Д е р е к т е р 

Әдебиет майталмандары

 

2006-12-05: Егемен қазақстан

Кекілбаев кеңістігі

 

Әбіш Кекілбаев – заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да оңайға түсе қоймас. Өйт­кені, Кекілбаевтың өзі бір әлем. Шүкір, қазір сол ғажайып әлемді зерттеп, оның ерек­шеліктеріне шұқшия үңіліп, Кекіл­баевтың шығармашылық өнері туралы жазылған мақалалар да бірнеше томға жетерлік. Әбекеңнің шығармашылық еңбегі туралы пікір білдіріп, еңбек жазғы­сы келген әрбір адам бұрынғы айтылған сөз, жазылған дүниелерді қайталағысы келмей, тың жол тапқысы келетіні де табиғилық. Оған қоса Кекілбаевтың өзінің әлем, қазақ тарихының көрнекті адам­дары, замандастары, осы заманның, біздің қоғамның құбылыстары, бағыт-бағдары туралы толып жатқан ой толғаулары да, публицистикалық шығармалары да елге белгілі. Кекілбаевтай шешендікпен сөйлеп, Кекілбаевтың шеберлігіндей жазу – тек сол Әбекеңнің үлесіне тиген жеке тұлғалық ерекше қасиет.

Кекілбаевты біздің қазақ оқушысы, қазақ қоғамы ең алдымен ақын, жазушы ретінде таныды. Кекілбаев толғанса – ро­ман, көсілсе көсемсөз туады. Өндіріп, өнімді жазатын суреткер. Туындылары­ның көрінісі көркемдігімен, кейіпкер бейнелері шежірелі шешендігімен, оқиға­сы тарихи деректілігімен қатар өріліп, астарлы сөз, ой дариясының тұңғиығына шомылдырады. Менің қатарым оның әдебиет сыншысы ретінде қарымды еңбек еткенін де біледі. Кекілбаевтың өзін көрмей, білмей тұрғанда оның әдеби сын мақалаларын оқитынбыз. Әбіш Кекіл­баев­тың әдеби шығармалары, әдебиет туралы өте зерделі сын мақалалары сол кездегі “Лениншіл жас” (бүгінгі “Жас Алаш”), “Қазақ әдебиеті” газеттерінде, “Жұл­дыз” журналында жарық көре қалса, жібермей оқып, қаламгердің сондай білімгерлігіне, білгіштігіне тәнті болып, таң қалып жүретін едік. Жазғандарына қарап, жазушының жас шамасы сол Ғабит Мүсіреповтердің қатарындағы адам шығар деп ойлайтынбыз. Оның сол кезде жиыр­ма бес пен отыздың арасындағы жігіт еке­нін де кейін білдік. Сын мақалаларымен қа­тар Кекілбаевтың көптеген әдеби шы­ғар­малары дүниеге келе бастағанда көп­теген оқушылар іздегенін тауып, күткені келгендей қуанғаны да есімізде. “Күй”, “Шыңырау”, “Ханша дария хикаясы” деген Әбекеңнің сол кездегі шығармалары оқушыларының дүниетанымына жаңа бір рухани серпіліс берген-ді. Тақауда ғана жарыққа шыққан Әбекеңнің 25 жасында жазған “Күй” повесі бойынша түсірілген “Кек” фильмін бүгінгі көрермендер де түсініп, жылы қабылдады.

Әбекеңнің қоғамдағы феномені – оның толассыз ізденгіштігі мен зерттеу­шілігі, сол қазынасын жиылған жүк құса­тып тең-тең етіп қоймай, түйдек-түйде­гімен оқушысына, еліне, жұртына тас­қындатып төгіп жатуында. Сондықтан да әдебиет сүйер қауым Әбекең не жазды екен деп күтіп жүреді, шыққан дүниесін іздеп тауып, оқып жүреді. Әбекең оқушы­сын жерітпеген, ренжітпеген, көңілін қалдырмаған, қаламы демікпеген, шабыты сарқылмаған жазушы, қоғамның сергек сарапшысы. Асқар Сүлейменов өзінің бір мақаласында былай деп жазыпты: “Кекілбаев дарыны мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірекпен жіті көз адуын өнердің мінезін көреді”. (Ә.Кекілбайұлы, 1-том, 387-бет).

Оның “Аңыздың ақыры”, “Үркер”, “Елең-алаң” тарихи романдары тек тари­хи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар. Әбіш Кекілбаевтың қай қасиетін сөз етсек те ең алдымен қазақ санасында оның әдебиет сыншысы, шебер, көркем шығарма жазушылығы алғы кезекке шығады. Әдебиетке бала кезінен мол дайындықпен келгені оның терең шығармаларынан айқын көрінеді. Әдеттегідей жасқана, имене әдебиеттің есігін ашқан жас өскін емес, білімі толық, кемелі келісті, қаламы төселіп, дауысы ор­ныққан дарын иесі екендігі шүбәсіз, нық басқан салмақтылықпен келді. Ол өзінің көркем сөз зергерлігімен біздің ру­ха­ни өмірімізді байытты, көзімізді ашты, көкірегімізге ұлттық сенім, сана ұялатты.

Жазушы Әбіш Кекілбаевтың көркем шығармаларының қай-қайсысы болсын оқушысын бей-жай қалдырған емес. Қоғамның елеулі оқиғасы, құбылысы болып, еніп жатты.

Өткен ХХ ғасырдың 60-70-жылдары қазақ әдебиетінің қайта өркендеу дәуірі болды десек қателесе қоймаспыз. Кезінде, көзі тірісінде “Алыптар тобы” атанып, елдің, қоғамның рухани көсемдеріндей болған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сынды әйгілі суреткерлердің ізін баса, өкшелес келген Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетін дамудың жаңа кезеңіне көтерумен бірге қоғам қайраткерлері ретінде танылды. Әдеби шығармалар үздіксіз сұранысқа ие болып, қоғамның қозғаушы ірі күшіне айналды. Әдебиеттің, әдебиет қайраткерлерінің қоғамда мәртебесі артты, беделі өсіп, тұрақтанды. Адамдар олардың зиялы сөз, саналы ойына құлақ асты. Зейін қойды.

Осы тұста келіп қосылған жас толқын­ның екпіні де, сарыны да, әуезі мен үні де ерекше қуатты еді. Олардың өрнегі, қа­лам­герлігі, қоғам ісіне араласқан қай­раткерлігі де жаңа серпінге толы болды. Шоғыр жұлдыздар қатарындағы Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұрат­бековтің әрқайсысы бір ой мен сөздің сәнін түзеген жасаулы керуендей әсер қалдыратын. Оларға ілесе саясат сахна­сына Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Нұрлан Оразалин көтерілді.

Бұл мақалада Әбекеңнің жазушылы­ғына сараптама жасау мақсатымыз емес. Сол жазушы еңбегінің қоғамға қажет болғандығын, жаңа қоғамның, жаңа мем­ле­кеттің қалыптасуында Әбіш Кекілбаев­тай талғампаз білімдардың мемлекеттік саясат ісіне араласу қажеттілігі сөз болмақ. Әбіш Кекілбаев осындай дарыны бөлек, сөзі ерек жазушы болмаса мем­лекет, қоғам ісіне, саясатқа дәл бүгінгідей араласа алар ма еді? Әрине, бұл сұрақ.

Әбіш Кекілбаев туралы сөз айтуға талпынсақ – оның азаматтық қызметінің кең ауқымдылығы мен тұтас тұлғасының жан-жақты, көп салалығымен бетпе-бет келетініміз хақ. Біразын айтып көрейік.

Әбіш Кекілбаев – жазушы.

Әбіш Кекілбаев – философ.

Әбіш Кекілбаев – тарихшы.

Әбіш Кекілбаев – аудармашы.

Әбіш Кекілбаев – шешен.

Әбіш Кекілбаев – шежіре.

Әбіш Кекілбаев – мәдениеттанушы.

Әбіш Кекілбаев – ғалым.

Әбіш Кекілбаев – публицист.

Әбіш Кекілбаев – өнертанушы.

Әбіш Кекілбаев – әлеуметтанушы.

Әбіш Кекілбаев – саясаттанушы.

Әбіш Кекілбаев – кітапхана.

Әбіш Кекілбаев – энциклопедия.

Әбіш Кекілбаев – гуманист.

Әбіш Кекілбаев – қайраткер.

Осы айтылған анықтамалардың әр­қайсысын бір-бір зерттеу мақалаға немесе тақырыптық лекцияға арнаса да болар еді.

Әбекеңнің кез келген ортада, кез келген мінберден тауып сөйлеп, көңілдің хошын көтеріп кететіні туралы оны сүйсініп тыңдайтын адамдар арасында аңызға парапар әңгімелер айтылады.

Бірде, Әбекең Еуразия университе­тінде жаһандану құбылысы туралы лекция оқыды. Үлкен зал толы студенттер мен оқытушы, профессорлар, ғалымдар сілті­дей тынып, қызығушылықпен тыңдады. Лекция біткен соң тыңдаушылар жұмыла ризашылықпен қол соқты. Соңыра, тіл білімінің профессоры Мырзатай Серға­лиев Әбекеңнің лекциясына өте жоғары баға беріп, орыс мәдениетінің көрнекті қайраткері А.Луначарскийді еске алып: “Біздің Әбекең қажет болса – сайтан туралы да бір сағаттық лекция оқитын шығар”, – дегенде залдағылар серпіліп, ұзақ қол шапалақтады. Шынында да кезінде ғұлама Мұхтар Әуезовтің лекцияларынан нәр алған Әбіш Кекілбаев – ғасырлар тереңінен келе жатқан даналардың заңды жалғасы, жаңа заман зиялыларының көш бастаушысы десек, артық айтқандық болмас.

Әбекеңнің естен кетпейтін тағы бір тарихи танымдық, шежірелік лекциялары 1992 жылдың жазында Маңғыстау жерінде өткізіліп еді. Әбекең ол кезде Жоғарғы Кеңестің Мәдениет, тарихи ескерткіш­терді қорғау жөніндегі комитетінің төрағасы. Комитеттің көшпелі мәжілісі өтті. Комитет мәжілісіне 50-60 адам ғалымдар, өнер, мәдениет қайраткерлері, депутаттар, жазушылар, министрлер, баспасөз қызметкерлері қатынасты. Аңыз бен тарихқа толы Маңғыстаудың Үстірті мен Ойпаңында бір жұма жер аралап жүріп, Әбіштің лекцияларын тыңдадық. Бұл – теңдесі жоқ тарих, ел тану, жер танудың ғажап сабақтары болды. Әбекең төгілді. Әсерімізді әлі күнге сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. Әбекеңнің Ұлы далада­ғы лекциялары туралы Герольд Бельгер тамаша очерктер жазды. Өзі де ғұлама ғалым, Маңғыстауды аз білмейтін акаде­мик, марқұм Зейнолла Қабдолов риза болғанын “Мен Әбішті оқыттым деп айтуға бата алмай тұрмын, ойпырай, бұл не деген білім?”, – деп таңғалғанын жасыра алмады. Мырзатай Жолдасбеков: “Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363-ші әулие Әбіш Кекілбаев шығар”, – деді. Ол сөздер Әбекеңнің біліміне риза болғандықтан айтылған сөздер.

Міне, тұла бойы телегей-теңіз дарын мен талантқа толы интеллектуалдық құ­былыстың қыр-сырына терең үңілместен-ақ, оның жазғандарын оқып, толғамда­рына тоқталып, сәті түссе дидарласқан адамның сезінетіні. Яғни, қазақ тари­хы­ның кесек бітімінің бірі Әбіш Кекілбаев еңбегінің әр саласы тарау-тарау зерттеу­лер мен құлаш-құлаш мақалаларға арқау боларлық.

Әбіш Кекілбаевтың болмысына ден қойсақ, жай көзге, адами дидарласуға ғана қарапайым көрінуі мүмкін. Бұл – әрине, алдамшы сезім. Шын мәнінде Әбекең кез келген шығармашыл тұлға ретінде күр­делінің күрделісі. Оның қарапайым көрі­нетіні – тірі пендеге арамдығы мен зала­лы, тәкаппарлығы мен менменсуі, кердеңі мен шіренуі жоқ, Жаратушының бере сал­ған дархан жүрек, жомарт пейіл қа­сиетінен. Залал түгілі тіпті өзі жақтыра бер­мейтін жұғымсыз, сырғанақ, жылпос, берекесіз адам туралы да жаңсақ пікір, жа­ман сөз айтып көрмеген ерекше төзім­шіл даналығы Әбекеңнің тұлғасының ірілігін айшықтап-ақ тұрады. Әбекең күй таңдамайды. Жазғысы келсе Эрнст Хэмингуейдің түнгі бардың биік үстелінде тұрып жазатынындай кез келген жерде отырып, жүріп жаза береді. “Шандоздың” көп тарауларын Алтайдың көкмайса сұлу шатқалында біз атқа мініп, сауық, сайран, серуен құрып жүргенде, сол рахаттан өзін тежеп, Махамбетпен “оңаша қалып”, тарих беттерін қайта ақтарып, бұрқыра­тып жазды. Уақытына өте мұқият. Кешік­пейді, жинақы жүреді. Төңірегіне өте қырағы. Тауда жүрсе – қиядағыны, далада жүрсе – көкжиектегіні көреді. Ешнәрсені ұмытпайды. Зердесі мықты. Уәде берсе орындайды, сөзіне берік – рыцарь. Қырынан қарасаң, дүрдік еріндері Қажымұқанның суретін еске түсіретін палуан пішіндес Әбекеңнің адам таңғалатындай нәзік сезімталдығы мен кейде жоқтан өзгеге шыр-пыр болып мазасызданып қалатыны да болады. Шөл мен аптапқа сыр бермес төзімді, Үстірттің қара нарындай кейпінде арқаның құрық тимеген асауындай тарпаңдық та, Алатау­дың қарағай мүйізді Арқарының маңғаз­дығы да менмұндалап тұрады. Осының бәрі түп нағашысы – Қара Боқан мен бағ­зы бабасы – Қожаназардан өрбіп келе жат­қан өшпес мұра, бай мінезі болса, ше­шендігі мен тапқырлығы, зиялылығы мен дархандығы – көзіміз көріп, мейір шапа­ға­тынан ғибрат алған ұлы ана – Айсәу­леден дарыған асыл қасиеттері дерсің.

 “Жазушыға саясат не керек?” деген де сөз айтылды. Бірақ жазушы қоғамның алдыңғы қатарлы озық ойшылы бола отырып, қоғамның әртүрлі құбылыстарын тек сырттан бақылаушы емес, оған өз бағасын беріп, ұсыныс-пікірлерімен де тікелей араласарлық мүмкіндіктерін үнемі ескере бермейміз. Кекілбаев өткен заманда да партия қызметіне шақырылды. Бірақ, партияның солақай қол­шоқ­па­рына ешқашан ай­налған емес. Кері­сін­ше, әсіресе әде­биет, мәдениетке партия саяса­тының әділ қалыптасуына оң ықпалын тигізді. Өйткені, Әбекең өзі­нің табиғи шын­шыл, адал, әділ бол­мысын сақтап қана қоймай, қо­ғам­дағы әртүрлі оқиға, қарым-қаты­насқа да азаматтық­тың ар тұрғысынан қарай білді.

Біз кейде бүгінгі күннің биігінен өт­кен заманы­мыз­дың қыр-сырына үңіліп жатпастан, бәрін “бір қауызға” сый­ғы­зып, “бір сыпыр­ғышпен” сыпырып, баға беріп жататы­ны­мыз бар. Сол то­та­литарлық жүйенің кезінде де әртүрлі лауазымды қызмет­терде жүріп, ұлты­мыз­дың ұлттық мә­дениет, әдебиет, ұлттық мұра, салт-дәстүрлерінің сақ­та­луына сақшы бол­­ған ардақты адам­дарымыз да бар­шылық. Әбекең ол адамдардың өмі­рі мен қызметін, ұлттық ұстаным­да­ры мен дүниета­ны­мын жақсы біледі, олар туралы ауыз тұшытып айтып та жүреді. Әбекең­нің сондай ыждаһатпен айтатын адамда­ры­ның қатарында Нұр­­тас Оңдасы­новтың, Ілияс Ома­ровтың, Өзбекәлі Жәнібековтің орын­дары бөлек. Олар сол кездерде пар­тия­ның идеология саласының, немесе үкімет басшысының қызметінде жүрген­дерін қазақтың ұлттық мәдениетінің өркендеуіне жұмсағанын тек шежіре түрінде ғана жинақтап қоймай, өзінің қоғамдық, мемлекеттік қызметінде де үлгі еткенге ұқсайды. Осы арыстардың қазақтың тілін, әдебиетін, мәдениетін, ұлттық ерекшеліктерін мәртебелеу жолындағы білімдарлық еңбектерін, саяси ұтқырлықтары мен тапқырлықтарын нақты деректермен негіздеп, олардың іс-әрекеттері туралы шабыты келген шақта төгілтіп әңгіме айтады.

Әбекең өткен ғасырдың 70-80 жылдар аралығында мәдениет, әдебиет, кино салаларында ұйымдастыру-шығармашы­лық қызметтерін атқара жүріп, өзінің жазушылық кәсібін алдыңғы қатарға қоя білді. Партияның Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде әдебиет секторының меңгерушілігіне Әбіш Кекілбаев жазушы­ларға да, қоғамға да сөйлесе сөзі өтетін, қажет кезінде басқарушы билікке олардың да талап, тілегін, сөзін өткізе алатын беделді қаламгер, тәжірибелі саясаткер ретінде қызметке шақырылды. Сол жыл­дарда бір-бірімізді түсінісіп, сырласып, ақылдасып жүріп абыройлы қызмет атқардық. Әбекең Орталық Комитеттен Мәдениет министрінің орынбасары қыз­ме­тіне жіберіліп, қысқа мерзімде қыруар істер атқара алды. Әрине, ол лауазым шекпені Әбекеңнің иығына тарлау болға­ны да рас. Бірақ сол кезде жасақталып жатқан мемлекеттік тарихи мұражай үшін, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жөнделуі, басқа да тарихи ескерткіштерді сақтап, жанданды­ру үшін Әбекеңнің сол салаға келуі пайдалы болды. Соңыра Әбекең қайтадан Орталық Комитетке ұлтаралық қатынас­тар бөлімі­нің басшылық қызметіне шақырылды.

 Жаңа мемлекет тұсында да Әбекең – депутат, Комитет төрағасы, Жоғарғы Кеңес Төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты сияқты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып келеді.

Менің пайымдауымша сол жылдарда да, қазіргі заманымызда да Әбекеңнің саясатқа құлшынған құштарлығы бола қойған жоқ. Әбекең өз бастамашыл­дығы­мен саясат іздеп ұмтылмады. Саясатқа Әбіш Кекілбаев сияқты тұлға қажет бол­ды. Әбекеңнің ішкі дайындығы жеткілікті болған соң, реті келгенде одан бас тартпа­ды. Желкенді қайыққа мінді. Желкеніне жел есті. Саясатта да өнердегідей жолы болды. Бір жақсысы – саясаттың ықпыл-жық­пыл ойындарынан бойын аулақ ұс­тап, жеке даралығын сақтады. Мұндай да­ралық түптеп келгенде тазалыққа тән. Дәл қым-қуыт кезінде қиындау болғаны­мен, кейбір ұсақ-түйектен ұтылыс болғанымен, түбі бағаланады. Басқа марапаттарын айтпағанның өзінде Әбекеңнің бірінші нөмірлі “Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев” деген орденнің иегері болуы да, сірә, жайдан жай емес шығар.

Әбіш Кекілбаев 1995 жылы “Егемен Қазақстан” газетіне берген бір сұхбатында бұл туралы өзі былай деп түйіндейді: “Адамдар мен халықтардың арасындағы жарастыққа қызмет ету – менің сурет­керлік те, азаматтық та парызым. ...Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді. Қиял арқылы шешіп келген мәсе­лелерге нақты өмірде тікелей атсалысуға мүмкіндік туып тұрса, одан қалайша бой тартамын? Оның үстіне, қай кезде де қаламгерлік еңбекті қоғамдық қызметпен ұштастырып жүрген адаммын. Саясатқа келгеніме өкінбеймін. Тауқыметі көп. Күндіз күлкіңді, түнде ұйқыңды бұзатын тұстары да мол. Әлеу­меттік өмірдің талай шиеленісті додала­рының ортасында жүруге де тура келді”. (Әбіш Кекілбайұлы, Он екі томдық шығ. жинағы. 9-том. 397-398 беттер).

Кеңес Одағының соңғы кезеңінде ұлттық сананың жаңа сапалық сатыға көтерілу үдерісі мейлінше өрістеп, ол туралы пікірталас бүкіл кеңістікте бұрын-соңды болмаған сипат алды. 1922 жылғы қабылданған Одақтық келісімді жаңарту, жаңғырту қажеттігі туды. Осының төңіре­гінде Мәскеуде, одақтас республикаларда пікірталастар басталды. Әртүрлі “дөңгелек үстелдер”, жиналыстар жиіледі. Мәскеуге жиналған съездерде Балтық жағалауы, Кавказ республикалары егемендік туралы әңгіме көтере бастады. Әбекең Қазақстан делегациясының құрамында осы айтыс­тардың көпшілігіне қатынасып, жұрт назарын аудартатын тиянақты ұсыныс, әсерлі пікір айтып жүрді. Сол кезең туралы Әбекең өзі былай деп еске алады:

“Елдегі әлеуметтік оянуға 1989 жылғы көктемде өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы жаңа қарқын қосты. Демократия­лық оппозиция 1922 жылы жасалған Одақтық шартты жаңалау мәселесін көтерді. Бұл реформалар ағысын ұлттық қатынастар арнасына қарай бұрды. Сол жылғы мамырда Литва, шілдеде Латвия, қыркүйекте Әзірбайжан мемлекеттік егемендіктері туралы декларациялар қабылдады. Бұдан шошынған СОКП мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Литва, Латвия, Әзірбайжан мәлімдеме­лерін танудан бас тартты.

Оларды одан әрі шошыта түскілері келгендей 1990 жыл басталмай жатып, Литва тәуелсіздік жариялады. Іле-шала оған Латвия мен Эстония қосылды. Бұл үдеріс осымен тынар ма екен, жоқ одан әрі жалғасар ма екен деп тұрғанда, Ресей Федерациясы осы алуандас мәлімдеме жасады. Оған басқа республикалар қосыл­ды. Сол жылғы 25 қазанда біздің Жоғарғы Кеңесіміз Егемендік декларациясын қабылдады. Декларацияны қабылдау үшін одақтас республикалардың басым көп­шілігінің мәлімдеме қабылдауын тосуға тура келді. Өйткені, алдыңғы жылғы есеп алуда қазақтар әлі тұрғындар санының 40 пайызын құрамайтын. Басқа ұлт өкілдері өз тарихи отандарында жарияланып жатқан егемендіктің Қазақстанда да жариялануы тарихи әділеттілік боларын сонда ғана түсінді. Бұл құжат орталық алдында заңды түрде талаптар қоюға мүмкіндіктер берді.

Орталық пен республикалар арасында жаңа құқықтық ілік пайда болды. “Одақтық заңның ба, республикалық заңдардың ба – қайсысының күші басым деген таластар туды”. (Ә.Кекілбайұлы. Ұлтты ұлы мұрат алға жетелейді. “Егемен Қазақстан”, 7 қараша, 2006 ж.). Міне, осы таластардың қайнаған ортасында полемист Әбекең жүрді. Жай жүрген жоқ, қазақтың ұлттық мүддесін өткізіп, дәлелдеп, қорғап, ұтып жүрді. Халық оны сол үшін де қадірлейді, сенеді.

Сол жылдары тек орталық, немесе сырт елдерде ғана емес, ұлттық мүддені өз ішімізде, республиканың ішкі саяса­тын­да нәтижелі жүргізе білу маңызды­лығы кезек күттірмейтін жағдайда тұрды. Ұзақ жылдар тұтасып, қатып тұрған ауыр жүйе сыр беріп ыдырай бастағанда салмақ ең алдымен ұлтаралық, ұлттық қаты­настарға түсті. Саясиландырылған жалаң ұрандар қоғамның сезімтал қан тамырларын жалаңаштады.

Ресейдің кейбір саяси күштері тарапы­нан “одақтас республикалардағы орыстар­дың жағдайын құтқару” ұранын жалын­датып қаулатты. Бастапқы кезде мұндай әрекеттердің көпшілік сезіміне әсер еткені де рас. Тіпті ұлттық, тілдік, экономикалық жағдайлары жоғары дәрежеде қамтамасыз етілген кейбір топтар осы Қазақстанда бәрінен қағажу көріп жүргендей сезінген­дері де рас. 90-шы жылдардың басы экономиканың құлдырап, тұрмыстың барынша төмендеуімен ерекшеленеді. Сондай-ақ қоғамдағы қайшылықтар шиеленісіп, саяси ауаның қызуы көтері­ліп, ыстығы күшейіп-ақ тұрды. Әсіресе қазақ тілінің жағдайы, ономастика мәсе­лелері, ұлттық тарих, мәдениет тағдыры, толып жатқан әлеуметтік кемшіліктер саяси топтардың қолына жалау, тіліне тиек болып, дау-талас жайлап, саяси қиқу сары желдей ысқырып, ешкім ешкімді тыңдай алмаған да бір кездер болды.

Әбіш Кекілбаевтың саяси-қоғамдық белсенділігінің артуы оның сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаттық қызметімен байланысты болды.

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев та сол жылдары Жоғарғы Кеңес депутаттарымен тығыз, өте тиімді жұмыс жасай білді. Олардың көпшілігімен тікелей пікірлесіп, ой бөлісіп отырды. Жанына жақын тартып, сенім білдірді, көтермелеп, қолдау көрсетті. Жаңа дең­гей­ге көтерілуіне ықпал етті. Президенттің құқықтық саясатының кеңістігін қалыптастыруға Салық Зиманов, Қаратай Тұрысов, Өмірбек Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов, Сауық Тәкежанов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Мұрат Әуезов, Нұрлан Оразалин сияқты ұлтжанды, ұлт мүддесіне шын жанашыр ғалымдар, жазушылар топтасты.

1990 жылғы сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттарының үлесіне еліміздің егемендігі туралы тұңғыш Декларация, бір жылдан кейін мемлекеттік Тәуелсіздік туралы, тілдер туралы заңдар, тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясын қабылдау бақыты тиді. Міне, осы тағдырлы шешім­дерді талқылау, қабылдау барысының ең кереғар пікірталас додасының дәл ортасында Әбіш Кекілбаевтың нанымды деректері мен ұтымды, өтімді сөздері депутаттарды тек ымыраға келтіріп, бір ауыздан дауыс беруге жұмылдырып қана қоймай, Жоғарғы Кеңестей мемлекет институтының мәртебесін, беделін халық алдында көтеріп отырды. Пікірталас әбден шиеленіскен тұста Кекілбаев сөзге араласып, талқыланып жатқан мәселені дауға емес, дәйекті дәлел, сарабдал ой тастап, қайшылықты – бірыңғайлыққа, таласты – татулыққа айналдыра алатын. Коммунистік партияның басқарушы беделі төмендеп, Кеңес Одағы күйзелу мен күйреудің арасында тұрған шақта, республика жұртшылығы ішкі бірлікті көрсетіп, 1991 жылдың 1 желтоқсанында бүкілхалықтық Президент сайлауына жұмылып, еліміздің Тұңғыш Президентін сайладық. Бұл біздің өміріміздегі, қоға­мымыздағы аса ірі, әрі тарихи оқиға болды. Халықтың рухы мен көңіл-күйі көтерілді. Тұңғыш рет Президентті ұлық­тау (инаугурация) рәсімі өткізілді. Президент Қазақстан халқына ант берді. Депутаттар, зиялылар атынан Әбіш Кекілбаев тереңнен толғап, бүгінге теңеп, болашаққа меңзеп әсерлі, шұрайлы сөз сөйледі. Халықтың көкейіндегісін айтты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік құрылымдар мен жауыннан кейін қаптаған саңырауқұлақтай саяси партиялардың, саяси топтардың бастарын біріктіріп, ең басты құндылық – ұлтара­лық өзара түсіністік пен сыйласымдылық қағидасын тұрақтандырудың маңыздылы­ғына назар аударды. Қоғамдағы, ел ара­сындағы тыныштықты, тұрақтылықты қамтамасыз етпей, ешқандай да эконо­микалық, саяси реформалар жүргізу мүм­кін еместігі халыққа дамылсыз түсін­діріл­ді. Қоғам жағдайының жақсаруы немесе керісінше болуы халықтың өз қолында екендігі де жүйелі түрде түсіндірілді. Елбасы өзінде бар билік пен мүмкіндікті қо­ғаммен, халықпен тығыз ақпараттық қа­рым-қатынаста болып, кеңесуге, қо­ғамдық пікірмен санаса отырып, қажетін алып, терісін дәлелді түрде жоққа шыға­рып, мемлекеттік тиімді саясат жүргізуге сауаттылықпен пайдаланды. Президент осындай рухани жұтаң кездің өзінде халықпен кеңесіп, қоғамдық пікірді сарап­тап отыру қажеттігін өте сезімтал­дық­пен шебер жүргізді. Еліміздің эко­номикалық даму стратегиясының тұжы­рымдамасын жасау қолға алынды. Сон­дай-ақ қоғам дамуының, рухани өркен­деу­дің тұжырымдамасы да дәл сол кезең­нің саяси ерекшеліктерін ескере отырып жасалды. Мұндай күрделі құжаттардың негізгі мақсаты мемлекеттік саясатты жүзеге асыру екені де белгілі. Әрине, бұл жерде арнайы мемлекеттік жауапты, білікті қызметкерлердің, мемлекеттік аппараттың қызметіне де көп нәрсе байланысты. Ал олардың басы-қасында, Президенттің ақылдасар алқасында Әбіш Кекілбаевтай білгір де орнықты, сабырлы, мінезге бай мемлекетшіл, ұлтжанды және ел арасында беделі бар адамдардың жүруін көпшілік жылы қабылдап, қоғам құптайтыны анық.

1993 жылы Әбекең Президенттің жанында мемлекеттік кеңесші деген қызметке тағайындалды. Сол кезде әйгілі жазушы Тахауи Ахтанов бір кездескенде: “Осы Әбіштің қызметі не қызмет?” - деп сұрап еді. Тахаң да ол жылдары тарихи шы­ғармашылыққа бет алып, тың дүние­лер шығарып жүрген. “Таха, қазақтың тарихы мен қызметін өзіңізден артық білеміз бе, Сіз қалай ойлайсыз?” – деп сұрақты өзіне бұрып ем, ол кісі де соны күткендей: “Дәл осы қызметі – Бұқар жыраудың қызметі емес пе?” – дегені. Бұқар жыраудай данагөй дүлдүлдің тарих­та Абылайдың хандық қайраткерлігімен қатар айтылуының өзі де қоғамның қай кезде де рухани биіктікке ұмтылысын білдірсе керек. Тахаңның айтып тұрғаны – Елбасының жанында ақыл-парасаты мол, әділ де адал адамның жүргенін қалайтын зиялылар ойы еді.

1992-1993 жылдары қоғам­ның көңі­лінен шығатын көптеген маңыз­ды шаралар ұйымдастырылып, өткізілді. Ол кезде қоғамда сұрақ көп болатын. Сұ­рақ әр кезде де жеткілікті. Бірақ, бұрынғы саяси-экономикалық жүйе құлап, эко­номикалық дағдарыс басталып, ондаған жылдар бойы санамызбен сеніп келген дү­ниетанымдық құндылықтардан бас тар­тып, қоғам дамуының беймәлім жолына түскенде сұрақтың көп, жауаптың жеткі­ліксіз болатынын бастан кешірдік. Бұрын-соңды болмаған жаңа, демокра­тиялық, құқықтық, ізгілікті, зайырлы мемлекет құрудың бірінші кезеңі басталып, жүріп жатты. Қоғамда түсініксіз жағдай көп. Ең бастысы – экономика күн сайын құлды­рап, шашылып, шегіне жетті. Қаржы жоқ. Жаппай жұмыссыздық басталды. Зейнетақы, жалақы айлап төленбейтін бол­ды. Әуел баста оның себебін түсіне ал­маған жұрт көшеге, митингілерге шықты. Айқай, шу жеткі­лікті болды. Мемлекеттік қызметкерлер осындай қиын жағдайда елмен сөйлесуге де, күн-түн демей ізде­ніп, дүние жүзінің тәжірибесін жинақтап, өркениетті заңдар жобаларын дайындауға міндетті болды. Бұл – уақыт өткен сайын айтуға жеңіл мәселелер еді. Қазақ хал­қының тарихын жаңғыртып, ұмыт болған тарихи тұлға­лардың есімдері жұрт назары­на ұсыны­лып, оларға ас берілді, ескерт­кіштер орнатылып, рухани өмірімізге, әсіресе ұлттық патриотизм санасын қалыптас­тыруда олардың қазақ үшін, жер үшін тігілген өмірі мен ерлігі жария етілді. Президенттің қатынасуымен барлық облыстардан мемлекеттік қызметкерлер, саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар, баспасөз өкілдерінің басы қосылған республикалық идеологиялық жиналыс өткізілді. Тарихтың, қоғамның өз әлеуетін пайдалану сөз болды. Осындай шаралар­дың құрамында бабалар рухына тағзым ете отырып, бүгінгі ынтымағымызға ық­па­лын тигізетін көпшілік бас қосуларын өткіздік. Ордабасыда 1726 жылы қазақтың үш жүзінің басын қосқан Билер жиыны тәжірибесін еске алып, көршілес отырған үш мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттерінің кездесуі ха­лықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтып, жақсы нәтиже берді. Жүз елу мыңнан астам халық жиналды. Президент Тутөбе­ге көтеріліп, көк байрағымызды тікті. Халыққа арнап сөз сөйледі. Мен ол кезде вице-премьер қызметінде болған­дықтан, осы маңызды шаруаны Әбекең­мен бірге қатар жүріп, ақылдасып ұйымдастырдық. Әбекең шын мәнінде таптырмайтын ақылшы, ақы сұрамайтын кеңесші.

Ресейдің кейбір саяси күштерінің итермелеуімен ұлтаралық қатынасқа салмақ түсіріліп, казактар қозғалысы етек алып, әр жерде сепараттық көзқарастар күшейген тұста Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен Әбіш Кекілбаевпен бірге бір топ “дуалы ауыз” ғалымдарды ертіп Орталық, Солтүстік облыстарды бірнеше рет араладық. Көптеген адамдармен кез­дестік. Сұрақ-жауап пікіралысулар өткіз­дік. Әртүрлі үлкенді-кішілі аудитория­ларда тәуелсіздіктің, ұлттың, мемлекеттің мұң-мұқтаждары, сұраныс, талаптары, алдағы мақсаттар жайлы лекциялар оқыдық, кейбір жерлерде әртүрлі нара­зылық митингілерге қатынасып, сабырға шақырып, екпіндерін бәсеңдеттік. Осындай сапарлардың бірнеше мақ­саттары болатын. Біріншіден, жергілікті жерлерде ел-жұртпен дидарласу, әртүрлі сұрақтарға жауап беру, елдің жағдайын білу. Екіншіден, Президент, Үкімет, Жоғарғы Кеңес тарапынан жүргізіліп жатқан саясатқа жұрттың көзқарасын білу. Үшіншіден, халық пікірімен санаса отырып, қандай шаралар ұйымдастыру, қандай заңдарды ең алдыңғы кезекте дайындап, қабылдау қажеттігін білу. Бір жолда Президент осындай талаптарға қосымша болашақта Астананы көшіру мәселесін де зерттей келуді тапсырды. Ол кезде (1993 жыл) ұлтаралық қатынас, тіл мәселелері күн сайын дүрліккен әңгіме­мен көтеріліп жататын. Оған қосымша ішкі-сыртқы қоныс аударушылар да жөңкіліп көшіп жатты. Солтүстік өңір­лерден қазақтар Алматы жаққа, орыстар Ресей жағалап, немістер Германияға көш-керуен түзеген. Сол көші-қонның се­бептерін де зерттедік. Петропавл қала­сында жергілікті казактар Коммунистік даңғылын Мағжан Жұмабаев атына ауыстырғанына қарсы болып, наразылық митингісін ұйымдастырды. Жиналғандар алдына Әбекең шығып сөйледі. Қазақтың жерінде ешкім, ешқандай ұлт қысымшы­лық көрмегенін, қайта қазақ тілі, мәдениеті, дәстүрі шектеліп қалғанын ешкімнің шамына тимей ұғынықты етіп жеткізді. Мағжанның кім екенін айтты. Митингішілер райынан қайтты. Осы, тағы басқа сапарларымызда Президенттің Астананы көшіру жөніндегі әлі жариялана қоймаған, ой түбінде жатқан шешімінің дұрыстығына көзіміз тағы да жетті. Келген соң Президенттің атына өз пікірімізді айтып қызмет бабындағы записка жаздық.

Сол жылы атақты Орбұлақ шайқасы­ның 350 жылдығы — халқымызда, әсіресе жас ұрпақ санасында ұлттық патриотизм сезімін күшейтуге тигізер ықпалы мол, танымдық мәні зор шара ретінде өткізілді. Әбекең ел-жұрт қошеметіне бөленіп, қа­зақ жауынгерлері шекара күзетінде ерлік көрсеткен Белжайлауда тарихи танымдық тамаша баяндама жасады. Баяндаманың тарихқа жүгінген өзектерін Әбекең өзіне тән саясаткерлік, көсемсөз­дік шеберлігі­мен бүгінгі қазақ қоғамының міндетімен аса зергерлікпен ұштастырып, елді, жерді қорғаудың қасиеттілігіне тоқталды. Әбекеңнің баяндамасын тыңдаған адам әлі күнге соны тамсанып еске алады. Жалпы, Әбекең Жаркент өңіріне барған сайын елмен арқа-жарқа шүйіркелесіп, көл-көсір ниеті мен тілегін ағынан жары­лып айтып, жұртты жады­ратып кетеді.

Қазақ көркемсурет өнерінің негізін қалаушы, қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің, ұлы композитор, ағартушы, қазақ музыка өнерінің жаңа өрісінің есігін ашқан Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойларында да адам жаны мен білімін байытатын тамаша баяндамаларды да осы Әбіш Кекілбаев жасап, қалың елдің алғысына кенелді.

Тараздың 2000 жылдық қарсаңында жарық көрген “Талайғы Тараз”, Ма­хам­беттің 200 жылдығына жазылған “Шан­доз”, биыл жазда “Егемен Қазақстанға” шыққан “Тіл және Тәуелсіздік” сияқты шығармалардың әрқайсысы біздің қоғамымыздың бүгінгі сұранысы, ертең­нің асыл дүниелері.

Әбекең – саясаткер, мемлекеттік қызметкер, қайраткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ең сенімді лауазымды адам­дарының бірі. Парламенттің құрамында Әбіш Кекілбаевтай тұлғаның болуы – ең ал­дымен елдігіміздің жақсы нышаны, мем­­лекеттік қызметкерлерге құрмет, Пар­ла­ментке абырой, қоғамға қажет, елге медет.



Авторы: Қуаныш СҰЛТАНОВ, сенатор.

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz