“Халық Қаһарманы” атағының иегерлері

 

20.03.2009 / 15:05

Өмірге «Қасым» болып келіп, қан майданда «Вася» болып шайқастым ?

Халық қаһарманы Қ.Қайсенов

 

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - «Егер дәл қазір Украинаға барып, «Қасым Қайсенов кім?» деп сұраса, ешкім де білмейді. Ал «партизан Вася» десеңіз, танымайтын, білмейтін адам жоқ». Бұл партизан - жазушы Қасым Қайсеновтың бір басылымға берген сұхбатында айтқан сөзі. Оның өмірі өзі жаудан қорғаған украин халқымен тығыз байланысты болды. Украиндықтар Қасымды өзіміздің жерлесіміз, қандасымыз деп жақын тартады. Қазаққа тән өрлігімен, өжеттігімен, қаһармандығымен өзге елдің ризашылығына бөленген Қасым, Украина жерінің өз перзентіндей боп кеткен. Қ.Қайсенов 1918 жылғы сәуірдің 23-інде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында дүниеге келген. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы оны бітірген соң Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі. 1941 жылы Мәскеудегі барлаушылар мектебінде соғыс әліптерін танығаннан кейін, Қасым Қайсенов жау қолында қалған Украина жеріне аттандырылады. Жау жайлаған елге ұшақпен келіп түскен сәттен бастап, Қасымның партизандық өмірі басталады... «Өмірге «Қасым Қайсенов» болып келіп, Украина орманында «Василий, Вася» болып шайқасты»? Ол кезде Украина жеріне аттану ? жау тылына, ажал аузына барумен тең еді. Қазақтың қас батыры Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Одан кейінгі кездерде, 1944 жылдың аяғына дейін Молдова, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан жорықтарына қатысады. Ол Киев және Полтава облыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды. Партизандардың қалың қолын басқара отырып, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. Фашистерді сан рет жамсатты. Соғыс аяқталысымен Қасым аға елге оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы аппаратында жауапты қызметте істеді. Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру науқанына белсене араласады. 1953-1970 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағында және баспа орындарында («Жазушы», «Қайнар») көркем әдебиетті насихаттау бюросы директоры, редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Замандас ағалары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Баубек Бұлқышев сияқты Қасым Қайсенов те қос қарудың ? найза мен қаламның баһадүр иегері еді. Оның қаламынан Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңдері, жауынгерлердің жанқиярлық ерліктері жайындағы дүниелер шықты. Оқырман жүрегінен ойып тұрып орын алған шығармалары қазақ әдебиетінің әскери тақырыбын байытты. 1954 жылы Қасым ағаның орыс тілінде ?Жас партизандар? атты алғашқы кітабы жарық көреді. Одан кейінгі кездерде ?Илько Витряк?, ?Переяслав партизандары?, ?Ажал аузынан?, ?Жау тылындағы бала?, ?Днепрде?, ?Жау тылында?, ?Партизан соқпақтары?, тағы басқа әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді. Бұл шығармалары орыс, украин, басқа да көптеген тілдерге аударылған. Кейінгі кездері ?Елімнің ертеңіне сенемін?, ?Естеліктер мен жазбалар?, тағы да басқа кітаптары жарық көрді. Шығармашылық өмірінде отыз шақты кітап жазып қалдырды. Ол М.Муратовтың "Ломоносовтың жастық шағы", Николай Томанның "Сабылтқан сағым", Мамед Кулизаде Жәлелдің "Почта жәшігі" кітаптарын аударды. Кітаптары орыс, украин, қырғыз және вьетнам тілдеріне тәржімаланды. Қасым Қайсеновтің ішкі жан дүниесі, биік рухани келбеті ол кісінің замандастарының, қаламдастарының жазбаларында талай рет айшықталып қағазға түскен. Сондықтан да біз бүгін қазақтың дарабоз, алып дарақтарының бірі Қасым аға тұлғасын көзі тірісінде жан-тәнімен бағалай да, тани да білген сөз зергерлерінің естелік үзіктеріне жүгінгенді мақұл көрдік. Жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «Ол біздің қанды қасаптан оралмай қалған мыңдаған ағала¬рымыз бен әкелеріміздің ақырғы көзіндей еді. Оған қарап, опат тапқан сол бір ержүрек ұрпақтың келбеті мен қасиетін көргендей болушы едік. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар мінезіне әрі сүйсінуші едік, әрі именуші едік. Сүйсінетініміз: оның бір басына ғана емес, окоп түбінде ойрандалып қалған мыңдаған замандастарының бәріне де тән сол бір қайтпас қайсарлықтың арқасында аман қалып, адыра шаңырақтарды қайтадан қатарға қосу үшін алға тырмысып, азамат болдық. Қаймығатынымыз: ортамызда тірі жүрген оны ренжітсек, опат болған қаһарман ұрпақтың бәрін ренжітетіндей көруші едік. Бірақ, Қасекең тас түйін қайсарлығын сонау Карпат ормандарында қалдырғандай, қайсымызбен де: ?Айналайын, амансың ба?? ? деп жаймашуақ амандасатын. Күркірей шыққан жуан дауысы құлағымызға майдай жағушы еді... Ол дүниеден өткенше кешегі күркіреген екінші жиһангерлік соғыстың жауынгері болып қала білді. Украинада жау басып алып, тірідей шерменде болып отырған қауымға Жаратушының өзі аяқ астынан жіберген ақ қанат періштедей көрінген құтқарушылық панагөйлігін Қазақстанға қайта оралған соң ?қара қағаздар? бомбылауынан қансырап қалған қайғылы қауымның қайта тыңайып, қайта еңсе көтеруі жолындағы қалтқысыз еңбекке арнады. Қанжарын қаламға айырбастап, тым майса кезінде үсік шалып, жапырылып қала жаздаған жетім ұрпақтың жауынгер әкелері мен ағаларының ерлік дастандарын жазды. Ерлік туралы айта отырып, елдік жайында сыр шертті. Ұлттық намысты оятты. Ұрпақтық парызды ескертті. Елжандылық тағылымын көрсетті. Сол үшін де тәуелсіз қазақ мемлекеті қан түкіріп, от кешкен есіл ердің оған дейін бағаланбай келген теңдесі жоқ ерліктерін ең асыл ұлттық құндылығымыз санап, «Халық Қаһарманы» құрметті атағын берді. Бағзы бабасы Қабанбай батырдай даңқ шыңының даусыз дарабозы болып өмір сүрді. Ол өмір біз түгілі бізден кейінгі қазақ ұрпақтарына халық жолында қалтқысыз еңбек етудің қастерлі өнегесі болып қала береді», - деп еске алады. Ал майдан кешкен жазушы, жауынгер Әзілхан Нұршайықов тағдырлас ағасының бейнесін былайша аша түседі: «Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде әркім әртүрлі бөлімдерде болып, неміс-фашистеріне қарсы күресті. Біреу танкист, біреу ұшқыш, біреу артиллерист болды. Енді біреулер жаяу әскер қатарында жаумен айқасты. Қасым Қайсеновтің үлесіне партизандық тиді. Ол алғашында Чапаев атындағы 8-партизан құрамасында №3 отрядтың командирі болып, Украина жерінде жауға желке жағынан соққы берді. Соғыс кезінде қалыпты әскердегі біздерді ел қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Ұрыста сиреген қатарымызды да халық толтырды. Елдегі туыстарымыздан, сүйген жар, сүйікті қыздардан үнемі хаттар алып тұрдық. Осының бәрі бізге күш-қуат берді. Ал майданның сырт жағындағы партизандарда мұндай мүмкіндіктердің бірі де болған жоқ. Олар «Ер азығы мен бөрі азығы ? жолда» дегендей, ордалы жыланның ортасында, фашистердің қоршауында жүріп, шыбын жанын шүберекке түйіп, өздерін азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Жау сыртына барып түскен 23 жасар Қасекең осындай күйде жүріп, партизан отрядын ұйымдастырды. Кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды жігерінің арқасында Баукеңе Кеңес одағының Батыры атағы берілді. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін Нұрекең өз Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа да, Қасым Қайсеновке де ?Халық қаһарманы? атағын берді. Қасекең бұл лайықты атақты аса зор тебіреніспен қарсы алған еді. Ол өзінің соңғы сағатына дейін тәуелсіз мемлекетінің тынысын жырлаумен өтті. Еліміздегі елеулі оқиғаларға газет арқылы үздіксіз үн қосып отырды. Жеңістерге қуанды, кемістіктерге ренжіді. Бәрін ашық айтып отырды», дейді қаламгер. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы жауынгерлік ерліктері үшін Қ.Қайсенов І дәрежелі Ұлы отан соғысы орденімен, «Богдан Хмельницкий» орденімен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Украина үкіметі оны екінші және үшінші дәрежелі «Ерекше ерлігі үшін» ордендерімен марапаттады. «Отан соғысы», «Чехословакия партизандары», Кеңес одағының көптеген орден, медальдарымен марапатталған. Ол Қазақстан Жазушылар одағының Бауыржан Момышұлы атындағы әдеби сыйлығының лауреаты. Халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті Қасым Қайсенов 2006 жылы 30 желтоқсан күні 89 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүние салды. Қасым Қайсенов ? адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ең жойқын соғыста жауға етегінен шалдыртпай, жағасынан алдыртпай өткен еңіреген ер, басқыншы жаудың қатарын сейілтіп, қаралай қалтыратқан Вася партизан. Қасым Қайсенов -Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Халық қаһармандарының бірі ? Ұлттық батыры.

 

 

 

Hosted by uCoz