Д е р е к т е р  

Қ а з а қ   м а т е м а т и к т е р і

 

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беру туралы

 

Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның ұсыныстарын қарап, қаулы етемін:

1. Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы Мемлекеттік сыйлығы мына авторларға:

 

        3) “Еркін алгебралардың автомор­физм­дері мен ішкі алгебралары” жұмысы үшін:

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алгебра және геометрия ка­федрасының меңгерушісі, физика-мате­ма­тика ғылымдарының докторы, профессор Уалбай Үтмаханбетұлы Өмірбаевқа бе­рілсін.

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының Президенті    Н.НАЗАРБАЕВ.

Астана, Ақорда, 2009 жылғы қарашаның 9-ы.  № 885

 

СЕРПІНДІ ЖҰМЫСТАРҒА — ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНИКА САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ

 

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің 2009 жылғы 9 қарашадағы №885 Жарлығына сәйкес 11 жұмыс­тан таңдалып алынған үш  жұмысқа ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.

 

“Автоморфизмдер және еркін алгебралардың ішкі алгебралары” атты жұмысы үшін Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің алгебра және геометрия кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докто­ры, профессор Өмірбаев Уалбай Үт­махан­бет­ұлы Қазақстан Респуб­ли­касының Мем­лекеттік сыйлығының иегері болды.

Автордың осы тақырып бой­ын­ша жарық көрген ғылыми еңбек­те­рінің тізімі – 36.

Мәтіннен үзінді алу индексі АҚШ, Еуропа елдерінде, Қытай, Жапония, ТМД және басқа да елдерде жария­ланған 424 қайнар көзге ие.

Аталған жұмысқа 19 пікір жа­зылды, оның 17-сін шетел (АҚШ, Жапония, Франция, Болгария, Бразилия, Аргентина, Швейцария, Германия, Ресей) ғалымдары жазған.

У.Ү.Өмірбаевтың Нагата және Кон есептері бойынша зерттеу жұ­мы­сының нәтижесі жоғары баға­ла­нып, математика салаларын әрі қа­рай зерттеуде жаңа бағыттар ашып, әлемдік математиктердің назарын аударды. 1972 жылы жапон матема­тигі Нагатаның қойған, көп жылдан бері шешілмей жүрген, “қолды” және “жабайы” автоморфизмдер туралы есебі толық шешімін тапты.

У.Ү.Өмірбаев осы саладағы зерт­теулерін жалғастыра отырып, 2004 жылы Кон есебінің шешімін тапты.

Нагата және Кон есептерінің ше­шімі туралы жарық корген У.Ү.Өмір­баевтың еңбектері үшін 2007 жылы оған Америка Математика қоғамы­ның жоғары дәрежелі Мур сыйлығы берілді.

Оның еркін шешімді Ли алгебрасы және еркін ассоциативті алгебралар үшін енгізу проблемасы, еркін Ли алгебрасының және еркін Пуассон алгебрасының автомор­физм­дері туралы еңбектері мамандар арасында жоғары бағаланды.

 

НАГАТА ЖҰМБАҒЫН ШЕШКЕН ҚАЗАҚ                                                                                                                                                         

  «Сыр бойы» газеті

                                                                                                                                                                                                                                                                2009-11-27 12:08:53

Бүгінгі таңда Қазақстанның мате­матика ғылымы саласындағы жетіс­тіктері туралы көптеп айтылуда. Еліміз­дің жас математиктері көптеген халық­аралық білім сайыстарында жоғары жетістіктермен көзге түссе, көш бастаған профессор-ғалымдарымыз тың ғылыми жаңалықтарымен әлемдік қауым­дас­тықты таңғалдырып, қазақ халқын қуантып жүр. Солардың бірі - Амери­каның математикалық қоғамының жоға­ры дәрежелі «Мур» сыйлығының иегері, ҚР білім саласының құрметті қызметкері, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Алгебра және геометрия кафедрасының меңгерушісі, профессор Уалбай Өмірбаев.

Ол өзінің еңбекқорлығы мен тап­қырлығы арқасында еркін алгебрадағы Кон және Каргаполов сынды белгілі ғалымдар қойған математикалық мәсе­лелерді шешіп қана қоймай, 30 жылдан бері шешілмей келген жапон математигі Нагата проблемасының түйінін тапты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің Математика және механика бойынша ғылыми-зерттеу институтының директоры Нарғозы Данаевтың айтуын­ша, қолданбалы ғылымның даму тари­хында осы саланың корифейлері үнемі белгілі бір математикалық пробле­маларды қойып келген. Себебі, осы проблемаларды шешу арқылы мате­матика ғылымы ілгері басып, тың зерттеулерге жол ашылды. Мәселен, XX ғасырдың белгілі неміс математигі Давид Гильберт 17 бірдей математикалық проблеманы алға тартты. Оларды шешудің арқасында математика ғылы­мының құрылымы түбегейлі өзгеріп, дифференциалды теңдеулер теориясын ары қарай дамытуға мүмкіндік туды. «Еліміздің маңдайалды математигі Уалбай Өмірбаевтың әлемдік мате­матика ғылымына қосқан үлесін осымен барабар деуге әбден болады», - дейді Н.Данаев.

1972 жылы жапонның атақты ға­лымы Нагата құрастырған есепке Уалбай Өмірбаев өткен ғасырдағы 80-жыл­дардың соңында білек сыбана кірісіп, он жылдың ішінде аталған математикалық проблеманың түйінін тарқатты. Бас кезіндегі ғалымның қуанышы ұзаққа созылмады. Есептің шешімін қайта-қайта тексергеннен кейін, жауаптың дұрыс емес екендігіне көзі жетті. Алайда, бетінен қайтпады. Екі жылдың ішінде-ақ Нагата есебінің толық шешуін тапты. Сол үшін қазақстандық ғалым 2007 жылы Амери­каның математикалық қоғамының жо­ғары дәрежелі «Мур» сыйлығына ие болды.

«Нагата есебі шешілді!» дегенді естіген кезде шетелдік ғалымдардың көбісі сенбеді. Ал «Нагата есебін шешкен қазақтың жас ғалымы» деген сөзге мүлдем құлақ асқан жоқ. Осыдан кейін Уалбай Өмірбаев өзінің ұстазы Шестаков екеуі сан алуан халықаралық кон­фе­ренциялар мен ғылыми мәжілістерде өз жұмыстарын қорғауға кірісті. Гонконгте өткен ғылыми форумда ол бірнеше сағат бойы аяғынан тік тұрып, өз шешімін дәлелдесе де, шетелдік әріптестері міз бақпады. Қазақ ғалымын бір-ақ адам мұқият тыңдады. Атақты математик Макар Лиманов орнынан атып тұрып, тақтадағы есепке жүгірді. Оны қайта-қайта тексеріп:«Нақты және соңғы жауап осы, бұдан басқа жауаптың болуы мүмкін емес!», деп айқайлап жіберді. Осыдан кейін барлық математиктер Уалбай Өмірбаевқа:«Есептің ана жерін қалай, мына жерін қалай шештің? Соны дә­лелдеп бер!» деп үздіксіз хат жазумен болды. Қазақтың маңдайалды мате­матигі жауап жазудан жалыққан жоқ. Бір жыл өткеннен кейін ғана қазақ ғалымы тапқан Нагата жұмбағының шешімін барша әлем мойындады. Оның осы саладағы зерттеу еңбегіне арналған ғалымдардың пікірі 50 бетке дейін барып, математика саласындағы беделді халықаралық басылымдардың бірі - Американың математикалық қоғамының арнайы журналында жарық көрді.

Ағылшын тілін еркін меңгерген қазақ ғалымы қазіргі кезде АҚШ-тың Детроит қаласында дәріс оқып жүр. Шетелдік жоғары оқу орындарында дәріс беріп жүрген кезде ол жас математиктердің «Бұл - Нагата жұм­бағын шешкен қазақ азаматы» деген мадақты жиі еститін көрінеді.

Әділ ДАРХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz