Д е р е к т е р  

Б а т ы р л а р

 

2009-03-21:

АҢЫЗДАН КЕЛГЕН АДАМ

 

Біз әңгімеге тартып отырған аға ұрпақ өкілі Бауыржантанудың көш-керуенін бастаушылардың бірі ғана емес, бірегейі. Өзі отставкадағы полковник, әскери ғылымдардың кандидаты, профессор. Жалпы, Баукеңнің ер тұрпатының өнегесі Ким ағаның бүкіл өміріне өзек болып тартылғандай. Ол кісінің “Бауыржан Момышулы в моей жизни”, “Батырдың шапағаты” атты қос кітабы, өз ғұмырбаянының ғибраттары соны аңғартады.

Ким аға ойшыл сардардың әскери-теориялық мұрасының қажымас қайсар насихатшысы да болып келеді. Батыр есімін есте қалдыру ретінде де жарғақ құлағы жастыққа тиген күні жоқ. Өзі мүдірлік еткен Алматыдағы әскери мектепке айтысып-тартысып жүріп Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының атын алып берудегі еңбегі ерекше. Бала қыранын алапаттарды сапырған дүлей соғыстың әлеміне қанат қақтырған ұясындай Алматыға Баукең ескерткішін орнатқызу орайындағы тынымсыз қарекет-күресіне де жиырма жылдың жүзі болып қалды-ау. Қазірде қауым-жұрттың көкейіне Баукең рухының шырақшысындай болып ұялаған Ким Серікбайұлымен сыр тарта сұхбаттасуға біз де біраздан бері құлықты болып жүр едік.

– Ким аға, әуелі өзіңіз жайында, оның ішінде әскери қызметке қалай келгеніңізді, әскери ғылым саласына неліктен бет бұрғаныңызды таратыңқырап айтсаңыз?

– Мен соғыстың алдында туған ұрпақтың өкілімін. 1941 жылы бірінші сыныпқа бардым. Соғыс бізді ерте есейтіп, сана-сезімімізді ерте толыстырды. Бала болсақ та, сол кездің жағдайының бәрін үлкендердің қас-қабағынан бағып, біліп, түсініп отыратынбыз. Азамат етікпен су кешкен заманда оған тым құрыса бір кісісі, жақын-жуығы қатыспаған қазақ отбасы болмаған-ақ шығар. Еркек кіндіктіні айтпағанда, Ақтөбе облысы, Хромтау ауданындағы біздің Көптоғай ауылының бір өзінен 8 қыз кетті соғысқа. Соның үшеуі қаза тапты. Сол қыршынынан қиылғандардың бірі менің 1923 жылы туған, баяғы Паша Ангелинаның бастамасымен тракторға отырып, одан екі айлық танкішілер курсынан өтіп майданға аттанған әпкем Ақзипа Жанқылышбаева. Анамыз 14 құрсақ көтерген екен. Ақзипаның қайғылы қазасынан кейін тағы бір әпкем Мүтәш екеуміз ғана қалдық.

Тез өссек, соғысқа біз де барып, жаудан кек алсақ деп армандайтынбыз. Күйеуі фин соғысынан оралмаған Ғалия деген жеңгеміз сабақ берді. Күнде айтатыны соғыстың жайы. Онда ерлік жасаған батыр ағалар жайындағы әңгімелерді құмартып тыңдаймыз. Сонда ең бірінші естігеніміз – Баукеңнің есімі. 1942 жылдың қаңтар, ақпан айлары болар деймін. Ол кісінің ер­ліктері туралы “Красная звезда” газетінде Алек­сандр Бектің шағын жаз­­балары шыға баста­ды. Мұғалимамыз со­ларды оқып беретін. Одан соң Баубек Бұл­қышев, Төлеген Тоқта­ров, Мәлік Ғабдуллинді естідік. Сол ағалардың ерлігімен рухтанып, жауға деген жалын атқан кегімізді қайрап салар екпінді сөздерді құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп өстік. Қара қағаз алып жылаған шал-кемпір, әйелдердің қайғысын көргенде “тезірек ер жетіп, елді енді біз қорғамасақ болмайды” деп ой түйіп, бел буатынбыз. Балалық қой, “қап, біз ержеткенше соғыс бітіп қалады-ау” деген аңғал өкініш те қылаң беретін кейде.

Кейін Москва түбіндегі арпалыста көтерілген тұңғыш қазақ командирі, әскербасы ретінде Бауыржан аты басымырақ болып кетті. Әлі есімде, 23 ақпандағы қызыләскер мерекесі алдында әр балаға жаттауға тақпақ үлестірді. Ғалия апайым маған: “Кім болам?” деген жақсы өлеңді беріп: “Әкең келіп тыңдайды, жақсылап жатта!” деп демеп қойды. Оқу­шылардың концертінде ерекше жігермен екпіндеп соқтырттым жаттауымды:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты

Қызыл әскер мен болам!

Бұдан соң да тоқтай алмай:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты

Қызыл әскер командир

Бауыржандай мен болам! – деп ары қарай өз жанымнан қосып саңқылдадым. Осы өлеңді сол уақыттың өзінде 60-тың үстіне шыққан әкем естіп, елжіреп көзіне жас алғанын көрдім. Сөйткен әкем менің 12 жасымда, шешем 14 жасымда ауырып қайтыс болып, жетім қалдым. Соғыс кезіндегі көп жетімдермен бірге мені өсіріп жеткізген үкімет.

Біз мектеп бітірген 1952 жылы Бауыржан аты тіпті дәуірлеп тұрды. Көптеген кітаптарда шықты. Қазақтың ішінде бірден-бір жалғыз батыр дегенге дейін келтірілді. Ерлігін іздеп жүріп оқыдық, еліктедік, сондай болсақ деп арман еттік. Батырлығын, шыншылдығын, өрлігін, тура сөйлейтінін үлгі еттік өзімізге. Осылайша әсіресе Бауыржан Момышұлы, одан соң Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллиннің әсер-себебімен әскер қата­рына кіріп едім. Тура 20 жыл Қазақстанда болмадым. 1953 жылы әскерге кеткеннен 1973 жылы бір-ақ оралып келдім. Шетте жүргенде ел ыстық қой. Сонда қайда жүрсем де Баукеңді ойлаумен болдым.

– Халық батырын алғаш рет қашан, қандай жағдайда көрдіңіз? Алған әсеріңіз қандай болды?

   Соғыста полк, дивизия басқарған, атағы жер жарған ағамыз қайда екен, қалай екен? Генерал болды ма? Омырауына Жұлдыз тағылды ма? – деген сұрауларға кеудем шүпілдеп толған. Бұл сұрақтардың жауабы солғындау шықты. Кейбір әңгімелердің шет жағасын естідім. Неге олай? Онысы несі? Мүмкін емес нәрсе ғой деймін. Ақыры, аңсап, іздеп жүрген Баукеңді көрдім. Мәңгі есімнен кетпейтін бұл күн – 1975 жылдың 20 қаңтары. Бұл кезде округ газетіне Баукең, оның отаншылдығы туралы мақалаларым да шыға бастаған. Власов деген армян, училище директорымыз бар еді, бір күні сол кісі маған: “Ертең бұқаралық-қорғаныс айлығының ашылуына арналған үлкен салтанатты жиынға бір взводты бастап апар”, деп бұйырды да, сосын қуақы жымиып: “Онда сенің Бауыржаның да болады”, деген сөздерді қосты.

Жарты сағатта Бауыржан Момышұлы барша болмысымен жарқырап көрінді. Ол кісі жиынға кешігіп келді. Әуелде біз оң қолына асатаяқ ұстаған жартылай әскери формадағы адамның залға қалай кіргенін байқамаппыз. Ақырын басып келіп бірінші қатардағы бос орынға отыра берген оны жиналысты жүргізуші Дмитрий Снегин ыммен төрге шақыр­ды. Кірген кісіге біз енді ғана назар аудардық. Сыбыр-күбірмен қозғалақтаған зал бірте-бірте гуілдеп кетті. Кенет, осыны байқаған, Снегиннің қасына жайғасқан адам орнынан асықпай тұрып, саусақтары тарбиған оң қолын алға ұмсына, өктем дауыспен: “Тоқта, генерал! Жақсы оқып тұрсыз. Сіздің баяндамаңыз маған ұнайды, бірақ зал сізді нашар тыңдап тұр”, деді. Генерал абдырап қалды. Көзілдірігін шешкенде оның бет-әлпетінен абыржу аңғарылды. Сірә, оны бұрын ешкім бұлай тоқтатпаған болар. Есі шығып кеткен ол қырындай бұрылып, ары қарай не болатынын тосқан сыңайлы.

– Мен Бауыржан Мо­мышұлымын, – деді кешігіп келген кісі даусын көтере, сабырлы қалпынан жазбай. – Сыбыр-күбірдің көбейгеніне қарағанда көпшілігің мені білмейтіндерің көрініп тұр. Мына шал өзі кешігіп келіп, онымен қоймай төрден неге орын алды деп те ойлап отырған боларсыңдар. Өзім келген жоқпын. Мені осында шақырған!

Баукең отырды. Зал тарс жарылып, ұзақ қол шапалақтады. Осы кезде генерал мінберден түсіп, Баукеңді қасына келіп құшақтады. Біз бәріміз орнымыздан тұрдық. Қолшапалақ дүрілдеген ұлан шу, ұлы сарынға ұласты. Бір нәрсе анық еді: жиналған жұрт келген адамға үлкен сүйіспеншілікпен ізет-құрметін көрсетіп жатты. Зал орысша-қазақша “Ба-уыр-жан!”, “Бау-ке!” деп тоқтаусыз ұрандады. Менің көзіме жас үйірілді. Өзім өмір бойы табынған піріме алғаш осылай жолығып едім.

Генерал мінберге қайтып барды, бірақ зал қол шапалақтауын жалғастыра берді. Мұны байқаған Баукең орнынан қайта тұрып, оң қолының тарбиған саусақтарын алға қарай қайтадан созды. Зал сол мезетте тым-тырыс боп тына қалды. Баукең толқулы болса да, нық дауыспен: “Рахмет, спасибо! Енді отыруларыңызды сұраймын. Ал сізден, генерал, баяндамаңызды жалғастыруыңызды өтінемін”, деді. Дегенмен, мен жаңағы қатты тебіреністен кейін баяндаманың қалған бөлігін тыңдауға ынта-зейінімді үйіре алмадым. Басқалардың да басым көпшілігі сондай күй кешті ғой деймін.

– Осы жиында Баукең сөйлеген жоқ па?

– Сөйледі! Сөйлегенде қандай! Бұған дейін Жұлдыз бұйырмаған Баукеңнің бұл да бір жұлдызды сәті боп көрінеді маған. Халықтың, қатардағы қалың әскердің мойындауының бір көрінісіндей. Оған қысқа үзілістен кейін сөз берілгенде зал тағы да дүр сілкініп орнынан тұрып, қаһарманды қол шапалақтап қошаметтеді. Баукең тыныш­та­луды өтініп, белгі бергенде ғана зал тын­шып, біз орындарымызға отырдық. Әр сөзін ше­гелеп, айқындап айтқан шешенге құлақ түрдік.

– Мен орыс және қазақ тілдерінде бірдей сөйлеймін әрі жазамын. Бүгін орыс тілінде сөйлеймін, – деп бастады, Баукең. – Ұлы философ айтқандай, қозғалыс дегеніміз – өмір. Жетпіске жақындап қалсам да, жаяу жүргенді ұнатамын. Тауда дем алып жатқан маған бүгін мәшине жіберген екен, бірақ мен оған отырмадым. Сіздермен кездесу үшін жеті шақырымдай жүріп келдім. Дәл есептемедім бе, азырақ кешіктім. Дегенмен, сіздермен кездесу үшін кеткен уақытыма бола ешбір өкінбеймін. Керісінше, өзімді қайтадан сергек сезініп тұрмын. Жасарып кеткендеймін.

Зал тағы да оның сөзін нөсердей екпіндеп шатырлаған қолшапалақпен бөліп жіберді. Өз сөзін осылай бастаған Баукең өмір негізі – қозғалыс деген қағиданы таратып айта отырып, ұлағатты әңгіме тиегін ағытты. Ұрыстар мен шайқастарда жеңіске жеткізетін басты шарттардың бірі қозғалыс, икемділік пен ептілік, ұрымтал қимыл екендігін соншалықты ұғынықты әрі қарапайым түсіндіріп бергені таңғаларлық еді. Баукең соғыстың алғашқы кезіндегі ауыр жеңілістерге жол берген бір себеп жайбасарлық, коман­дованиенің әскердің қимыл ширақтығына, шапшаңдыққа көңіл бөлмеуі екендігін де үлкен қынжылыспен айтты. Біздің арамызда да қозғалысқа мән бермейтін қалбаңбай­лар­дың көбірек отырғанын байқап қалыпты. “Мұның да емі – қозғалыс. Қарт солдатқа сеніңіздер”, деді Баукең. Содан соң ол дауысын қатайтып, жүзіне сұс ұялап, әрбір егде қазақ жолда кездескен қандай да қабір қасынан бетін сипамай, білген дұғасын оқымай өтпейді дей келе, соғыста құрбан болған боздақтарды, олардың зираттарын қастерлеу жайына ойысты. Сол алғаш­қы кездесуді еске алған сайын ойлаймын: жаңағыдай, бір-бірінен алшақ екі түсініктің басын біріктіріп ғаламат тартымдылықпен айтып беру және ауди­то­рияны ғажайып әсерге бөлеп, бейне бір си­қырмен арбағандай сілтідей тындырып ұс­тау ұлы жүректі жауынгер қолбасының, аса да­рынды әскери ұстаздың ғана қолынан келмек.

– Ким аға, осы, өзіңіз айтып отырғандай, алғашқы көргеніңізде-ақ куәгері болған, Баукеңе деген халықтың, қатардағы жауын­герлердің ізет-құрметінің, шексіз дерлік сүйіс­пеншілігінің сыр-себебі неде деп ойлайсыз?

– Халық қашанда өз қаһарманын қапысыз таниды. Халық сүйіспеншілігі қарызға берілмейді. Оған елге бергені бар, берері бар ерлер ғана бөленеді. Баукең адамзат тарихындағы сондай ерлердің сойынан. Ол сүйіспеншілікке Баукең қанын, жанын халық жолына садақа етіп бөленген. Айталық, 316-шы атқыштар дивизиясының жас комбатын өзінен 10-15 жас үлкен солдаттар ерекше мейірмен құрметтеп “батька” деп атады. Олар өз комбатын ержүректігі мен ұстам-сабыры, қандай болмасын тығырықтан алып шығар тапқырлығы үшін жақсы көрді. Ұрыста жеңіске жеткізгені үшін, батальонын саны көп самсаған жауға жайпатқызбай, әр жолы ондаған, жүздеген өмірлерді аман сақтап отырғаны үшін құрметтеді. Мысалы, 316-шы дивизияның командирі коман­дар­мға былай деп баяндайды: “1073-ші атқыш­тар полкінің бірінші батальонының коман­дирі аға лейте­нант Бауыржан Момышұлы дивизияның негізгі күштерінің ұрыстан сытылып шығуы үшін қорғанысты шебер ұйымдастырып, олардың одан әрі ұрымтал шепке орнығуын қамтамасыз етті. Дұшпанның басым күштерінің көптеген шабуылдарын тойта­рып, өз бетімен әрекет жасаған батальон қоршауды бұзып-жарып шықты. Батальон командирі шегінген кездерде тұтқиыл қарсы шабуылдар ұйым­дас­тырып, сол арқылы дұшпанның алға жыл­жуын бөгеді. Батальоннның жеке құрамы қаһармандық пен тас-түйін топтасқандық танытып, батыл әрі өжет қимылдады. Шығын шамалы ғана, батальон – ұрысқа қабілетті”. Міне, бұл Баукеңді халықтың қалтқысыз сүйіспенші­лігіне бөлеген ерліктерінің мың­нан бір мысалы ғана. Оның өз заманына сай анық батырлығы да осында. Өз өмірін сақтап қал­ған командирін жауынгер қалай пір тұтпасын.

– Әскери маман ретінде айтыңызшы, соғыс өнеріне, әскери ғылымға Б.Момышұлы қосқан үлес-жаңалықтар қандай? Іліми мұра ретіндегі олардың өміршеңдігі неде?

– Бауыржан Момышұлының ұрыс қимылдарындағы бір ғана әскери айла-тәсілін айтып берейін. Оның батальоны әркез сылбыр-самарқау шегінбеді, немесе жаудан әсте үрейі ұшып қашқан емес. Керісінше, жолдардың өн бойында шиыршық атқан серіппелі бұрмалармен шегіне отырып, дұшпан колонналарына тұтқиылдан соққы жасады, оның техникасы мен адам күшін шығынға ұшыратты, сөйтіп, дивизияның негізгі күштерінің қорғаныс шебіне шыққанша жауды әбден титықтатып сілесін қатырды. Әсіресе, елді мекенде тынығуға жайғасқан дұшпанды түнде оқыстан соғу тиімді болды. Оқты төпелей жаудырып алып, елді мекеннің тұс-тұсынан шағын топтармен жасалған шабуыл дұшпанның үрейін ұшырып, асып-сасып қашқандарын қапталдағы һәм қарсыдағы пулеметшілер баудай түсіретін. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында әскери аспирантурада оқып жүрген кезімде-ақ біздің Баукеңнің командирлік дарынын айғақтайтын бірқатар жауынгерлік құжаттар мен ұрыс қимыл­дарының карталарына кездейсоқтан тап болып, шұқшия зерттегенім бар. Батальон әрекетінің бұл түрін мен “Бауыржан серіппесі” деп атадым.

Б.Момышұлының басқа ұрыс түрлерін жүргізу тактикасына қосқан үлесі де айтарлықтай. Оның өресі жоғары әскери маман, сарапшыл сардар, терең толғамды, кең құлашты қолбасылық дарыны полкті, одан соң дивизияны басқарған соғыстың кейінгі жылдарында ашыла түсті. Нақ осы қасиеттері академияда оқып және жұмыс істеп жүрген кездерінде оның жалпы жұртшылыққа кеңінен танылып, құрметке бөленуіне мүмкіндік берді. Б. Момышұлы жаңа үлгідегі командир ретінде шабуылдың жайбасарлық баяу қимылға негізделген бұрынғы тәсілін батыл түрде ысырып тастады. Ол шабуылдың мұндай тәсілі әскери техника мен қару-жарақтың жетілген түрлерінің оқ жаудырудағы және маневрлік мүмкіндіктері барынша толық пайдаланылуын қамтамасыз етпейді, ұрыстағы шабуыл қарқынын үдетуге бөгет жасайды деп дұрыс пайымдады. Ұрыс қимылдарын жүргізудің қарқынды тәсілдеріне бейімделген әскерді өмірге әкелудің белсенді жақтаушысы болған Б. Момышұлы тереңдеп ену ұрысы ілімін қолдап қана қоймай, оны дамытуға да пайдасын тигізіп, жәрдемдесті. Куба, Израиль, тағы басқа елдерде Баукеңнің ұрыс тәсілдері басшылыққа алынса, бұл оның әскери ілімінің өміршеңдігін көрсетпей ме.

– Баукеңнің әскери академияда ұстаздық еткен кезінің де аңызға бергісіз ғажаптарын естіп жүрміз. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Сондағы Баукеңнің шәкірттерінің бірі генерал-полковник Голушко өзінің “Тыл солдаттары” деген кітабында былай деп жазады: “Таңдаулы оқытушылардың игі әсері жайлы айтқанда, ең алдымен, біздің көзімізде жартылай аңызға айналған бір адамды еске алмай тұра алмаймын. Әңгіме жалпы тактика курсын оқыған полковник Бауыржан Момышұлы туралы. Біз әр уақыт оның лекцияларын асыға күтіп отыратын­быз. Ол көбінесе конспек­тілерге емес, схемаларға жүгініп, кез келген материалды ұғынықты әрі қызғылықты баяндайтын. Әрбір қағи­дасына жауынгерлік тәжірибеден тағылымды мысалдар келтіретін. Тактиканың күрделі мәселелерін зерделеу үстінде бізді дербес ойлауға үйретуші еді”. Міне, осыған менің алып-қосарым жоқ. Тек сонда Баукеңнің болған оқиғаларды ауызша жосылта айтып, мысалдың неше атасын келтіріп, қызғылықты мазмұндаған ғажайып лекцияларын ауыздарын аңқитып қызыға тыңдап отыратындардың көпшілігі генералдар болған ғой.

– Ресей Баукеңнің әскери-ғылыми мұрасын өзінің мемлекеттік меншігі деп санайтын көрінеді. Қайсыбір еңбектерін мемлекеттік құпияға жатқызған. Баукең мұрасының тікелей мұрагері Қазақ елі, қала берді, баласы Бақытжан Момышұлы емес пе? Осы жайдың түйінін қалай шешуге болар екен?

– Москва түбіндегі Подольск қала­сында бұрынғы Кеңес Одағы Қорғаныс министр­лігінің үлкен архиві бар. Мо­мышұлының әскери мұрасына, 316-шы атқыштар дивизиясының материалдарына мен алғаш рет 1972 жылы сонда жолыққам. Бауыржан ағам мұнда жүр екен ғой деп қуанғам. Одақ ыдырағаннан кейін ол архивтің Баукеңнің жазғандарын ғана емес, Қазақстанға қатысты басқа да материалдарды тегін бермейтіні рас. Қазақстаннан қаншама құрамалар, дивизия, полктар аттанды майданға. Баукеңмен бірге соларды да қайтадан қопара зерттеу мәселесі ұмытылыңқырап бара жатыр. Осыны біздің Қорғаныс министрлігіміз көтеріп, арнайы келісім-шартпен ізденушілерді жіберуі, қаржы бөлуі керек. Қанша жылдан бері құлаққағыс қылып қақсап айтып жүрсек те, әскери ғылымға көңіл бөлмеудің зардабын енді тартып отырмыз. Осы салада қазір бірде бір ғылым докторы жоғының өзі жетіскендіктің белгісі емес.

Ал енді Баукеңнің қолда бар мұрасын зерттеп насихаттау жайына келсек, шүкір, диссертациялар жазылуда. Оларға пікір айтып, қолдан келген көмегімді жасап тұрамын. Оншақты жыл бұрын Гүлнәр Айтқазина деген қарындасымыз патриоттық тағылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Қазір Қайролла Мұқамбетқалиев деген полковник азаматымыз Баукеңнің әскери өнерінен докторлық диссертация жазып жатыр. Бірақ Момышұлының сан-салалы қыруар мұрасын зерттеу орайындағы жұмыс әлі ұшан-теңіз екенін айтқан абзал.

– Баукең есімін есте қалдыру орайында нелер жасалды? Әлі не нәрселерге көңіл бөлу керек деп ойлайсыз?

– Бауыржан Момышұлы мәңгілік туған халқының жүрегінде. Оған көзі тірісінде-ақ орнаған ең зор ескерткіш те сол шығар. Батыр еңселі ескерткіштері Жуалыда, Таразда, Астанада бой көтерді. Ендігі жол Алматынікі. Бұл жол ауырлау болғанын айтуымыз керек. Үкімет қаулысы 18 жыл бұрын қабылданса да, Баукең ескерткіші Алматыда әлі жоқ. Дегенмен, қала әкімдігі Панфилов саябағында ескерткішті орнатуға соңғы уақытта шұғыл кіріскен сыңайлы. Біз қазақ Момыш­ұлының ескерткіші өзі құрмет тұтқан орыс генералымен Достық даңғылының басында қатар тұрып, бір жағынан, республикадағы ең үлкен екі этностың достығын бейнелесе деп едік. Амал нешік, қаражат кемдігінен көңілдегі көрікті ойдың сәні кетіңкірейін деп тұрған сияқты.

1990 жылдың қарашасында Баукеңнің 80 жылдығына орай үлкен конференция болып, соны өзім басқарып едім. Содан бері жаңағы ескерткіштің жайымен бірге Момышұлы атында орден белгілеу мәселесі де күн тәртібіне қойылып келеді. Қазақстан әскерінің рухын асқақтату үшін мұндай орденнің қажеттігі күмән тудырмайды. Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл өз қаражатына Баукең атындағы медаль мен ерекше белгі жасатып, соның нөмір бірін­шісін Елбасына табыс етті, оншақты соғыс ардагерін марапаттады. Бұл да болса сүйініш.

Амандық болса, келешекте Баукең атында орден де болар. Туған елі біртуар батырын ресми түрде Халық қаһарманы деп білетін күн де алыс емес шығар.

– Әңгімеңізге рахмет, аға! Лайым, тілегіңіз періштенің құлағына шалынсын.

 

Әңгімелескен  Қорғанбек АМАНЖОЛ.

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz