1 1 4    қ  а  з  а  қ    о  р  т  а    м  е  к  т  е  б  і

Д е р е к т е р   қ о р ы

Есімдері ел есінде

 

Кірпіштері өз-өзінен қаланған мешіт
Мырзабай Ахун көріпкел, әулие, саха-жомарт кісі болған. Ел аузында ол кісінің қасиеті жайлы деректер өте көп. Бірде ол бақшасында кетпен шауып жүргенде жанынан үш салт атты өтіп бара жатса керек. Әлгілер өзара: «Мырзабай Ахун» деп дүрдей қылатыны осы бәкене бойлы кісі ме? Мұның не кереметі бар екен?» – деп менсінбей сәлем берместен өтіп кетеді. Біршама жол жүргенде үшеуінің төбелеріне шаңырақтай қара бұлт түйіліп келіп, жаңбыр құйып салады. Айнала аспан ашық, күннің шуағына бөлене маужырап тұр екен. Сол үшеуі өздерінің күпіршілік жасағандарын мойындап, қайта айналып келіп, бабадан кешірім сұрапты.

Мырзабай Ахунның өнер-білімге талпынған Табынбай атты баласы Бұқарадағы Көкелташ медресесіне барып оқымақ болады. Мұны білген Ахун: – «Балам, медресе беретін білімді менен ал. Мен сені алысқа жібергім келмейді» – деп келісім бермепті. Айтқанынан қайтпаған бала ақыры бармақ болады. Сонда Ахун ата: «Балам, менің тілімді алмадың. Не ғұлама болып орал, не шейіт болып орал» деген екен. Табынбай медресені өте жақсы аяқтап, еліне келе жатқанда жолда өзбектер «у» беріп өлтіреді. Ахунға ұлының қайтыс болғанын естіртуге ұстазы Ораз Ахун, Қалжан Ахундар келіпті.
– Тақсыр, сізге қояр сұрағымыз бар еді. Сабырлылық кімнен қалған? – деп сауал қойыпты.
Сонда Мырзабай Ахун:
– Отыз ұлы болған Дәуіт пайғамбар намазға тұрып, оң жағына мойын бұрып «Ассалаумағалейкүм, Рахметулла» дей бергенде, намазға өзімен бірге тұрған отыз ұлына көзі түсіп кетіп сүйсініп: – «Уай, мен де бір тайпа ел болыпын ғой» – депті.
Намазын бітіріп, ұлдарына көз салса, сәждеге отырғызып қойған отыз ұлы тұрмай қалған екен. Дәуіт пайғамбар бұл өзінің күпіршілік сөзінен екенін біліп, отыз ұлынан бір сәтте айырылса да сабырлылық қылған екен» – депті.
– Иә, тақсыр, дұрыс айтасыз? Ал шейіт деген не? – деп сұрағанда Баба: – Шейіт деп қан майданда қаза тапқан, алыста өнер-білім жолында жүріп қапылыста көз жұмғандарды айтамыз, – дейді.
– Тақсыр, сабырлылық Дәуіт пайғамбардан қалған дедіңіз, енді пайғамбардай сабырлы болыңыз. Балаңыз Табынбай шейіт болды – депті. Көзінен ытқып жас шығып кеткен Ахунға Ораз Ахун: – «Берік бол, балам, берік бол» – деп сабырлыққа шақырыпты. Сонда Ахун: – «Ей, ұстазым-ай, бөгетім жығылып кетіп тыя алмай отыр емеспін бе» – деген екен. Үш күн түйемен Бұқарадан жеткізілген Табынбайдың сүйегін шейіттерді су жағасына қоятын ғұрыппен Сырдың бойына жерлепті. Ел бүгінде сол жерді «Шейіттей» деп атап кеткен.
Бүгінгі күні осы Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылында Ақмырзаев Ідіріс деген кісі тұрады. Осы кісінің атын Мырзабай Ахун бабамыз қойған екен. Ідірістің анасы 14 құрсақ көтерген. Он төрті де шетінеп, бала тұрмаған соң Ахун бабаның басына келіп түнеген екен. Түсінде Мырзабай Ахун аян беріп: «Балам, он бесінші құрсақ көтересің, бірақ ол да шетінеп кетеді. Он алтыншы перзентің ұл болады. Атын – Ідіріс қой. Ғұмыр жасы ұзақ болады» депті. Сол Ідіріс бүгінде тоқсан төрт жаста.
Әр кезде моланы, мешітті бұзып, кәдеге жаратқысы келген ақымақтар болған.
Сондай жаман үрдіс Мырзабай Ахун мешітінде де болған. Белсенділерге арқа сүйеген бір кісі мешітті бұзбақ болады. Бірінші кесекті тастайды, екінші кесекті тастайды, үшінші кесекті лақтырғанда сол кесек көтеріліп келіп өз орнына қайтадан қаланыпты. Мұны көріп есінен танып қалған Тоқтыбай түс көреді. Түсінде бабамыз: – «Ай, балам-ай, бекер бұздың мешітті. Енді баласыз өтетін болдың ғой» депті. Тәубасына келген әлгі кісі күнәмнан арылам деп мешітті қалпына келтіріп, құдық қазып, тал егіпті. Ұзақ жылдар бойы мешіт басында шырақшы болып, бертінде қайтыс болған. Қанша күнәмді жуам десе де, ақыры ұрпақсыз өмірден озды.
Оның мазарының басында екі жылан бар. Біреуі – мешітте, біреуі – бейітінің басында жатады. Мешіттегі ақ жылан үйге дейін келіп-кетіп жүреді. Ал бейіттегі ақ жылан тек Құран оқығанда шығады да, Құран біткесін кетіп қалады.
Иә, шынында да, бойына небір керемет қасиет дарыған бабамыз баяны жоқ дүниеге қызықпай, Аллаһтың ақ жолынан таймай, кісіге қиянат жасамай, жарлы-жақыбайлардың көмекшісі бола білген ғұлама, әулие, көріпкел кісі болған деседі.
Гауһар
ЖАРЫЛҚАСЫН

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz