлттық апталық «Жас қазақ» газетінің 26 қыркүйекте шыққан № 38 алған едім.

Алашорда үкіметінің вице-премьері, ғалым, математика профессоры Әлімхан Ермековтің «Мен Ленинмен неге сөз жарыстырдым?» атты естелігіне үңілейік: «Қырғыз (қазақ) әскери-революциялық комитетінің 1920 жылы 18 мамырдағы қаулысы бойынша жаңадан құрылмақшы Қазақ Автономиялы республикасы Қырғыз(қазақ) өлкесінің жалпы жағдайы және оның шекара мәселесі жөнінде баяндама жасау үшін 2043 санды мандатпен мені Мәскеуге жіберді. Қырғыз әскери ревкомының Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті жанындағы өкілділігі алқасының төрағасы болып бекітіліп, одан кейін БОАК Президиумының қаулысымен Қырғыз әскери ревкомы мүшелігінің құрамына енгізілдім. Мәскеуде жұмыс істеген 4 айдай уақыт ішінде В.И.Лениннің төрағалығымен өткен комиссияның мәжілісінде Қазақстанның жағдайы жөнінде баяндамада Каспий теңізінің солтүстік жағалауын Астрахан облысынан алып, біздің республиканың шекарасына қосу туралы ұсыныс жасадым. Менің бұл ұсынысыма мәжіліске қатысушылар үзілді-кесілді қарсы шықты. Ленин Астрахан губерниялық атқару комитеті төрағасының теңіз жағалауында тұратын қазақ, орыс халықтарының ара салмағы туралы сұрады. Ақыры, жағалаудағы алқап Астрахан губерниясының иелігінен алынып, Қазақ автономиялы республикасының қарамағына берілетін болып, көпшілік дауыспен қабылданды». 

қайраткердің биографиясын мына жерден оқи аласыздар

Әлімхан Ермеков — Алаш қозғалы­сы­ның жас та, алғыр, іскер қай­рат­кері. Алашорда үкіметінің мү­шесі, табиғатынан зерек тұлға, математика ғылымдарынан тұң­ғыш қазақ профессоры.

1896 жылы 25 мамырда Семей облысы, Қарқаралы уезі, Темірші болысының № 1 ауылында дәулетті отбасында туған. Әкесі Әбеу Темірші болысы болған. Жергілікті патша әкімшіліктерінен талай мақтау алып, шекпен де киген.

Бала Әлімхан алғашында Қар­қара­лыдағы училищеде оқып, 1905 жылы Семей ерлер гимназиясына түсіп, 1912 жылы алтын медальмен бітіріп шығады.

Гимназия бітірген соң, аса зерек балалар оқитын Томск технология институтына оқуға 1912 жылы түседі. 1913/14 оқу жыл­дары ол қан аздығы мен созылмалы брон­хымен ауырып, оқи алмаған сияқты. Ол ту­ралы дәрігерлік анықтама да сақталынған. Сондықтан да ол 1917 жылдары 5-курсты кешігіп оқып, аласапыран басталып, оқуын дер кезінде бітіруге мүм­кіндік болмайды. Тек 1920 жылы Халық ағарту комиссары А.Бай­тұр­сыновтың арнайы мандатымен Томдағы оқуын жалғастырып, бітіріп шығады.

Патша өкіметі құлатылғаннан кейін елдегі қалыптасқан жағдай­ды айқындап, алда не істеу керек­тігін шешіп алу үшін жер-жерде қазақ съездері ашылып жатты. Ә.Ермеков, алғаш рет саяси іске алаш қозғалысына, 1917 жылы 27 сәуір, 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезіне қатысады. Онда ол басқа да адам­дармен бірге съезд президиумының хатшы­лығына, онан кейін съезд шешімімен Семей облыстық қазақ комитетінің мүшелігіне сайлана­ды.

Әмбе ол, қазақтар жағынан Халел Ғаб­басов екеуі Семей об­лыстық атқару коми­тетінің төр­ағасының орынбасары болады.

Шілде айындағы жалпықа­зақ­тық съезде Семей облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналы­сына депутаттыққа ұсынылады.

1917 жылы 8-17 қазанда 1-Сібір облыс­тық съезіне, делегаттар жиналысы атынан қатысады да, оның президиумына Семей об­лы­сы­нан кіреді. Съезде Сібір авто­но­миясының негізгі заңын жаза­тын комитет құрылып, оған қазақ делегаттары Ә.Ерме­ковті кіргізеді.

Міне, алаш жолындағы көпте­ген саяси істерге қатысып, шың­далған Әлімханды «Қазақ» газеті «Технологический институт­қа асқан зеректер ғана түседі. Әлім­хан білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі жас азамат», — деп сипат­тайды. Осындай жан-жақты дарын иесі жас сұңқардың желтоқсанда өткен жалпы қазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтуі таңғажайып емес еді. Әмбе ол, «Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің мүшесі де болатын.

Әлихан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі — Қазақ автономиясы шегарасының біртұтастығын жан­қиярлықпен қорғауы. Осы орайда ол 1920 жылы 17 тамызда В.И.Ле­нин­нің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық ко­миссарлары кеңесінің мәжілі­сінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы Ә.Ермеков баян­дама жасайды. Онда ол жер, Қа­зақ­станның шегарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлел­дер­мен қорғап шығады. Окупанттар өз кінәсін мойындап, нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Кас­пийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақы­рымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақы­рым­дық ұлан-ғайыр жер Лениннің ті­келей қолдауымен Қазақ еліне қайта­рылады.

Қазақ автономиясын құруда Ә.Ерме­ков­тің өлшеусіз еңбегін зерделей отырып, онан кейінгі жасампаздық жолдары Қазақ елінің шаруашылық жайын қа­лыптастырып, нығайтуға халықты ағарту сияқты нақты істерге бағыт­талғандығына көз жеткіземіз. Қарқаралыда мектеп ашады, Таш­кент пен Алматыдағы жоғары оқу орындарында ма­тематикадан дәріс оқиды. «Ұлы математика курсы» 1-бөлім (1935), «қазақ тілінің мате­матика терминдері» (1936) атты оқулық, кітаптарды жарыққа шы­ғарады. Қазақ арасынан тұңғыш математика ғылымының профес­соры атағын алады. Сонымен бірге нағыз білім мен біліктілікті қажет ететін сала — Халық шаруашылығын жоспарлау коми­тетінде және басқа да жауапты қызметтерде болады. 1929-1930 жылдары бір топ қазақ зия­лылары абақтыға алы­нып, тергеуге түскенде, Ә.Ер­ме­ковті де түрмеге қоса қамайды. Алаш ісінің мүлдем құртылып, ұрпақтық сабақ­тастық үзіліп қал­мау және ұлт зиялылары бола­шақ­ты ойлап, Алаштың жас түлек да­рындары М.Әуезов пен Ә.Ерме­ковті сақтап қалу мақсатында олар, «кінә­ларын мойын­дап» сол жолы бостандыққа шығады.

Алайда 1937 жылғы қара бұлт Ә.Ер­мековтің басына тағы да үйіріліп, 1939 жылы сотталып, 1947 жылға дейін түрмеде отырып шығады. Түрмеден шыққаннан кейін жа­ламен қайта ұсталып, 1958 жылы босайды. 1957 жылы 26 қарашада толық ақталып, 1970 жылы қайтыс болады.

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz