Д е р е к т е р  

Әдебиет майталмандары

 

Мәшһүр Жүсіп мұралары. Ашып қалсаң бір тарих

 

Қуандық Мәшһүр ЖҮСІП, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік  университетінің кафедра меңгерушісі, профессор.

 

ХХ ғасырдың басында қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, С.Торайғыров атындағы елді мекенде тұрған Әбжалаб диуана қайтыс болғанда, оның денесін арулап жуу кезінде, Мәшһүр Жүсіптің өзі шәйнекпен су құйып тұрып: “Мына төбеміз­дегі шоқ бұлтты көрдіңдер ме, ол бізге көлеңкесін түсіріп тұр. Әбжалаб тегін кісі емес”, – деген. Кейін бейіт басына барып, диуананы ораған кигізді ашқанда, онда әулиенің денесі жоқ болып шығады. Бұған дейін адамдар үс­тінен бір топ шағала ұшып өткені еске алынады. Сонда Мәшһүр Жүсіп айтады: “Әбжалабтың денесі көрде жатпайды, менің денем 40 жыл шірімейді”.

1930 жылы Мәшһүр Жүсіп өзі жерленуге тиісті кесенені көзі тірісінде өзі салдырады да, өзінің қай жерге жататынын, өлікті орауға арналған кебін тәрізді ақ матаны дүркін-дүркін жауып отыру керек­тігін ескертеді. 1952 жылға дейін Мәшекеңнің басына барушылар­дың қабірге түсіп, мата жауып жүр­генін бала кезімде сан көрдім. Сонда төр үйдегі біріне-бірі жап­сар­лас орналасқан бөренелер еден қызметін атқаратын да, төмен тү­суге арналған, еденнің жалғасы тә­різді жатқан есікті сыртқа көтеріп тартып ашқаннан кейін, қараңғы көрге екі ер адам арнайы сәкімен тө­мен түсетін. Бұл кезде оларға ке­росин лампасын сырттан біреу ұсы­натын. Сондай істі бір рет атқа­рып тұрғанымда, төмендегі ақса­қалдың бір қолы қорыққанынан дірілдеп тұрғаны есімде қалыпты.

1952 жылы тамыз айында дінге қарсы күрес науқаны белең алды. Ауданнан келген 3 адам, біреуі НКВД қызметкері Малаев, ау­парт­комнан: Сағынаев және Акө­шев бұрынғы Жаңажол колхозы­ның бір топ ер адамдарын жүк мәшинесі­не отырғызып, бабамыз­дың кесе­несін бұздыруға алып барады. Сол жерде ауыз үйді ғана бұ­зып, төр үйге ешкім кірмеуі, сөй­тіп аруаққа сыйынып, түнеу мүмкін­дігін тоқ­тату үшін, оның есігін кірпішпен бекітумен шектелуді ұсынған Мәш­һүр Жүсіптің кенже ұлы Жү­сіпов Фазылдың ойы айтылады. Оны ауданнан келген 3 адамның екеуі ашық мақұлдауға қорқып, үнсіз қалса, олардың ішінде бел­сен­ділікпен жоғары жаққа жағын­ғысы келген Акөшев Қасымның: “Әйда бұзамыз!” — деген өктем бұйрығынан кейін бұрын басқа ауылда колхоз бастығы болып, кейін Бөлдей деген мекенде ферма меңгерушілігінде жүрген Жұмаділда атты азамат зиратқа бірінші болып қайла сілтеп, бата алмай тұрған басқаларға мұрындық болады. Сол жолы белсенділік танытқан Жұма­ділданың жылға жетпей өлуіне байланысты: “Мәшһүр атамыздың аруағы атты оны!”– деп ауыл адамдарының, оның ішінде, әсіресе келіні Нұрила Тәшқызының әуелі сыбырмен, кейін ашық айта баста­ғаны да есімде қалыпты.

1956 жылы СОКП ХХ съезінде И.В.Сталиннің жеке басына табыну зардаптары сыналғаннан кейін, Мәшһүр Жүсіп кесенесін бұзуды айыптау мүмкіндігі туғаны анық. Белгілі ақын Дихан Әбілев сол жылдың 16 наурызында республика­лық “Қазақ әдебиеті” газетінде жариялаған “Тағы да тарихи ескерт­кіштер туралы” мақаласында осы мәселені бірінші көтергені мәлім. Содан кейін баба ұрпақтарының ізденуіне, үкіметтен бейітті қалпына келтіруге рұқсат алады.

Соның нәтижесінде екінші рет 1957 жылы қайта салынған кесененің жаңбыр шаюынан қайта құлау қаупі туғаннан кейін, 1970 жылы баба­мыздың келіні Жүсіпова Нұрила сол кездегі Павлодар облыстық партия комитеті басшыларының бірі Махмет Қайырбаевтың тікелей көмегін пайдаланып, өз қаражатына Мәшһүр Жүсіп кесенесін үшінші рет қайта салдыртады.

Өткен жылы Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың басшылығымен жүзеге асып жатқан “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы бойынша, бұрынғы Үкімет басшысы Д.К.Ахметовтың арнайы қаржы бөлгізуімен және бір топ саналы азаматтардың демеушілік білдіріп қолдауымен Мәшекеңнің зиратын бір рет дұрыстап тұрғызуға кірісу мүмкін болды. Осы орайда, Мәшһүр Жүсіп кесенесіне арналған екі жобаның бірінің, яғни үздігінің иесі С.Торайғыров атындағы Павло­дар мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Е.М.Арынның белсене кірісіп, ұйымдастыруымен, “Ремстрой” ЖШС директоры Бағдат Алаханов басқарған жұмысшылардың қажырлы еңбегімен бүкіл елге ұялмай көрсетерлік қалыпта ақын кесенесін төртінші рет салып бітірудің де куәсі болып отырмыз.

Осы орайда Павлодар облысы әкімдігі атқаруға тиісті, бірақ ке­шеуіл­деп, шешілмей жүрген мына бір жәйтті айтқымыз келеді. 2006 жылғы 2 қарашада облыс әкімі Қ.Нұрпейі­совке жолдаған өтініш хатта Мәшһүр Жүсіп кесенесі бітуіне орай оны күзетуге, тазалық сақтауға арнайы штат белгілеу керектігін өтініп едік. Онда тағы да бұрын Мәшһүр Жүсіп ауылында осыдан 25-30 жыл бұрын салынған ақынның мұражай үйі бар екенін, ал оны басқарушының Баянауыл ауданы орталығындағы Қ.Сәтбаев мұражайы қызметкері ретінде өте төмен жалақы алумен шектеліп келгенін, енді Мәшһүр Жүсіп мұражайын дербес етіп құрып, оның құрамына жаңадан салынған кесенені енгізіп, арнайы штаттар белгілеу керек екенін мәселе етіп қойған едік.

Ақын мұрасы ел арасынан әлі жиналып біткен жоқ. Оны жинау, іздестіру, сақтау, зерттеуге біз сұраған штаб қызметкерлері керек-ақ. Шығыс Қазақстан облысындағы Абай, Шәкәрім мұражайларында ар­найы ғылыми қызметкерлер бар екенін неге ескермейміз? Ендеше, бір жақсы істі бастаған екенбіз, оны орта жолда қалдырмай, қазірден бас­тап штат мәселесін дұрыстап ше­­шу керектігі дау тудырмаса керек.

Бұл кесененің жақында, был­тырғы 11 қарашада ашылуына 10 мыңнан аса адам жиналуы, 150- дей киіз үй тігілуі, Мемлекеттік хатшы О.Әбдікәрімовтің, елімізге танымал Ж.Әбділдин, Р.Нұрғали, М.Әбусейітова, Ғ.Есім, А.Сейдім­бек сияқты лебіз білдіру­лері — бәрі Мәшһүр Жүсіп ата­мызға деген зор құрметтің белгісі екені анық. Сол жиын алдында, 10 қарашада, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универси­тетінде “ІV Мәшһүр Жүсіп оқула­ры” ғылыми конференциясы өт­кені, онда сөйлеген ғалымдардың 2008 жылғы Мәшһүр Жүсіптің 150 жылдық мерейтойын халықаралық дәрежеде өткізу үшін оған дайын­дық қазірден басталуы керектігі көтерілгенін атап айтқан жөн. Өйт­кені оған да бар-жоғы бір жыл қал­ды. Сөз соңында әзірленіп, шығып жатқан 20 томдығына дайындалған дүниелер­дің ішінен Мәшһүр Жүсіп шығар­маларының ел тәуелсіздігі үшін жан қиған қазақ халқының мақтаныш етер қайрат­кер­лері: Кенесары мен Наурызбай өлімі бейнеленген деректі оқырман назарына ұсын­ғанды жөн көрдік. Бұл мәтін Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхана қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан (1170-папка, 795-808 б.б.) алынды. Сөз болып отырған мә­тінге негіз болған деректер қайдан алынған десек, өмірінің 9 жылын ел аралаумен өткізген Мәшһүр Жү­сіптің сол азаматтар көз жұм­ғаннан кейін 25-30 жыл өтісімен, қырғыз елінен жер ауып келгендерден, яғни сол оқиғаларды тікелей көзбен кө­рушілерден естіп, қағазға түсіргенін ақын көп жерде және осы әңгіме соңында да арнайы ескерткен.

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz