Қазақстанның  Еңбек  Ерлері

 

Рахмадиев Еркеғали

Қазақ ұлттық өнер университетінің профес­со­ры, композитор

Елбасы жар­лы­ғымен басты награда - «Қазақ­стан­ның Ең­бек Ері» атағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профес­со­ры Еркеғали Рахмадиевке берілді. КСРО халық әр­тісі, Еркеғали ағамыз елі­міз тәуелсіздік алған кезде мәдениет саласын басқар­ды. Көп жылдар бойы ұлттық консерватория­мызға жетекшілік жасады. Ұлттық өнері­міз бен мәде­ниетімізге атсалы­сып келе жат­қан ел ағасымен бүгінгі апта сұхбатын жалғастырамыз.

Жайнагүл Төлемісова, журналист:

Еркеғали аға, желтоқсан айының 16-сы, осы дата сіз үшін қандай күн?

Еркеғали Рахмадиев, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері:

Қандай күн болушы еді - жыладық, еңіредік, бірақ қолымыздан келер шара болмады. Сол желтоқсан айының 16-сы күнгі болған қырғын қызыл қанның құны сияқты көрінеді маған. Тәубә. Мың жыл бойына армандаған қазақтың арманы орындалды. Президентіміз желтоқсанның 16-сын босқа таңдамаған болар. Жоңғарда тек қазақтың тек еркектерінің ғана қаны төгілсе, желтоқсанда қыздарымыз, келіншектеріміз, балаларымыз қан төкті.

Осы тәуелсіздік күні деп айтқандарың дұрыс. Бірақ желтоқсан айының 16-сы деп ерекшелеп айтқанда, менің көзіме жас келеді. Кеше өзім көзіммен көргем оның бәрін. Соның арасында жүріп, айғайласып, Мәскеуден, Свердловскіден келген орыстың генералдарының жағасынан алып алысып жүргенмін. Біз Жұбан ағам айтқандай «Не көрмеген халықпыз. Мың өліп мың тірілген қазақпыз». Мыңыншы рет тірілген тіршілігіміздің басы болар. Бұдан былай біздің балаларымыздың, ұл-қыздарымыздың, кемпір-шалдарымыздың көз жасын көрмейік. Тәуелсіздігіміз қайырлы болсын дегім келеді.

Жайнагүл Төлемісова, журналист:

Сіз - симфониялық күй жанрын өмірге әкелген классиксіз. Азаттық, еркіндік тақырыбында жазылған тамаша симфониялық шығармаларыңыз бар. Бір ғана «Амангелдіні» алайық. Елдің рухын, ерік-жігерін ұштайтын туындыларды жазу, оны ұлттық психологиямен ұштастыру қаншалықты қиын?

Еркеғали Рахмадиев, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері:

Мен ойлайтынмын, Бетховен болып мен симфония жаза алмаймын, Моцарт болып опера жаза алмаймын. Олардың заманы өтіп кетсе де, таланты жарқын еді. Сондықтан осы қазақтың екі ішекті домбырасынан шыққан күйлерді я болмаса халқымыздың жазып тастап кеткен әндерін, соларды дүниежүзілік болмаса да, ең болмаса, еуропалық деңгейге көтеруге ат салысып, симфониялық күй содан шыққан.

Екі ішекті домбыраны ауылда отырып ойнай бергенмен басқа ел қолдай бермейді. Соның жолын іздедім қайтсем, қазақтың күйін біз ғана емес, басқалар да тыңдайтын деңгейге жеткізсем деп.

Жайнагүл Төлемісова, журналист:

Қазіргі қазақ өнеріне көңіліңіз тола ма?

Еркеғали Рахмадиев, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері:

Өнер бір адам үшін жаратылған дүние емес. Халық ұнатып, билеп, ән айтып жатса маған ұнайды-ұнамайды дегеннен мен қанша жақсылыққа жетем. Сүйсініп тыңдағың келеді. Бірақ қазіргі жастар заман өзгеріп кетті гой, «елу жылда ел жаңа» дейді, мүмкін содан болар. Бірақ қазіргі жастар халық музыкасын қастерлемейді. Күні кеше концертте бір әннің сөзін бүлдірді, бір әннің мәтінін бүлдірді, білмесе айтпау керек.

Қазір халтура көбейіп кетті. Даусы жоқ қыз-қырқындар, етектері шолақ солар шығып, бірдеңе айтқан болады, аяқтарын тыпырлатып билеген болады. Жастарды тәрбиелеп жатырмыз мың-мыңдап. Олардың ішінде таланттылары аз емес, бірақ дегенмен әнге қастерлеп қарау, күйді сыйлау азайып барады. Күніне мың адам шығару міндет емес, күніне екі адам шықсын. Бірақ елдің айызын қандырып, құрышын қандырып, ән айтатын, күй тартатын адамдар шығуы керек.

Жайнагүл Төлемісова, журналист:

Жақында ғана ұзақ жылдар бойғы шығармашылық еңбегіңіз үшін «Өмір ағашы» халықаралық сыйлығын алдыңыз, күні кеше «Қазақстанның еңбек ері» атандыңыз. Сіз секілді өнер әлемінде талай биікті бағындырған, әлем мойындаған, қас талант үшін мақтау, мадақтың маңызы қанша?

Еркеғали Рахмадиев, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері:

Соның бәрі еңбекпен келген. Еңбектен туған дүниелер. Әйтпесе, қазақ әйелі мен сияқты ұл таппай жатыр ма? Менен бұрын да, қазір де, кейін де талай ұлдар келеді. Бірақ сол ұлдардың жүрегі елім деп соғып тұру керек. Елім деп еңбегімен қызмет істеген азамат ерте ме, кеш пе елдің құрметіне, елдің сыйына ие болады.

Жайнагүл Төлемісова, журналист:

Уақыт бөлгеніңізге рахмет!

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz