Қазақстанның  Еңбек  Ерлері

 

Миразова  Аягүл  Төреқызы

 

29.12.2008 / 16:49

Ұстаздық өмірімде өте бақытты адаммын - Қазақстанның Еңбек Ері А. Миразова

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 29-ы. ҚазАқпарат /Нұрмұхаммед Ишан/ - «Ұстаздық өмірімде өте бақытты адаммын. Еңбегіңді халқың бағалап, жылы сөздер айтып жатса, одан артық сыйлықтың керегі жоқ. Маған берілген атақты жалпы педагогтерге жасалған құрмет деп түсінемін». «Қазақстанның Еңбек Ері» наградасының тұңғыш иегері, Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры Аягүл Миразова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.

 

 - Аягүл Төреқызы, бұл марапатты қалай қабылдадыңыз. Осы құрметтің сіз үшін қаншалықты маңызы бар?

- Еліміз Тәуелсіздік алған он жеті жылдың ішінде әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағынан айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Республикамыз әлем таныған елдердің қатарына қосылып, қазақ деген атымыз шартарапты шарлады. Қазір дүниежүзі қазақтарды тұрақты, бейбітшілікті қолдайтын халық ретінде мойындайды. Қайталап айтайын, бұл Президентіміздің көреген саясатының арқасында қол жеткізіп жатқан табыстар. Оған бүгінде барлығымыздың көзіміз жетіп отыр. Ескере кететін тағы бір жайт, біз өзіміз туралы шет елдердің жағымды пікірлерін жиі естиміз. Дамыған елу елдің қатарына қосылғалы отырған Қазақстан үшін мұның маңызы орасан. Осындай дәрежеге көтерілген шақта «Қазақстанның Еңбек Ері» деген награданың тағайындалуы нұр үстіне нұр болды. Бұл кез келген басшының қолынан келе бермейтін іс. Оны бірінші болып алғаныма, әрине, шын қуаныштымын. Жалпы, бұл атақ тек маған ғана емес, бүкіл ұстаз қауымына берген әділ баға. Еліміздің дамуына аянбай атсалысып жүрген азаматтар құдайға шүкір, баршылық. Бірақ Елбасымыз бұл награданы бірінші болып педагогтар қауымына берді. Себебі, мұғалімдер ? еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстаушы тұлғаларды, Елбасымыздың атқарып жатқан ізгі істерін кейінге жалғастыратын шәкірттерді өсіріп шығарушы ұсталар.

- Өзіңіз басқарған жылдарда оқу ошағының оқушылары қандай табыстарға қол жеткізді?

- 1998-2007 жылдар аралығында біздің мектептің 56 оқушысы «Алтын белгі», 126 түлегі «Ерекше аттестат», 255 оқушысы жекелеген пәндер бойынша мақтау қағаздарын иеленді. Қалалық олимпиададан -80, республикалық олимпиададан - 52, республикалық конференциядан 11 рет орын алды. Түрлі байқауларда, көрмелерде жеңімпаз атанғандардың саны ? 186, спорттық жарыстарда жүлделі орындарға ие болғандардың қатары ? 35. Тағы 35 оқушымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша жолдама алып, 5 оқушымыз республикалық шығарма байқауында жүлдегер атанды. Олардың жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші 99 пайызды құрайды.

- Гимназияның педагогикалық ұжымының сапалық құрамы туралы айтып өтсеңіз?

- Мектепте барлығы 95 педагог мамандар жұмыс істейді. Оның қатарында жоғары дәрежелі, жоғары санатты мұғалімдердің саны - 50, жоғары дәрежелі, бірінші санаттағы мұғалімдер саны ? 16, жоғары дәрежелі, екінші санаттағы мұғалімдердің саны -11. Сондай-ақ 34 ҚР оқу ісінің үздігі, 4 еңбек ардагері, 2 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1 әдіскер мұғалім, 2 аға мұғалім, Ы.Алтынсарин медалінің 6 иегері бар. 32 ұстаз ҚР Білім және ғылым министрінің грамотасын алса, 3-еуі «Жыл мұғалімі» байқауының, 7-еуі халықаралық, республикалық конференцияның жеңімпазы атанды.

- Ұстаз деген сөздің мағынасын қалай түсінесіз? Ұстаздың ең басты мақсаты не?

- Бұл бір ғана сөзбен анықтама бере салатын мамандық емес. «Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді қазақ. Бұл басқа емес, дәл педагог мамандығына арнап айтылған мақал. Әрине, ұстаз деп тек мұғалімдерді айтуға болмайды. Сенің өміріңе бағыт берген, кәсібіңе үйреткен, тіршілігіңе нәр берген адамның барлығын ұстаз санау қажет. Егер мектептегі ұстазға келер болсақ, бұларды жаны өте нәзік, жомарт, сезімтал жандар деп айтар едім. Оқушыға ұстаздық жасайтын адамның бойында өз мамандығына берілген, бар қуатын оқушыға сарқып бере алатын, онымен бірге қуана да, қайғыра да білетін барлық асыл қасиеттер болу қажет. Менің ойымша, ұстаз болу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Нағыз ұстаз шәкірттерін «біз жақсы ұстаздан сабақ алдық» деп айтатындай дәрежеге жеткізу керек.

- Педагогика ғылымындағы жеке тұлғаны тәрбиелеу мәселесіне тоқталсаңыз?

- Тәрбие үш жерден, негізден жиналады. Бірінші - отбасынан, екінші ? мектептен, үшінші ? қоршаған ортадан. Мұның бірін екіншісінен бөліп қарастыруға болмайды. Олар болса оқушы жеке тұлға ретінде қалыптасып, өмірден өз орнын таба алады. Осы үшеуінен кеткен кемістік бала тәрбиесінің нашарлауына әкеп соғады. Бірде бір ата-ана баласының жаман болуын қаламайды. Оған өз перзентінен қымбат байлық жоқ. Мектеп те өзінің шәкірті басқалардан озық болса екен деп тілейді. Әрине, адам жүрген жерде кемшіліктер болып тұрады. Педагогика жұмысындағы кейбір кем-кетіктерге көз жұма қарауға болмайды. Бұл «ауруын жасырған өледі» дегенге саяды. Менің пікірімше, қазір ата-ана, мұғалімдерден гөрі, оқушыны жан-жақтан келіп жатқан ақпараттар көп тәрбиелеп жатыр. Демократия, сөз бостандығы, деп аяғын алшаң басып жүргендері қаншама. Мәселен, көгілдір экраннан күнде әйел мен ердің арасындағы қатынастарды көрсетеді. Бұл баланың психологиялық жағынан ауытқып, ой-пікірінің бұзылуына апарып соғады. Екіншіден, біз баланың тіршілігін бақылаудан шығарып алдық. Ата-ана үйінде немесе клубтарда баласының интернеттен нені көріп жатқанын бақылай алмайды. Ал бұл ғаламтордан қазір барлық нәрсені табуға болады. Одан жақсыны да, жаман жақтарды да үйренуге болады. Міне осыдан кейін әкесі баласын, ұстазы шәкіртін танымай жатады. Бұл бір ғана адамның, бір ғана Елбасының жұмысы емес, оны түзеу, қалпына кетіру ұлтым деп жүрегі соғатын әрбір азаматтың борышы.

- Онымен қалай күресуге болады?

- Ең алдымен айтарым, бірлесіп күресу керек. Мәселен, кейбір Еуропа мемлкеттерінде теледидардан орынсыз уақытта қажетсіз дүние көрсетілмейді. Еуропаға қарап бой түзейтін болсақ, ең алдымен осы қасиеттерді алуымыз керек. Баланың интернетті пайдалануын бақылап отыратын бағдарламалар қажет. Кейбір сайттарға оқушының кіруіне тыйым салуымыз керек. Қазіргі балалардың мінезі ашушаң. Мұғалімдердің ғана емес, олар ата-анасының да сынын көтермейді. Бұрыс емес, дұрыс сынын қабылдай алмайды. Тез ренжиді, тез өкпелейді. Тағы бір айтарым, олар қатыгезденіп бара жатқан сияқты. Атыс-шабысқа құрылған ойын апараттары балалардың жүйке-жүйесін жұқартып, оларды осы дертке шалдықтыруда. Шетел мультфильмдерінде ата-ана мен баланы бір-біріне қарсы қоятын сөздер жиі айталады. Бұл тек Қазақстанның емес, көп мемлекеттің бас ауруына айналды. Мәскеу де осыған қатысты нақты шаралар белгілеуде.

- Қазір балаларымыз қазақ мектептерінде оқып жүрсе де орысша сөйлейді. Оларды қалай қазақтандыруға, түркілендіруге болады?

- «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген сөз бар. Көп жылдар бойы бойыңа сіңген, қаныңа таралған әдеттен бір сәтте арыла салу оңай емес. Мәселен, біздің мектеп оқушыларының 99 пайызының ата-аналары орысша сөйлейді. Бірақ, балаларының қазақша сөйлеп, қазақша ойлағанын қалайды. Тәубә, қазір оқушыларымыздың қазақша сауатын бұрынғылармен салыстыруға келмейді. Аз уақыт шыдасақ, өзіміздің әдеби тілімізге де, дәстүрімізге де жетеміз.

- Мұғалімнің мәртебесін көтеруге қатысты не айтар едіңіз?

- Мұғалімнің мәртебесін сөссіз көтеруіміз қажет. Егер 60-70 жылдарды еске түсірер болсақ, бұл уақытта мұғалім деген сөздің құдіреті күшті болатын. Мұғалімдерге деген құрмет, көзқарас ерекше-тұғын. Олар қоғамның ең іскер, ең беделді мамандық иелері саналатын. Менің ойымша, мұғалімдердің беделін біз өзіміз түсіріп жатырмыз. Өйткені мамандықты дұрыс түсінбейміз. Ұстаз қандай болу керек, қалай сөйлеу керектігіне жіті мән бермейміз. Оқытушы мамандықтың рахатын өзімен қоса, шәкірттерге де сездіру қажет. Біз материалдық жағдайды көп сөз етеміз. Бірақ бұл екінші орында тұрған мәселе. Ең бастысы, сапаны көтеру керек. Маған тағылған төсбелгіні сол беделді көтеруге жасалған қадам деп ұғамын.

- Алматыдағы мектептерге қандай баға бересіз

- Алматыда жақсы, сапалы мектептер көп. «Қазақстанның Еңбек Ері» наградасын алғаннан кейін біздің мектепке мемлекеттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша жақында Балқаш қаласында салынған № 15 мектептің директоры келді. Оны ауданның оқу бөлімі тәжірибе жинақтап қайту үшін жіберген екен. Жақсылыққа жаны құмар адамдар осындай болу керек. Қатты қуандым. Жалпы дүние салыстырмалы келеді. Мен өзімнің білгенімді ешкімнен аямаймын, бүгіп қалған кездерім де болған емес. Әлгі директорға тәжірибе алмасып тұрайық, білгенімізді бір-бірімізге үйретейік деп ұсыныс жасадым. Алматы қаласындағы мектептерге қайтып оралатын болсақ. Жалпы, қаламыз дарынды шәкірттер дайындайтын үлкен қазан іспетті. Қазір мектептердің жағдайы бұрыңғыға қарағанда жақсарып келеді. Жаңадан салынған оқу ошақтары заманға сай жаңаша техникалармен жарақтандырылуда. Әрине, ең негізгісі - қарудың саны емес, сапасы. Оны жасаушы ? жақсы мамандар.

- Өткен өміріңізде өкінішті сәттер болды ма?

- Егер болған жоқ десем, сенбеуіңіз мүмкін. Мен өзімнің әке-шешем туралы айтып өтейін. Өйткені осы жетістіктерге жетуіме солар көп әсер етті. Мен өскен ұяма шексіз ризамын. Менің әкем соғысқа қатысқан, халық қалаулысы болған кісі. Анам қарапайым, іскер адам болған. Шешемнің бойынан қазақ әйелдеріне тән барлық қасиеттерді байқауға болар еді. Ешкімге қарсы сөз айтпайтын. Ауылдың ең сыйлы кісілері болатын. Ұстаздық өмірімде өте бақытты адаммын. Осы уақытта дейін білім саласында жүріп 15 медаль алыппын. Егер сенің еңбегіңді халқың бағалап, жылы сөздер айтып жатса, одан артық сыйлықтың керегі жоқ. Алдағы уақытта да осы қарқынымды жоғалтпай еңбек етіп, оқушыларды білім нәрімен сусындата беремін.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

 

 

 

Hosted by uCoz