Д е р е к т е р 

Б а т ы р л а р

 

Ерасылдай –Ер қайда!

Ерасылдың /Қабанбайдың/ әкесі Қожағұл...сонау Жалаңтөс баһадүр /1576-1656 ж./ дәуіріндегі, аса көрнекті де, аты әйгілі батырлардың бірі болған. Осы кезеңдерде үш аймақтың немесе үш жүздің баласы алты ай жаз жайлауларға іргелес қонып, әдейі алыс-беріс үшін той-томалақ жасап, тұманың бастау көзіндей бұрқылдай қайнап, араласып та, қораласып та жататын қалың елдің ертеден бергі әдеттері болатын. Міне, осындай дәстүрлердің әсерінен болар ұлан-ғайыр жерді мекен еткен, қазақ халқының тілінде ешқандай да диалектикалық айырмашылықтар жоқ десе де болады.

Қожағұл батырдың бір әйелінен туған Есенбей мен Ерасыл жігерлі де алғыр қырандай боп, тетелесе ержетіп келе жатқан. Кейінірек "Қабанбай" деп аталғанымен, оның азан шақырып қойған есімі – Ерасыл еді. Ерасыл өзінің мазмұнға бай ұзақ өмірінің әр кезеңдерінде әртүрлі есімдермен аталынып отырған. Оның бала кезінде дене бітімінің ерекше тұлғалылығынан жеңгелері Нар-бала деп те атаған. Өйткені, ,ол он үш жасар кездерінде үйретіп мінген тайлары, тіпті мөңкімек түгіл, қайқаң қағып, қайысқан күйі тәлтіректей теңселіп әзер көтеретін көрінеді. Ерасылдың аяқтары, мініп келе жатқан тайының еңселілігіне қарамай, жер сызып отырады екен.

Оның бидай өңді нұрлы жүзіне қыр мұрыны мен тұңғиық жанарлары соншама жарасымдылық берсе, жазық маңдайының ортасына біткен "қоян тобық" нысанасы ерекше қайрат пен жігердің белгісіндей әсер етуші еді. Халық арасында кең таралып кеткен "оның маңдайындағы қоян тобық нысанасы қас батырдың белгісі еді" деп жыр ғып айтатын аңыздары неше алуан мазмұнмен байытылып, құбылып та айтылатын.
Ерасыл әкесінен жеті жасында жетім қалады. Бірақ Қожағұлдың елі мен жұртына сіңірген еңбегі оның балаларына жетімдіктің тақсыреттерін тарттырмайды.

Бұл шаңырақ бұрынғысынша аса сыйлы қадір-қасиетімен беделді күйі қала береді. Оның үстіне Қожағұлдың балалары да сайыпқырандай ерте есейіп, ел алдындағы өздерінің кісіліктерін айқындай түседі. Ерасылдың туған жылы – Жылқы немесе 1691 жылы туып, жетпіс сегіз жасында қазақтың атажауы жоңғарларды /1757 ж./ жер жастандырып, онан кейінде он шақты жылдай ел өмірін көзімен көріп, иісі қазақтың тұтастығына жан аямай қызмет етумен, даналық пен парасаттың үлгісіндей боп 1769 жылы дүние салады.

Ерасылдың алғашқы ерлігі 1704 жылы, он үш жасқа толар-толмас кезінде-ақ басталады. Өзінен үш-төрт жастай үлкен бірге туған ағасы Есенбай бір күні жайылымда жатқан жылқыларын түгендей қараса, жартысынан жуығы жоқ екенін бірден аңғарады. Ол дереу айнала шауып із шала бастайды. Әлден уақытта қуғынға түскен жылқылардың ізі алдында жатқан таудан асып, Қалмақ жеріне қарай бет түзегенін көреді.

Кідірместен қалың жылқының ізімен жылқы алушылардың соңына түседі. Жылқысын жау айдап бара жатқанын түсінген Есенбай көз жазып қалмас үшін алыстан шолып, айдауға түскен жылқысының артынан ере береді. Оның жау соңынан өкшелеп қалмауының негізгі бір себебі қараңғы түсісімен түн жастанып, өзінің ең сүйікті аты "бәйге құласын" алып қалу мақсаты еді. Бірақ ол қаншалықты сақтықпен бой тасаласа-дағы арттарынан қалмай келе жатқан жалғыз аттыны жау жағы байқаған болатын.

Осы топтың ішінде атағы жаңа шыға бастаған қалмақтың садақ тартқыш мергені, арындап жүрген Арсылан батыр да бар-ды. Күн еңкейіп кіші бесін бола берген кезде Арсылан қайрыла беріп аттарынан қалмай келе жатқан жалғыз аттыны садағының ұшына алған бойы шірене тарта атып түсіреді. Сол сәтте-ақ ат үстінен ауып құлаған Есенбай қалып қояды да, үріккен ат желіккен күйі жау әкетіп бара жатқан жылқылармен араласып кетеді...

Күн кешкіре бастағаннан-ақ үйде қалған Ерасылдың мазасы кете бастайды. Өйткені ол Есенбайдың жоқ іздеуге кеткеннін жақсы білетін. Бұдан әрі күтуге шыдамы жетпеген Ерасыл кермеде тұрған атына қарғып мінген күйі ағасының артынан іздеуге шығады. Ерасыл да күн жарықта жөңкілте қуған көп жылқының ізіне түсіп келе жатса, оның құлағына әлдеқайдан "тоқта-тоқта" деп ыңырсыған дауыс шалынады.

Ерасыл тебіне түсіп жеткен бойы қанға батып жатқан Есенбайды көреді. Ат үстінен ыршып түскен ол бірден Есенбайдың бүйірінде қадалып тұрған садақтың оғын жұла тартып суырып алады. Оққа қана сүйеніп қансырап жатқан Есенбай көп ұзамай жан тәсілімін береді. Жападан жалғыз қараңғы түнде ұзақ қайғырған Ерасыл есін жиып, ағасының басын құбылаға беріп жайғастырады да, кідірместен ауылына кеп хабар береді. Елі-жұрты таза арулап, Есенбайдың өзі жатқан кезеңнің басына жерлейді де, содан былай осынау жатқан Қаратауды "Тоқта" атандырып жібереді.

Ол бүгінге дейін "Тоқта" тауы деп аталады. Есенбайдың кегін қолма-қол алуға батылдары жетпеген Мәмбет елі, әуелі барлық Байжігіттерге хабар салып, сонан кейін елші арқылы монғолдармен сөйлеспекші болып тым сиырқұйымшақтандырып жібереді. Ағайындарының мұндай әрекеттеріне риза болмаған Ерасыл елден таңдап бір жүйрікті мінеді де, ешкімге де айтпастан жалғыз өзі жасырын жүріп кетеді. Ол өзі білетін із сорабымен тура тартып, Тоқта тауы мен Алакөлді басып, Сары таудың өңіріне жеткенде түйе бағып жүрген бір жас жігітке жолығады.

Олар бір-бірімен таныса келе, жасы жиырмалардағы Ердене – жаугершілікте қалмақтардың қолына түскен қырғыз жігіті екен. Ол еліне қайтайын десе, жер жағдайын жақсы білмейтіндіктен, еріксіз осы елде түйе бағып күн көріп жүрген сияқты. Ердене өзі білетін жайларды Ерасылға жасырмастан жырдай етіп айтып та береді.Осылайша бірер күнге кідіріп қалған Ерасыл, аяқ астынан жау жағының шолғыншыларына жолығып, оны оп-оңай-ақ қолға түсіріп көп жағдайдың сырына әбден қанығып алады.

Сөйтсе жылқыны шауып алған Арсылан батыр мезгіл-мезгіл шолғыншы жіберіп, өзінше қазақ елінен қатты сақтанып жүр екен. Жіберген шолғыншысы кешіккен соң, "Арсыланның өзі де келіп қалар" деп күткен Ерасыл бір кезеңде баспалай аңдып жол тосты. Көп кешікпей-ақ өзі жеткен Арсыланды оңтайлы жерден Ерасыл оқыс тиіп, ұрымтал қимылмен қарақұстан дәл тигізіп, қас-қағымда ат үстінен қағып түсіреді.

Бұл арада енді кешеуілдеуге болмайды деп келіскен Ерасыл мен Ердене бірден елге қарай аттанып жолға шығады. Ол жолайрыққа жеткенде Ерденеге қырғыз елінің жөнін сілтеп көрсетеді де, өзі өкпелеп кеткен еліне бармай, терістік Алтайдағы Керей еліне тұрмысқа шыққан апайының үйіне келеді. Жездесі де өз аймағына белгілі батыр жігіт болатын. Күн өткен сайын Ерасылдың елден ерек қарулығы мен жүректілігі айналасына аңыздай болып тарала береді. Бірде ойламаған жерден аса қызық уақиға болды.

Тау ішінде жайлауға бет алған қалың көштің алдын кескектеген дала шошқалары жол бермей қояды. Әсіресе тістері ұрттарынан ақсиған өгіздей-өгіздей дөңкиген екі қабан тіпті жалдарын күдірейтіп мізбағар емес. У-шу болып қамалып қалған көшке ойын-сауық құрған жастармен бірге Ерасыл да жетті. Ол болып жатқан істің мән-жайын түсінгеннен кейін осы елдің аты әйгілі жүйрік атына мінеді де, еменнен жасалған қара шоқпарын алып, қабандарға қарсы дүрсе қоя береді. Аңтарылған жұрт аңырған күйлері үнсіз қалыпты. Астындағы сенімді атпен арлы-берлі ағыза өтіп, екі қабанның бас сүйектерін быт-шытын шығара ұрып жығады. Міне, осы күннен бастап жұрт оны Қабанбай – батыр атандыра бастайды...

Ер есімі мен Ел тарихы егіз.

Он сегізінші ғасырдың бас кезінде қазақ даласының оңтүстік шығыс бетінде Жоңғария атты екінші бір көшпелі мемлекет күшейіп келе жатады. Олар да өздерінің мал өрістерін кеңейту үшін қазақтың кең байтақ даласына басқыншылық ниетпен жыл өткен сайын тие шауып, көз аларта бастайды. Ұзақ жылдарға созылған осынау бір жаугершілік кезеңді қазақ халқы өз тарихына "құбақалмақ заманы" деп айдар тағып, атын жазды.

Әйтсе де, бұл шақ иісі қазақтың жұдырықтай жұмылып, береке-бірліктері жарасқан кезі болатын. Іші бүтін елді сырттан келген жау қалай алсын. Елді бір басшылықта ұстаған Әз-Тәукенің хандық құрған уақыты еді. Сондықтан да жоңғарлардың алғашқы шапқыншылықтары үнемі сәтсіздікке ұшырып отырды. Бірақ олар да өршеленген үстіне өршелене береді. Осы жағдайларды егжей-тегжей қарастыра білген Тәуке-хан, ел мен жерді пәрменді түрде қорғайтын тұрақты халық жасақтарын ұйымдастыруға кіріседі. Бірақ көп ұзамай 1718 жылы Әз-Тәуке аяқастынан ауырып қайтыс болады.

Бұл өлім қазақтар үшін қаншалықты қайғылы болса, жонғарлар үшін соншалықты жағдайлы кезеңдердің жолын ашады. Тап осы сәтте "Үш жүз" атты қарабас құрттың құдіретімен айрандай ұйып отырған Қазақ елі іштей ыдырай бастады. Бұл ыдыраудың кешірілмес қатесі де халықтың болашақ буындарының тауқыметтері де сол тұстағы ел басқарған Ерлер мен сөз ұстаған Билердің мойындарымен көтерер қателіктері екенін ашып айтуымыз керек. Алдыңғы буын жіберген сол бір қателік, үш жүз жылға созылған бодандықтың қамыты боп жабысқаны белгілі...

Қазақ пен жоңғар арасындағы қақтығыс бұрынғысынан да үдей түсті. Алма-кезек алысып ит-жығыс түскен соғыстардың зардабы жүз жылдан артық уақытқа созылса да, қазақ халқының басына небір қиын күндерді төндірсе де, ақыры қайғылы болып, жоңғарлардың шаңырағы түбегейлі түрде ортасына түскеніне тарих куә.

Осылай дей тұрсақ та, қырық жыл қырғын жасаған қанды соғыстардың ішінде, әсіресе 1723 жылғы жоңғарлардың ұрымтал шақты пайдаланған шабуылы, қазақ халқын аса қатты күйзелістерге ұшыратып, бастары ауған жаққа жөңкіле шұбап, айтса құлақ нанғысыз, бордай тозған босқындықтың күйін кешуге мәжбүр етті. Ел басына түскен бұл тауқыметті, тарихта "Ақтабан шұбырынды" деп атандырғаны да белгілі.Әйтсе де жоңғарлардың осынау жымсыма шабуылы қазақ жерін жаппай күйзелтіп кетті деуге болмайды. Тек, халықты іштей іріткен "Үш жүзге" бөлінушіліктің салдарынан, өзін-өзі сорлатқан жұрттың берекесі жоқ еді.

Сондықтан да, өзек-өзекті қуалай шапқан соғыс екпіні, белгілі бір аймақтарды ғана аса ауыр апаттарға ұшыратқан еді. Мәселен, "Ақтабан шұбырынды" зардаптары Іле бойы мен Балқаш жағалаулары, Сарысу өзені мен Сарыарқаның оңтүстік өңірлері мен Сырдарияның орта тұстарын молынан қамтығаны анық. Бірақ қазақ даласының басқа өңірлеріндегі елдер қол қусырып қарап отырған жоқ.

Солардың ішінде жоңғарлар үшін ең тегеурінді күш ретінде танылғаны Қабанбай батыр бастаған халық жасақтары болатын. Қабанбай батыр жоңғарлармен қақтығысын он үш жасында-ақ, сонау 1704 жылы бастағаны белгілі. Бұл кезеңдерде оның атақ-даңқы, жалпақ жатқан жоңғар елін кезіп кеткен. Әсіресе, соңғы жылдарда Қабанбай батырдың жасақтарымен жоңғардың билеуші топтары, тіпті де есептеспей отыра алмайтын болған.

Әз-Тәукенің өлімнен кейін, қазақ халқы "үш жүз" атты ылаңның ықпалымен, бөлшектене ыдыраудың айықпас ауруына шалдығып жатқан. Осынау бір аласапыран кезде орта жүздің ел билігі, үлкен Абылайдың ұлы көркем Уәли сұлтанның иелігінде еді. Халық аузында үлкен Абылайды – қанішер Абылай дейтін. Ел басына түскен осынау ауыр жылдарда Қабанбай батыр сонау Аякөз өңірінен неше дүркін Түркістанға келіп, Уәли сұлтаннан жиілеп кеткен жаудың шапқыншылықтарынан пәрменді түрде қорғануды талап етеді.

Бірақ ел қамымен шаруасы жоқ Уәли сұлтан оның айтқандарына мән беруге де кісілігі жетпейтін топас жан еді. Ақырында жоңғарлардың шағын ғана қолы 1724 жылы ежелден қазақ елінің астанасы болып саналатын, Түркістан шаһарына кенеттен шабуыл жасайды. Белсенді қайрат көрсете алмаған Уәли сұлтан он үш жасар Әбілмансұрды /кіші Абылай немесе Абылай хан/ жұртына қалдырып, өзі артына қарамастан Ташкент асып қаша жөнеледі. Сол кезде Түркістан қаласында отыз мыңнан астам халық тұратын.

Жау қолында қалған Түркістанның жағдайын ести салысымен-ақ, жолай қазақ батырларын өзімен ерте келген Қабанбай, шаһардағы бірден қару ұстай алатындарды ұйымдастырып жасақтауға бел шеше кірісіп кетеді. Асығыс болса да, темірдей қатаң тәртіпке бағындырылған қалың қол мен халық қарсылығына душар болып, арындары қайта бастаған жаудың бетін ойсырата соғып серпіп тастайды. Жер астынан жік шыққандай, аяқ астынан пайда болған қажырлы топты байқаған жоңғарлар жағы, тіпті маңдайлары тасқа тигендей есеңгіреп те қалады. Сәл де болса саябыр тапқан, осынау жағдайды сәтті пайдалануға тырысқан.

Қабанбай батыр, Қожа Ахмет Яассауи ғимаратының алдына жиналған қалың жұртқа Айшыбек батырды басшы етіп қалдырады да, өзі кідірместен Кіші жүз қазақтарынан қалың қол жинап келуге аттанады. Отыздың үстіне енді ғана шыққан Қабанбай батырды осы сапарға ерекше ілтипатпен аттандырып салған Гауһар қыздың да жау-жарағын асынып, қаумалаған қалың жұрттың алдына алғаш рет шығуы еді. Кейінірек
ол құдай қосқан Қабанбайдың қосағы ретінде көптеген жаугершілікке қатысады. Ел-жұртының алдында аты аңызға айналып, ақыл тапқыш көріпкелі бар Гауһар батыр атанады. Ол иісі аты әйгілі Малайсары батырдың туған қарындасы болатын.

Ел басына күн туған осынау аласапыран кезде сол тұстағы Кіші жүздің ханы Әбілқайыр отыз мың әскер, Орта жүздің ханы Сәмекежиырма мың әскер шығарып, қалың жұрттың қалауы бойынша Қабанбай батырды Бас сардар етіп тағайындайды. Бұл шақта бөлек-бөлек әр жерде жүріп жатқан шайқастарды ыңғайына орай бір арнаға түсіру, Қабанбай батырдың алдына қойған негізгі мақсаты еді. Осындай батыл да бағдарлы әрекеттердің себебімен жау қоршауынан сытылып шыққан Гауһар қыздың тобы, Бас сардардың құзырына көптеген нақты мағлұматтарды жеткізеді.

Бұл деректер алдағы тұрған шешуші шайқастардың дұрыс шешімін қабылдау үшін ең қажетті жаңа мәліметтер болатын. Осының арқасында 1725 жылғы Шаған маңындағы шайқаста жоңғарлар ойсырай жеңіліп, аса ауыр дағдарыстарға ұшырайды.Міне, тап осы шайқаста он бес-ақ жастағы Әбілмансұр өзінің алғашқы ерліктерімен көзге түседі. Оның бұдан былай да біраз жыл Қабанбай батырдың қарамағында жүріп, ірі-ірі қимыл әрекеттерімен айналасына даңқы шыға бастайды. Әсіресе, оның он сегіз жасар кезінде "Абылайлап" жауға шапқан ерлігі иісі қазаққа аңыздай тарап үлгереді. Көп ұзамай-ақ ол қазақтың Абылай ханы атанып, өмірінің ақырына дейін өркенді де өрелі ел билігін жүргізеді.

Не керек, осынау жүз жылға созылған "құбақалмақ заманында" біздер біле білмейтін ерліктерге толы неше түрлі әңгімелерде бар-ау. Оның қайсыбірін хаттай жазып алып қала алдық. Бұл да өткен тарихымыздағы үлкен өкініштеріміздің бірі ғой. Әйтсе де, өзінің Отаны мен Елін қорғаған қазақ халқының тарих бедеріндегі ар-ұжданы таза екенін ұрпағымызға ашып айтқан жөн. Қазақтар үшін бұл соғыс Ұлы Отан соғысы деуімізге әбден болады.

Осы соғыстарды бастан-аяқ басынан кешірген Қабанбай батырдың қолбасшылық еткен еңбектері, орыс халқы үшін сіңірген Кутузовтың еңбегімен шендестіруге болады. Оның өз уақытында "хан ұраны Қабанбай" да, елден ерек танылған батырлығымен "Дарабоз" да атанғаны тарихи шындық...

Хан Абылай қазақ жерін ақырына дейін азат ету үшін аты белгілі батырлардың бірін қалдырмай, ең шешуші кеңеске бас қосуға шақыртады. Олар бірлесе отырып көп толғаныстармен бір түйінге келіп, соғыс шептерін былайша орналастыруға келіседі.

1.
Барлық жасаққа Қабанбай батыр қолбасшылық етеді де, оның кеңесшісіқаз дауысты Қазыбек би, ал бүкіл майдан мен елді байланыстырушы Бұхар жырау мен Абылай хан болып тағайындалады.

2.
Оң саланы басқаратынЖәнібек батыр, кеңесшісіЕсенгелді батыр қосымша күштерге иеБармақ батыр да, кеңесшісіСүбебай батыр.

3.
Орта саланы басқаратынАқбантай батыр, кеңесшісіБоранбай би.

4.
Сол саланы басқаратынБаймұрат батыр да, кеңесшісіБайғазы батыр тағайындалады.
Атақты Бұланты бойында өткізілетін бұл шайқаста жау ойсырай жеңіледі. Жоңғарларды басқарып келген атақты Доржы ноян іш құсалығына шыдай алмай, өзіне-өзі қанжар салып, опат болады. Осы жылдардағы бірінен-бірі қиын шайқастарда Қабанбай батырдың ойлап тапқан соғыс әдіс-тәсілдері өте көп. Солардың аңызға айналып, ел арасындағы сақталып қалғандары да аз емес. Мәселен, а) жауды өз-өзімен соғыстырып жіберу; б) жаудың шебін қауесет арқылы дүрліктіру тәрізді т.б. көптеген әдіс-тәсілдерін әлі де ел арасынан жинастыруға болады.

Ел еркіндігі

Өзінің ұзақ ғұмырында Қабанбай батыр /1691-1769 ж.ж/ жарты ғасырға созылған қазақ пен жоңғар шайқастарында, ел қалауы бойынша басынан-аяғына дейін қолбасшылық етті. Соғыстың ақырғы нүктесі қойылған 1756-1757 жылдары қазақтардың жеңісімен аяқталады. Соңғы жылдарда ерекше белең алып, тым күшейіп бара жатқан қазақ жасақтарына "көмекке" келіп, жоңғарлардың күйрегелі тұрған әскерлерінің сыртынан, Қытайдың қалың қолы үдере тиіп, жоңғарлардың шаңырағын ортасына түсіре тасталқан етіп жіберді. Осылайша, Жоңғар мемлекеті жер бетінен мүлдем аты-жөнімен жойылып кетті.

Абылай ханның шебер саясатының арқасында Қытай мемлекетімен тату көршілік келісімдеріне қол жеткізіп, ертеректе жау қолында қалған қазақ жерлері түгелімен-ақ қайтарылып алында. Осынау ел басына түскен қиын-қыстау заманда егеулі найзасын қолына алып, бүкіл қазақ даласының о шеті мен бұ шетіне ат аяғымен-ақ жетіп таңғажайып ерліктің үлгілерін көрсеткен Қабанбай батыр кемел әскербасы ретінде, ұрпағына мәңгі өшпестей елін сүюдің тәлімі мен тәрбиесін қалдырды. Ол жайында айтылған аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар мен қанатты ойлар өте көп. Ол әлі күнге дейін зерттелмей жатыр. Қандай күштің әсері екені түсініксіз, бірақ осы қазыналардың бәрі де жабулы күйі әлі архив сөрелерінен қозғалар емес.

Осы материалдарға алғаш рет 1989 жылы қолым жеткендіктен, бірден Қабанбайдай алып тұлғаның 1991 жылы үш жүз жылдық мүшел тойын тойлау керектігін көтеріп, әуелі Қазақстан Жазушылар Одағының жанындағы фольклорлық секцияда талқылап, сол қортындының негізінде Министрлер кеңесінің Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың атына хат жазылды. Осылайша, басы ашылған мәселені әрі қарай жалғастырып, 1990 жылы Қазақ теледидарынан, әрқайсысы бір сағаттан асатын үш түрлі хабар жасауға мүмкіндік алдық. Осы хабарлардан кейін, бірден Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойының алғашқы қадамы ретінде Талдықорған облысының әкімі Сағынбек Тұрсынов мырза осы жылдың желтоқсан айында бүкіл республикалық ақындар айтысын және ғылыми конференция ұйымдастырып, келер 1991 жылдың мамыр айында Үйгентастың үстінде мерейтойын өткізіп асын беру жайында шешім қабылданды.

Талдықорған қаласының ең үлкен көшесіне сол бірінші жиында-ақ, Қабанбай батырдың атын беріп, қала бағының сәулетті жерінен ат үстіндегі Қабанбайдың ескерткіші ашылатынын да хабарлаған еді. Сөйтіп, бұл шын мәнінде халықтық мерекеге айналып кетті. Біздер басы-қасында жүріп, ғылыми конференцияның баяндамаларын жасауға ат салыстық. Міне, осылайша басталған Қабанбай батырға ас беру рәсімі, тек Талдықорғанда ғана емес, Семей облысының Мақаншы ауданында, 1991 жылдың күзінде Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай аудандарында да аса үлкен өрлеу үстінде өтті. Осы жылы астанамыз Алматының аса сұлу көшесі Калинин Қабанбай батыр көшесі аталынды.

Бұл "Ақтабан шұбырынды" заманының жеңімпаздарына, алғаш рет жасалынған құрмет екенін айтумен қоса, үш ғасырлық бодандықтан кейінгі ата-баба аруағына ас беруге жараған ұрпақ мерейі еді."Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" деген атынан үрей есіп тұратын бұл апат, қазақ халқының басына 1723 жылы анталай төніп келгенде, Қабанбай батырдың отыз бірден енді ғана асып бара жатқан сәті екен. Атақты Абылай хан бұл кезде бар-жоғы он екі жаста болды. Ол қашып кеткен әкесі көркем Уәлидің жұртында қалып, белгілі Төле бидің түйесін бағып жүреді. Ал халқымыздың "көмекей әулие" атаған Бұқар жырау қырық екі жаста еді. Ол Қабанбайдан тура он жас үлкен болатын да, бірін-бірі ертеден-ақ білетін, өзара сыйлас жандар еді. Қабанбай батыр өлгеннен соң /1769ж/, тура он екі жылдан кейін Бұхар жырау /1781 ж./ қайтыс болады. Кейінірек Қабанбай батыр қатты ауырып жатыр дегенді естісімен-ақ, Бұхар жырау көңіл сұрай келіп:

"...Айналайын Қабанбай,
Жау келгенде жарағым!
Алыстан асып дау келсе,
Түрулі тұрған құлағым,
Жақыннан жарып жау шықса,
Белдеудегі пырағым.
Мың жылқыны суарған
Төскейде аққан бұлағым.
Кеше түсте естідім,
Қабанбай ауру дегенде –
Жетімсіреп жыладым.
Бір құдайдан сұрадым;
Арғыннан айттым–жүз кісі,
Найманнан айттым–жүз кісі,
Үйсіннен айттым – жүз кісі,
Үш жүз кісі болар ма?..
Айналайын Қабанбай,
Қара мойын – лағың ?!
Әулиенің арты едің,
Бұл дүниенің қарты едің,
Айналайын Қабанбай...
Қайда болар тұрағың?"
– деп толғаныпты.

Бұл өзі өмір сүрген ғасырдың барлық сырларын ішіне түйген халқымыздың данышпан қариясының жүрегінен шыққан азаматтық сөздері еді. Бұхар жырау мен Қабанбай батырдың бірін-бірі қия алмай, қиналған сәттерінен жеткен үзік сыр екені де түсінікті. Қазір міне, қазақ халықы егемендігін алысымен-ақ ұзақ жылдар атаусыз қалған ата-бабалары – Сырым, Исатай, Махамбет, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Бөгенбай, Жәнібек, Баян, Райымбек, Наурызбай, Бұхар мен Қабанбайға т.б. толып жатқан аруақты бабаларымызға ас беріп, аса үлкен ұрпақтық парыздарымызды жасадық. Мұның рахымы Алладан қайтарына сенімді де.

Қара қылды қақ жарған тарихи шындыққа да әділет қажет.

Қазақ халқының тарихында, ұзын ырғасы бір ғасырға созылған, "Құбақалмақ заманы" ерекше тәптіштеліп қыры мен сыры барынша терең талданып жазылуға тиісті. Өйткені мұнда, қазақ халқының тарихи тағдырының тоғыз тарау тоғысқан түйіндері жатыр. Оның жұмыр жердің үстінде "ия қалу, ия қалмауының" да соңғы сөзі осы кезеңде айтылған.

Сонымен қоса, соғысқұмар Жоңғар мемлекетін желіктіруші сыртқы саясатты да, шығыстағы – Қытай империясының да, батыстағы – Ресей империясының да екі ұшты саясаттарын тереңдей талдап, батыл зерттеу керек. Сонда ғана қазақ халқының – жүз жылға созылған Ұлы Отан соғысының мәні ашылмақ. Сонда ғана "Ақтабан шұбырынды" заманының ересен ғажап сырын естіп, халқымыздың қан кешкен өлшеусіз мықты, асқан төзімді қажыр-қайратына тәнті боп түсінетін боламыз. Мынау кеңбайтақ ата-бабамыздан қалған жерді біздер үшін ешкім де "садақаға" немесе "сыйға" бермегенін бүгінгі ұрпақ ұғынатын болады. Сөйтіп, олар Ел мен Жердің қадір-қасиеттерін жанымен ұғынып, тәнімен түсінеді.

Ендеше халқымыздың басына қара бұлттай төнген осынау ауыр кезеңдерде тарихи тұлғаларға айналған ардагерлеріміз – қаракерей Қабанбай батыр, көмекей әулие қариямыз Бұхар жырау, кейінірек ел билігін қолына алып, кемеңгерлік танытқан хан Абылай, ересен үздік шыққан батырларымыз – қанжығалы қарт Бөгенбай, шапырашты Наурызбай, керей Жәнібек, тархан Жәнібек, уақ Баян, атақты жырау Ақтанберді батыр, Абалай атын Адақ атандырған – ер Еспенбет, атақты Малайсары, көкжал Барақ, тоқсанында топ бұзған Тама батыр...айта берсе таусылмайтын, толып жатақан ерлеріміздің есімдері мен тарихи тұлғалары терең зерттеліп, кейінгі ұрпағымыздың зердесіне хаттай жазылуы керек. Өз халқының тарихын білген ұрпақ қана еліміздің болашағын да батыл жасай алатын болады.

Сондықтан да тарихи шындық – қара қылды қақ жарып, ешқандай бұрмалануға тиісті емес! Тарихи шындық бар әділетімен айтылған елде ғана алауыздыққа да арам ниеттерге жол жоқ. Олай болса, тіпті азғантай деректердің өзін жан-жақты қарастырып, тек жүйелі қисынға келетін ұғымды ғана тарихи ақиқат етіп ұсынған жөн. Сондай бір шындықты айта кетуді жөн көрдім...

Қазақ халқы "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" атандырған – 1723 жылы Жоңғар басқыншылары "жоңғар қақпасы" деп аталынатын жазық даладан кірмей, ат жүрісіне әлдеқайда ыңғайсыз Алатау бөктерлерін сағалай келіп, Іле өзені жақтан шабуыл жасауының сыры неде? Атүстіндегі мыңсан қолды олар осыншама шатқалды қиын жолмен неге жүргізді? Кәнеки, сәл де болса, сол кездегі шындықтарға сүйене ойланып көрелікші...

Міне, осы арада ғажайып бір тарихи шындықтың сыры ашылады. Өзінің ең алғашқы ерлігін он үш жасында, 1704 жылы жасаған Ерасыл /Қабанбай батыр/ бертін келе буыны бекіп, ержеткен сайын қазақ пен қалмақ жұртына ерекше асқан батырлығымен тұлғалана береді. Ел аузында бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен деректерге қарағанда, түптің-түбінде Жоңғар соғысының болмай қоймайтынын анық түсінген Қабанбай батыр 1720 жылдардың өзінде-ақ неше жүздеген жасақтарын, тұрақты түрде соғыс тәсілдеріне үйрете бастаған.

Осы кезеңде Қабанбайдан басқа еш жерде, қазақтың тұрақты жасақтарын ешбір батыр ұстаған емес. Оның таңдап алған жасағын жаттықтыратын жері – Тарбағатай тауының үстіндегі Мыңбұлақ бастауларының жанындағы Ақбет биігінің төбесіндегі кең жазық көрінеді. Бұл биіктен бүкіл айналадағы барлық әрекет-қимылдар көзден таса қалмайтыны да ескерілсе керек. Егер бұл тәрізді арнайы жасақталған қол иісі қазақтың еш жерінде болмағандығын ескерсек, манағы айтылған Жоңғар шапқыншылығы "жоңғар қақпасынан" өтпегенінің сыры ашыла бастайды.

Сол кездің өзінде-ақ жоңғар басшылары Қабанбай батырдың жасақтарымен санасқандығын анық аңғаруға болады. Сондықтан да, олар Ақбеттің тура алқымында жатқан жазықтан өтіп, қазақ даласына шабуыл жасауға дәттерінің жетпегендігі айдан анық ?! Олар осындай нақтылы себептің салдарынан, қиын болса да тау бөктерлей келіп, Іле бойын құлдай келіп шыпқыншылық соғыстарын бастаған.

Әйтсе де, жоңғарлардың бұл шабуылы қазақ елін жаппай күйзелтіп кетті деуге тіпті де болмайды. Қазақты күйзелтсе, сол «үш жүзге» бөлінген қарабас құрттың кеміктеуі екенін ашық айтуымыз керек.

(жалғасы)

Авторы: Совет-Хан ҒАББАСОВ, Жазушы дәрігер, фантаст.
2007-03-06

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz