Е Л   А Ғ А Л А Р Ы

 

Жалтынов Далдабай

(1913-1978)

1913 жылы қазіргі Сырдария(бұрынғы Тереңөзек) ауданының қазіргі Қалжан-ахун ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген.

Алғашында ауыл молдасынан, кейін бастауыш мектептен білім алады.

Еңбек жолын тым ерте, яғни кәмелетке толмай бастаған ол, 1932 жылы басшы қызметке жоғарылатылады. Екі жыл бойы Сұлутөбе қамыс зауытын басқарып, содан соң осындағы МТС-тің кәсіподақ комитетіне жетекшілік етеді. Өндірістен қол үзбей жүріп, механизаторлық мамандықты игереді. Облыстық есеп-санақ басқармасының бастығы болып істеп жүрген жерінен 1939 жылы күзде Қаракеткен МТС-нің директоры болып тағайындалады. Бұл кісі ел өміріндегі ауыр кезеңде МТС-ке қарасты бүкіл шаруашылықтарды техника күшімен қамтамасыз етуді ұтымды ұйымдастырады. Соғыстың соңғы жылдары Тереңөзек аудандық жер бөліміне(Райзо), осы аудандағы Чапаев(қазіргі Қалжан ахун ауылы) колхозына басшылық етеді.

50-жылдардың басында ол аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кейін аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істейді. Ол кезде техника тілін білетін білікті мамандар жетіспеуіне байланысты ол өзі сұранып Мәдениет МТС-ін басқаруға барады. Оны қатарға қосқан соң Жамбыл атындағы колхозды басқарып, оны да алға шығарады.

1960-жылдың аяқ кезінде Жалағаш қой совхозына басшылыққа келіп, оны қашан зейнеткерлікке шыққанша басқарады. Өзінің бүкіл күш-жігері мен ұйымдастырушылық қабілетін осы шаруашылықты көтеруге жұмсайды. Соның арқасында осы жылдары совхозда қой саны 40 мыңға жетіп, оның экономикалық жағдайы жақсарады. Ауыл адамдары ұзақ жылдар ел басқарып, совхозды алдыңғы қатарға шығарған, халықтың нағыз қамқоры бола білген атпал азаматты барынша құрмет тұтады. Қазір сол ауыл осы кісінің құрметіне «Далдабай» ауылы деп аталады.

Ол кісінің қосағы Бибіажар екеуінен қалған Зәуреш атты қызы ұстаздық етеді.

Дәкең айтып еді деген қазақы қалжыңдарды әлі күнге дейін ел арасынан естуге  болады. Солардың бір парасы жазушы А.Жанаевтың «Алмас тілді ағалар» деген кітапта(2006) жарық көрген.

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz