Е Л   А Ғ А Л А Р Ы

 

Жораев Қали

Ол 1900 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылдық кеңесіне қарасты бұрынғы «Белсенді» (қазір Шәменов ауылы) колхозында туған.

Есейген соң 1918-25 жылдарда Ақтөбе қаласының маңындағы поселкеде шаруаның малын бағады. 1925-28 жылдар аралығында теміржолда жұмысшы болып істейді. 1929 жылы «Белсенді» колхозын ұйымдастырып, оның төрағалығын 1932 жылға дейін атқарады. 1932-34 жылдары Қармақшы ауданының Қашқансу ауылдық кеңесінің төрағасы, ал 1934-36 жылдары «Игілік» балық колхозында жұмысшы болып істейді.

1937 жылдан 1942 жылға дейін Қаракеткен ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Ол кісі туралы елдің айтулы азаматы Жайық Есіркепұлы өзінің «Өмір өткелдері» деген кітабында: «...Жораев Қали сауаты жоқ, бірақ қатарынан пысық адам. ... Қалекең ақырғаны болмаса титтей де зілі жоқ, таза, ақкөңіл, коммунист, жомарт  адам-тын. Қоғамдық мүлікке адал, содан да әңгіме-шудан да қағаберіс жүрді»,-деп жазады.

Қалекең 1944-46 жылдарда «1-Май» ауылдық кеңесінде, 1946-48 жылдар аралығында «Ақсу» ауылдық кеңесінде төрағалық жасайды. Ал 1948-50 жылдары «Ұмтыл» колхозында төраға, 1951-52 жылдары қамыс зауытының меңгерушісі, 1952 жылдан кейін «Жалағаш» қой совхозының ферма меңгерушісі болып ел экономикасын көтеруге атсалысқан нағыз шаруашылық ұйымдастырушысы болды.

Ол кісі республиканың ауылшаруашылығын дамытуға қосқан еңбегі үшін Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz