“Халық Қаһарманы” атағының иегерлері

 

Рысқұлбеков Қайрат

 

21 жас, 21 жыл, ХХІ ғасыр: нені айқындайды?

 

 

Енді бірер күннен кейін Желтоқсан оқиғасының 21 жылдығын атап өтеміз. Санаға сұп-сұр мұң ұялатып, жүрекке шерлі шемен қаты­ра­тын осы бір оқиға «Мен қазақпын!» де­ген адамның жанын ауыр­тып, намысын қоздыратыны һақ. Елдігіміз еңсе түзеп, хал­қымыз тәуел­сіздік тұ­ғыр­ына кө­те­рілген тұста желтоқ­сан­шы­лардың ер­лігі тарихтан ойып тұ­рып орын алды.
Біреулер «Бұл оқиғаны қоз­ға­л­ыс деп атау керек!» десе, енді бірі «Бұл – нағыз кө­теріліс!» деп баға берді. Қа­лай десек те, қа­зақ­тың ши­ры­ғып тұрған жастары на­мыс­қой, өр тұлғалы ел еке­ні­міз­ді паш етіп кетті.
Жиырма бірде жасым бар,
Қайрат деген атым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең, атыңдар!– деп шырылдаған 21 жастағы Қай­­рат­тың үні ХХІ ға­сыр­ға дейін жетті. 21 жас, 21 жыл, ХХІ ға­с­ыр. Бұл нені айқындайды?!
Небәрі 21 жаста халық­тың қа­мы үшін алаңға шы­ғып, жұ­ды­рықтай жүрегі елім деп соқ­қан Қайраттың ерлігін біз бүгінгі ұрпаққа насихаттай алып жүр­міз бе? Біреулер отызында орда бұзып, қырқында қамал алып жатқанда 21 жасында елі үшін отқа түскен қаһар­ма­ны­мызды ұлықтай алып жүрміз бе? Көкейді мазалаған осы сауалдарға жауап іздеу ба­ры­сында өз басым біраз де­ректерді ақтарып көрдім.
Қайрат жайлы жазылған жайт­тардың астарына үңіле оты­рып, мен мынадай нәр­се­ге таңғал­дым. Қайрат 21 жа­сын­да, сот алдында 21 күн нақақтан-нақақ күйіп, тас түрменің 21-камерасында, 21 мамыр күні бақилық болған. Ал оның тұп-тура бес жыл өткен соң 21 ақ­пан­да ақ­талуы, кездейсоқтық па, әл­де тағдыр ма?! Әрине, мұны көз­ді жұма кездей­соқ­тыққа те­луге ешкімнің ары бармас. Бұл сол кездегі қыңыр сая­саттың жүргізген әмі­рі екенін Желтоқсан оқи­ғасына қалам тербегендер қазір ашық та, ашып жазып жүр.
Белгілі журналист Қайым – Мұнар Тәбей «Қазақтың желтоқ­саны» атты кіта­бында: «21 жасқа қа­раған шағында, Колбиннің қан­ды жебесіне ілініп, нақақтан-нақақ күйген Қайратқа сол кез­дегі жасалған қысас­тық­тың еш­қай­сысын кез­дей­соқ­тық дей ал­маймыз. Тіпті оның мүрдесінің өзі қайда жерленгені көп уа­қыт­қа дейін белгісіз болып келсе, ол немқұрайлылық емес, қы­сас­тықтың өзі» деп қалам тер­бей­ді. Ал Көлбай Адыр­бе­кұлы «ХХ ға­сыр: Соңғы репрессия» атты кі­та­бында «Талай 21-ді қыр­шы­нынан қиған Желтоқсан оқи­ға­сы – әділетсіз жүйе әкелген қан­құйлы репрессияның соңғы­сы» деп жазды.
Жалпы, қазақ тәуелсіздік жолында толарсағынан су кешіп, «ұрпағымды бодан қылмаймын» деп жауымен бел шешіп ай­қас­қан күрескер халық. Сол кү­рес­керліктің ХХ ғасырдағы қа­лып­тасқан көрінісін Желтоқсан құрбан­да­ры айшықтап көрсетіп бер­ді. Олар тәуелсіздік тұғырына қонуымызға өзіндік сара жол салды. Сол күнгі оқиғаны бо­йы­на жиып тітіркенген алаң­ға бұл кү­ні Тәуелсіздік мо­ну­менті қо­йы­лып, дер­бес­тігіміздің таңы ат­ты. Жел­тоқ­саншылардың ер­лі­гін ұлық­тап, ұлтымыздың мерейі өс­ті. Азаптың тезіне түскен 86-ның қыршындары ақталып, қазақтың рухы асқақтай түс­ті. Арада өткен 21 жылда қа­зақ­тың үні әлемдік деңгейге дейін естіліп, іргесі мы­ғым Қазақстан деген мемлекет ба­рын индустриясы дамыған ел­дер мойындай бастады. Бұл күні еуропалықтар Қа­зақ­станды «ТМД елдері бо­йынша бойына тұрақ­ты­лық­ты серік еткен ел» деп ба­ғалап отыр. Осы тұста біз де қарап қалмай, эко­но­микасы дамушы елдердің қа­тарына қосылу үшін бірқатар игі шаралар атқардық. Мем­ле­ке­тіміздің экономикалық-саяси-әлеу­меттік қадам­да­рының ай­шық­тала бас­та­ға­нын жалпақ жұрт­қа әйгілеу мақ­сатында «бә­секеге қа­бі­летті елу елдің сапына ене­міз» деп жатырмыз. Әлем жа­һандану үрдісіне ілесіп жат­қан ке­зеңде қарап қалмай, көш­ке ілесуге барымызды са­лудамыз. «ХХІ ғасырды тех­нологиялық даму ғасыры» деп ұрандаған дамушы ел­дер­дің тәжірибесіне сүйеніп, технология саласының да тілін табуға ұмтылып жүр­міз. Оған Тәуелсіздік мере­ке­сін атап өтетін айтулы дата қар­саңында 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететі­ні­міз мәлім болғанын қос­сақ, «ақсарбас» айтып, жұрттан «бай­ғазы» сұрайтын бұл ақ­жолтай хабар да мерейімізді ас­пан­датып жібергені дау­сыз.
Кезінде ата-бабаларымыз:
Еңку-еңку жер шалмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Ерлердің ісі бітер ме,– деп жырлады.
«Басы – дауда, қол-аяғы – кісенде, жаны бодандағы қа­зақ­тың таңы қашан атар екен?!» деп толғанды.
Ал бүгінгі аға буын:
Дүниеге келер әлі
талай дарын,
Қайраттай биік ұстап
намыс-арын.
Елдік пен ерлік жайын нық
ұстанып,
Жетілер бүгінгі жас ұрпақтарым, – деп кемел болашаққа үміт артады.
Қазір кешегі:
Ел менікі дей алмай,
Жер менікі дей алмай.
Езгіге түсті жүрегім, – деп отаршылдықтың езгісіне түсіп, тәуелсіздікті аңсаған ата-баба арманы орындалды. Десек те, қазақтың тын­дыр­ған ісінен тындырары көп екенін, тәуел­сіз­дігіміздің буы­ны қатайып, бұғанасы беки түс­кенімен, әлі де жетпеген жетістіктеріміз бар екенін мойындау керек.

Тақырыпқа түйін:
Біз жыл сайын Желтоқсан оқи­ғасы қарсаңында Желтоқсан жай­лы тың деректер іздейтін болдық. Қоғамда: «Жел­тоқ­сан оқиғасы зерттеушілер тарапынан әлі жан-жақты сараланбаған» деген пікірлер де аракідік айтылып қалады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «...Күнделікті күйбең­мен жү­ріп, 1986 жыл­ғы Желтоқсан оқи­­ғасының тарихи маңы­зын толық дәре­жеде бағалап үл­герген жоқпыз» депті.
Рас, жыл өткен сайын жа­сын­дай жалт еткен Жел­тоқ­сан жар­қылы уақыт қой­науы­на сіңіп, алыстап бара жа­тыр. Ке­шегі 21 жасында мерт болған Қай­раттардың ерлігін ХХІ ға­сыр ұрпақ­та­ры да жыр қылып тол­ғау­дан жалықпас. Тек белгілі тарап­тан қаһармандар ерлігін на­сихаттау жағы өзіндік биігіне жет­сін дейік. 21 жас, 21 жыл, ХХІ ғасыр. Бұл үшеуінің ара­сын тамыры тереңге бойлаған та­рих жал­ғап тұр. Ал оның ар жағында қазақтың өр тұл­ғасы биіктей түсетіні сөзсіз...

Қарлығаш САЙЛАУБАЙ

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz