Д е р е к т е р

Өнер тарландары

 

Ескендір Хасанғалиев, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың ауреаты: «Ескірмеген махаббат» – менің өмірімнің мәні

Айқын газеті , 12.07.2007


 Ескендір аға, өткен жыл аяқ­та­лар тұста сіз ҚР мемлекеттік сый­лы­ғының лауреты атандыңыз, құтты бол­сын! Десек те, жұртшылықтың «Еса­ғаң мемсыйлықты әлдеқашан алуы керек-ті. Өйткені көш кейін өнер та­балдырығын аттаған жастар әлдеқа­шан бұл сыйлықты иеленді. Сон­да «халық сүйген әнші әрі ком­по­зи­тор ағамыз Ескендір Хасан­ға­лиев бұл сыйлықты не себепті алмай кел­­ген?» деген ой-пікірлер де ай­тыл­ды. Шын мә­нін­де, мұның қандай да бір себебі бар ма?
– Ең алдымен, менің өнерімді ба­ғалай білген сіздерге, халқыма үлкен рақмет! Мен өзі табиға­тым­нан асыға қоймайтын адаммын. Өмі­рде шынын айту керек, тамыр-та­ныс­тық­пен барлық атақ-абы­ройды алып, содан соң есімі ұмыт қа­латын адамдар да болады. Мен өнерге халқым алдындағы үлкен міндетім деп қараймын. Сондықтан да оған барынша жауаптымын. Құдайға шүкір, кезінде 30 жасымда өнердегі еңбегім үшін Қазақ­стан­ның Ленин комсомолы сый­лы­ғы­ның лауреа­ты, одан соң 39 жасымда респуб­ли­ка­ға еңбегі сіңген әртіс атан­дым. Одан соң, арада 5 жыл мер­­зімнен ке­йін, Қазақстанның ха­лық әртісі ата­ғын алдым. Осы­лай­ша, мен бір бе­лес­тен екінші бір бе­лес­ке «өр­ме­леп» шыға бердім. Әри­не, түсін түстеп, аты-жөндерін айт­пай-ақ қоя­йын, бірақ біздің қо­ғам­да бір жыл­дың ішінде халық әртісі атағын да, республика Мемлекеттік сый­лы­ғын да алған «пысықай» һәм ин­е­нің көзінен өткен әріптестерім де жоқ емес.
– Бұған сіздің көзқарасыңыз қан­дай?
– Мен мұндай жағдайларды пен­де­шілік дер едім. Бір жағынан тоғы­шар­лық деуге болар. Ал менің ұста­ны­мым: сен өнер адамысың ба? Мей­лі атақ ал, алма, туған халқыңа өз шығармаңды ұсынуға тиіссің. Сон­дықтан да мен өз басым «Мем­ле­кеттік сыйлықты кеш алдым» деп еш өкінбеймін. Өйткені мем­сый­лық­қа ұсынатын басты сарапшы, ол – халық. Өз басым, шынымды ай­тайын, күні бүгінге дейін «маған атақ беріңіздер?» деп ешкімнің «есі­гін» ашқан емеспін. Ондай әре­кет­терге жаным қас. Халқым мені «Мем­­лекеттік сыйлыққа лайық» деп тапты. Бұл үшін халқыма, тәуелсіз еліме басымды иіп, рақмет айтамын!
– Ескендір аға, халық арасында «Ха­санғалиев өзінің «Ескірмеген ма­хаб­бат» деген әнін әйелі Дарикоға ар­нап жазыпты» деген пікір жиі ай­тылады. Егер шындығына келсек, сіздің өнердегі бойтұмарыңызға ай­налған «Ескірмеген махаббат» әні кімге арналды? Жоқ, әлде бұл ән­нің ешкім білмейтін сыры бар ма?
– Мұндай пікірлерді оқта-текте өзім­нің де құлағым шалып қалып жүр. Жасыратын түгі жоқ, «Ес­кір­ме­ген махаббат» әні балаларымның анасы, өмірлік жарым Дарико Сопы­жан­қы­зына арналған ән екені дау­сыз. Әй­те­уір сұраған екенсіз, ха­лық біле жүр­сін, аз-кем ғашық болу «та­рихымнан» сыр ашайын. «Қы­мыз­ды кім ішпейді, қызға кім сөз сал­май­ды» демеуші ме еді, атам қазақ. Менің 1970 жылдары рес­публикалық ком­со­мол комите­ті­нің жолдамасымен Қа­ра­ғанды қа­ласына қызметке бар­ға­ным бар. Бұл – менің Қарағандыға ал­ғаш баруым. Сол жылы кеншілер қа­ла­сында «Гәкку» деген ансамбльді ұйым­дас­тыр­дым. Бірде үстімде ақ костюмім бар, әндетіп тұрғанмын. Зал­ға көз жү­гіртсем, кілең орыс ұлты­ның өкілдері. Содан олардың ара­сын­да «қазақ ұлтының өкілдері жоқ па?» деген сыңай­мен залды барладым. Сөйтсем, тура сахнаның алдында көзі тос­тағандай қазақтың бір қызы отыр екен. Денемнен құдды бір электр тоғы жүріп өткендей болды, әлгі қыздың сұлулығынан. Өйткені бұл менің сүр бойдақ кезім болатын (күледі...). Ол кезде концертті ұйымдастыратын адамды «бригадир» деп атайды. Сол бригадир жігітті шақырып алып: «бауырым, анау көрерменнің арасын­да, сахнаның тура алдында бота көз бір қыз отыр. Менің сол қызбен та­ныс­қым келеді» дедім. Ол да бір пы­сы­қай жігіт екен. Бұйымтайымды екі етпей орындайтынын айтты. Содан бір кезде «сіз сұраған қыз Қарағанды облысына ғана емес, республикаға та­нымал сыйлы да құрметті Әшляевтар әулетінің үлкен қызы, есімі Дарико екен» деген ақпарды маған желдей есіп жеткізді. Жүрек шіркін қойсын ба, танысып-біліскенше алқынып-жұл­қынып барады. Содан сол күні әлгі қыз­бен танысудың реті келді. Сөйт­сем, Дарико Мәскеудің медицина инс­титуында оқиды екен. Ол өзінің жа­қын­да Мәскеуге сабаққа аттанаты­нын айтып қалды. Ақыры ол Мәс­кеу­ге, мен Алматыға оралдым. Кім бі­ле­ді,.. егер менің Алматыдағы Уро­логия институтын басқаратын досым болмағанда, Дарико жеңгең маған бұйырар ма еді, бұйырмас па еді? Бір күні әлгі досыма бара қалсам, әңгіме арасында Мәскеуден бір студент қыздың Урология институтына тәжірибе өткізуге келгенін айтып қал­ғаны. Сипаттауына қарасам, құдды Дариконың өзі сияқты. Мұны естіген жүрек шіркінде маза болсын ба, тәйірі?! Алабұртып тыным тап­пады. Ақыры мен досыма әлгі студент қызды көргім келетінін, оны тани­тынымды айттым... Бір кезде аузын ақ дәкемен тұмшалаған бір қыз келді, директордың қабылдау бөлмесіне. Менің екі көзім әлгі қызда. Дауысы баяғы қызға ұқсайтын сияқты. Бірақ өзіме-өзім сенбей тұрмын. Содан көз жеткізу үшін «қарындас, мына дәкеңіз­ді алыңызшы», – дедім ұят атау­­лыны жинап қойып. Маған кез­дес­ке­ніне ол да қуанды ма, қайдам, (әйтеуір менің жүрегім солай деп со­ғып тұр...) әлде, көңілімді қал­дыр­ғы­сы келмеді ме, бір кезде аузын көм­кер­ген дәкені шешіп алды. Осылай­ша, студент қыз­дың баяғы Дарико екеніне көзім жетті. Сөйтіп, менің Дарикоға деген ма­хаббатым артқан үстіне арта түсті. Міне, мен Дарико жеңгеңмен осылай та­нысып, үзіліп қала жаздаған ма­хаб­бат жібін қайта жалғадым.
Шындығына келсем, өзім «өмір­лік жар болуға лайық» деп таңдап, әрі сүйіп қосылған жан жарым Дарико Сопыжанқызының менің күнделікті әрі шығармашылық өмірімде үлкен еңбегі бар. Олай дейтінім, сүйген жарыңның ойыңнан шығуы – бұл үлкен бақыт! Өйткені қарапайым отбасында болсын, шығармашылық өсіп-өркендеуде болсын, әйел адамның атқаратын рөлі айрықша әрі кө­теретін жүгі ауыр. Бұған қоса, өнер адамының жары болу соншалықты оңай да емес. Мұны айтып отырғаным, шығармашылық адамы үшін ең алдымен бап керек. Халқымыз «бап шаба ма, бақ шаба ма?» деп жайдан- жай айта салмаса керек. Мұндай жағдайды мен өз басымнан өткізіп келе жатқан адаммын. Басымнан өткен бір оқиғаға тоқталайын. Осыдан бірнеше жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2001 жылы қатты ауырып, қазақстандық дәрігерлердің ақыл-кеңесімен Мәскеуде операция жа­са­туыма тура келді. Сонда мен операция­­дан қорқып біраз жүрдім. Өйткені мені «осы операциядан аман-есен ораламын ба, жоқ па?» деген уайым қатты мазалады. Міне, содан қатты толғанысқа түстім. Сонда, көкейімді бір әуен мазалап қоймады. Ақыры Мәскеуге операцияға жүрерден бір күн бұрын Біржанымды ертіп, әнші-композитор Мұрат Құсайыновтың студиясына барып, балам екеуіміз әлгі әнді жазып кеттік. Жүрегім біртүрлі лүпілдеп, көзіме жас алғаным да, әлі есімде. Дәл сол күні жазылған ән осы «Ескірмеген махаббат» болатын. Құдайға шүкір, күні бүгінге дейін халық аузында, жұрт ризашылықпен орындап жүр. Жұртшылық бұл әннің кімге арналғаны туралы өте дұрыс айтып жүр. Өйткені мен «Ескірмеген махаббатты» Дәкең – Дарикоға жар ретінде, Ана ретінде шынайы ниетпен жазғам. Бұл – жүрегімнің тереңінен шыққан әндерімнің бірі. Неліктен десеңіз, мен Мәскеудің Бурденко атындағы ауруханасында операциядан соң ешқайда шықпай, 24 күн жатқа­ным­да Дарико күндіз-түні менің жа­ным­да болып, аузыма су тамыза білді. Сондықтан да мен Дәкеңе өз риза­шы­лығымды басқа әндерімді айтпа­ған­ның өзінде, осы «Ескірмеген махаб­бат» әні арқылы жеткізуге тырыстым.
– «Басқа әндерімді айтпағанда» деп қалдыңыз... Тағы да қандай әндеріңіз Дарикоға арналып еді?
– Байқаймын, бауырым, сен маған сырым­ды да, жырымды бір-ақ айт­қызайын деп отырсың-ау, сірә. Еш­кім­ге айта қоймайтын едім, қолқа сал­дың, айтайын. Менің Дарико жеңгеңе арнаған әнімнің төресі алғашқы күннен халық жылы қабылдаған «Әдемі-ау» әні десем, өтірік болмас. Дәл осы «Әдемі-ауды» біздің ма­ха­б­батымыздың басы десем де болады... Содан соңғы «Айналайын», «Алғаш­қы танго» деген әндерім де Дарико жең­геңе деген махаббаттың ризашы­лы­ғынан туған әндер. «Алғашқы тангоның» сөзін көрнекті ақын Тұ­ман­бай Молдағалиев жазды. Кейде мен қалжыңдап: «менің мына партия мен комсомолға арнап жазған ән­дерім­нен басқасының бәрі өзіңе ар­нал­ған, жаным» – деп Дарико жең­ге­лерің­нің көңілін көтеріп, маған деген ма­хаббатын «жандырып» қоятыным да бар.
– «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, Бір­жанның әнші болуына сіздің ықпа­лыңыз тиді ме? Жоқ, әлде өзінің жү­рек қа­лауы болды ма, әйтпесе ХХІ ға­сырдың мамандығы саналатын салалар жеткілікті ғой?..
– «Біржаным әнші болады-ау» де­ген ой менің үш ұйықтасам түсіме де кірмейтін. Өйткені әнші болғанын неліктен екен, іштей қаламайтынмын. Дегенмен ол алты жасынан бастап Әміре Қашаубаев атындағы музыка мектебінің фортепьяно сыныбында және №12 қазақ орта мектебінде қатар оқыды. Содан соң, Чайковский атын­дағы музыка училищесін (қазіргі кол­ледж) музыка теориясы мамандығы бойынша бітіріп шықты. Мұнда Бір­жан қазақтың көрнекті ком­позиторы Мансұр Сағатовтан дәріс алды. Әлгі училищені қызыл дипломмен бітір­ген соң, Мансұр ағасының шақыр­уы­мен Құрманғазы атындағы кон­серва­торияның композиторлық бөліміне оқуға қабылданды. Оның дипломдық жұмысы үлкен симфониялық ор­кестр­ге арналған поэма болып шық­ты. Біржанның менен бір артық­шы­лы­ғы, ол музыканың барлық жанры­на бой ұрып жүр. Өйткені ол – кәсіби музыкант. Біржанның инструмента­ль­дық ансамбльдерге, смфониялық ор­кестр­ге арналған бірқатар шығарма­лары, вилончель, фортепьяно аспап­тарына жазған көптеген пьесалары бар.
Сондай-ақ ән де жазып жүр. Мы­салы, «Мен ғашықпын» деген әнін жұртшылық жылы қабылдады. Осыдан біраз бұрын Біржанның осы «Мен ғашықпын» әніне клип түсірілді. Екеуміздің арамыздағы бір ұқсастық па немесе табиғи байланыс па, біл­мей­мін, мысалы, мен сонау 60-жыл­дары алғаш рет «Анаға сәлем» деген әнім­ді жаздым. Бір қызығы, Біржан­ның тұңғыш әні де анаға арналған. Ол ән – «Анашым» деп аталады. Міне, байқап тұрғаныңыздай, Біржан да өзінің ән әлеміндегі әлқиссасын өзінің анасына арнап жазды. Бұл, сірә, табиғи ұқсастық болса керек. Балам республикалық «Шабыт» фестива­ліне қатысып, лауреат атанды. Сон­дай-ақ осыдан біраз жыл бұрын «Жаңа ғасырға –жаңа ән» деген республикалық ән байқауы ұйым­дас­тырылды. Бір ерекшелігі, бұл бай­қауға ұсынылған 1 мыңнан астам әннің аты да, авторлары да бүркеншік атпен берілді. Ол жылдары Біржан Құрман­ғазы атындағы консерваторияның соңғы курсында оқып жүрген бо­ла­тын. Сөйтіп, осы ән байқауында Бір­жа­нымның ақын ағасы Мыңбай Рәш­тің сөзіне жазылған «Туған ел» деген әні Бас жүлдені иемденді. Өткен жы­лы ол Қазақстан Композиторлар ода­ғының мүшелігіне қабылданды.
– Егер Біржан: «мен композитор не­ме­се әнші болмаймын, басқа маман­дық­ты қалаймын», – десе, сіз оның бұл ұсынысын қалай қабылдар едіңіз?
– Менің бала тәрбиесіндегі бір ерек­­шелігім деп айтайын, мен еш­қашан баланы бетінен қағып, оның ма­мандықты өз жүрек қалауымен таңдауына қарсы келген емеспін. Себе­бі біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жа­тырмыз ғой. Ал бұл ғасырда «ба­ланы бағытынан тайдыру» дегеніңіз, ол оны тал түсте адастырумен бірдей. Мы­салы, Жапонияда ата-анасы бала­сын жастайынан «сен өскенде ел бас­қара­сың, президент боласың» деп арқасынан қағып тәрбиелейді. Бұл, не, жапондардың нашарлығы ма? Жоқ! Меніңше, бұл – баланы тәрбие­леудің ұлттық жапондық тәсілі! Алыс­қа бармай-ақ, өз халқымызды алсақ, біздің халқымыздың да бала тәр­биесінде сонау ғасырлардан келе жат­қан тамыры тереңде жатқан қағи­да­лары бар. Бүгінгі күні әр отбасы сол ізгі тәрбиелік дәстүрдің ең озы­ғын өз баласын тәрбиелеуде пай­да­лан­а білсе, онда мұның еш сөкеттігі жоқ. Сондықтан да мен Біржанды беті­нен қақпай, еркін өсірдім. Осының нәтижесінде, ол ізденгіш, өз мұрат-мақ­сатына жеткенше тер төгуге үйрен­ді. Бір ғана мысал, ол өз бетімен Алма­тыдағы Абай атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің заң факультетін де ойдағыдай бітіріп шықты.
– «Бала бауыр етің» демекші, әрбір ата-ана өз ұл-қыздары ержетіп өскен соң, ұлын ұяға, қызын қияға қондыр­ғысы келетіні анық. Демек, «жақсы жермен құда болсам» деген арманның да қылаң беретіні бар. Сіздің құда­ларыңыз кім немесе қандай адамдар­мен құдандалы болғанды қалайсыз?
– Әзірге менің Біржаным бойдақ. Бі­рақ, құдайға шүкір, Біржан­нан үлкен Элико және Тоғжан есімді екі қызым бар. Олар Астанада тұра­ды. Екеуі де тұрмыс құрған. Олар­дан 3 жиеніміз бар. Бір құдамыз, Құр­маш деген азамат, өкінішке қарай, ер­терек қайтыс болып кетті. Өте жақ­сы адам еді. Сыйластығымыз да ай­рық­ша-тын. Ал енді Біржаным қандай ке­лін түсіріп, кіммен құда болам, ол бір құдайдың қолындағы нәрсе. Ме­нің білетінім, Біржан – «қаланың тік­ба­қай баласы» деп айтуға болмай­тын, барын­ша қазақы қалыпта өсіп, ер же­тіп келе жатқан азамат. Өзіндік па­йым­дауы да талғамы да бар. Сон­дық­тан да мен ол өзінің сүйген жарын адас­пай табады деп сенемін.
– Ескендір аға, осы өзіміздің әнші және композиторлардан өзіңіз кімді пір тұтасыз? Ақындар жаз­ған сөз мәтінінің де маңызы зор емес пе? Қа­зақ музыка өнері, әсіресе қай кезеңде барынша дамыды деп айта ала­сыз?..
– Өте орынды айтып отырсыз. Мен жеке өз басым, мұндай «қой­мал­жың» әрекеттерді қаламаймын әрі түсінбеймін де. Осы жағынан алғанда қайсыбір бауырларымның мұндай әрекеттеріне «қарным» ашады. Өйт­ке­ні кейінгі толқын әнші-компо­зитор­лардың әттеген-айы өте көп. Өзімді мысалға келтіре отырып ай­та­йын. Мен Құрманғазы атындағы кон­сер­ваторияда әншілікті оқыған адам­мын, Композиторлар одағының мүше­сімін. Сондықтан да менің ән айтуға да, ән жазуға да толық құқым бар. Бұған қоса, мен кәсіби әншімін.
35 жыл бойы Қазақ радиосында ән­ші болып істеген адаммын. Бір ерекшелігім, өз әндерімді де, басқа композиторлардың да әндерін айтып жүрмін. Ал екінші кәсібім – компо­зитор­лық. Қаншама қиындықтар бол­са да, осы екі мамандығымды те­мір­қазықтай ұстанудамын. Қиын­дықтар демекші, жастау кезімде менің тұрғыластарым, «Ескендір компо­зи­тор емес, әнші ғой», «әнші емес, ком­позитор ғой» деп сан-саққа «жүгіртіп» те жүрді. Маған сол көрермендеріме өзімнің кім екенімді мойындатуым керек болды. Құдайға шүкір, қазір кімнің кім екенін жұртшылық толық мойындады. Ал енді кәдуілгі көр­кемө­нерпаздар үйірмесінің талабынан аспай­тын дауысымен ән айтып, «ой, мен әншімін» деп кеуде керетін іні-қарын­дастарыма ренжимін. Салыс­тыр­малы түрде айтайын, 1960-70- жылдарды қазақ музыка өнеріндегі «Алтын уақыт» деп айтуға болады. Дәл осы жылдары қазақ даласында Әбілахат аға Еспаев бастаған, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сынды бірқатар тума талант композиторлар тобы «өмірге» келді. Бір ерекшелігі, бұл ағаларымның бар­лығы көп жағдайда өздеріне композиторлықты серік етті және қазақ өнері үшін қайталанбас алтын қазыналарды берді. Меніңше, дәл осы кезең қазақ мәдениеті, оның ішінде, қазақ музыка өнерінің шарықтау шегі болды. Тағы бір ерекшелігі, дәл сол тұста тыңдаушылар да мықты еді. Біздің буындағы композиторлар тал­ғам­сыз сөзге ән жазудан аулақ бол­ды. Ол – ол ма, әрбір композитор әнінің әуеніне ғана емес, мәтініне де айрық­ша назар аударды. Біздің ба­ғы­мыз­ға қарай, ол кезде әнге сөз жа­за­тын ақын­дарымыз да кілең мықты, та­би­ғатынан тума таланттар болды. Олар­дың арасында Тұманбай, Қадыр, Са­ғи, Бәкір Тәжібаев, Нұрсұлтан Әлім­­құлов секілді көптеген асыл аза­мат­­тар бар. Мүмкін, еліміздің сол кез­де­гі ба­қыты болған шығар, дәл осы өнер тарландары. Қазір бір қуанта­ты­ны, үшінші буын әншілер біздің сол кез­дегі әндерімізді бойтұмардай ұстанып, қайтадан айта бастады. Себебі халықтың құлағына сіңіп кетті, ол ән­дер. Өйткені онда халықтық не­гіз жа­тыр. Мен өз басым ауыл бала­сы­мын, халық әндерін жаныма ба­рын­ша сі­ңі­ріп өстім. Ал жастайыңнан жүрек­­ке сің­ген әуенді өшіру әсте мүм­кін емес. Өйт­кені оның тамыры терең­де. Ал кә­сіби білімім сол алтын қа­зы­на­ны за­ман талабына сай байыта түсті.
– Өзіңіз тілге тиек еткен ха­лық­тық әндердің нақышы мен әуені, бел­гі­сі қазіргі әндерден тіпті жоғалып бара­ды. Мұның себебі неде?
– Оның себебі, біріншіден, қазіргі біз­дің жас әншілер болсын, ком­по­зиторлар болсын, негізінен басым көпшілігі қаладан шыққан балалар. Сондықтан да мен өз басым «олардың халықтық музыкаға бірден енуі мүмкін емес» деп санаймын. Әрине, олар кез келген халық әнін нота арқылы орындауы мүмкін, бірақ дәл сол ән-әуенге бүкіл жан дүниесімен еніп кетеді деп айту қиын. Екіншіден, ежелден «әу» деп ән айтпайтын, бір ауыз өлең жазбайтын қазақ жоқ. Әрбір қазақ баласы домбыра шертеді. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет. Кейінгі жастарға айтар ағалық ақы­лым, соның барлығын ысырып қо­йып, сахнаға шыға салып «мен әнші­мін» деу ұят болады. Мен осы жағынан қазіргі кейбір жастарға таңғаламын. Мысалы, мен журналист атқаратын шаруаны атқара алмаймын, оған менің талантым жетпейді. Яғни ол құдайдың берген табиғи таланты, ал оны дамыту – сол адамның міндеті. Мұны айтып отырғаным, кейбір жас­тарымыздың болмай-толмай жатып «мен әншімін, мен композитормын» деп кеуде кере мақтанатыны бар. Бірақ олар өзінің әншілік алымы қандай, композиторлық қарымы қан­дай оны тіпті де есепке алмайды. Сондықтан да нақты өмірде ондай адам­дар күлді-бадам дүниелерді наси­хат­тап, әлек болып жүреді. Ал кімнің асыл, кімнің жасық екенін ойлы көрер­мен мен шынайы тыңдарман ешкім айтпай-ақ, парықтап алады. «Ме­нің жүрегім осылай дейді. Кейінгі іні-қарындастарым да осылай ұқсын» дегім келеді. Мақтанғаным емес, мен алғашқы әнім «Мереке күніңмен...» деп басталатын «Анаға сәлемді» осыдан 46 жыл бұрын жазыппын. Ол ән әлі күнге дейін халықтың аузында, ескірген жоқ. Мен үшін бұдан үлкен бақыт жоқ!

Әңгімелескен
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz