Д е р е к т е р  

Тарихи тұлғалар

 

Мұстафа Шоқайдың туғанына 120 жыл

Тек қазақ тарихында ғана емес, бүкіл түркі әлемінде ерекше орын алатын, дара да бөлек тұратын, қашан да есімі алдымен ауызға алынуға тиісті тұлға - Мұстафа Шоқай. Әзірге онымен иық тірестіріп, үзеңгі қағыстырып тең түсер пенде жоқ. Әзірге тек қана өз халқын, белгілі ұлттың мүддесін көздеп, соның болашағы, елдігі, мемлекеттілігі үшін күрескен тұлғалар бар. Белгілі елдің тарихы үшін жарық жұлдыздай жарқырап тұрған. Алдына жан түсірмейтін.

Ал бүкіл түркі әлемі үшін белді бекем буып, қара басын ұмытып, үлкен күреске үлкен дайындықпен қиын қыстау күндерде жеке шыққан, қандай қиындық, зобалаң, нәубет басына түссе де, бүкіл бір мемлекеттер соңынан шырақ алып қуса да таймаған, алған бағытынан қайтпаған, түрік әлемі, оның езілген, қорланған халқы деп ұлы күресін жалғастыра берген Мұстафа Шоқай ғана. Ол тек туған жұрты қазақ халқы үшін ғана басын тауға, тасқа ұрып, ұлы күрес майданына шыққан жоқ, жер бетіндегі бүкіл түркі дүниесі үшін басын бәйгеге тікті. Солардың жоқтаушысы, күрескері, бастаушысы болды. Алдына үлкен мақсат, зор талап қойды.

Ол өзінің 1941 жылы жазған "Түркістан" деген мақаласында былай дейді:

"Түркістан - түркілер елі деген сөз. Сонау VІ-шы ғасырдың өзінде-ақ моңғол дәуіріне дейінгі көшпенділер империясы, түркі жұрты қанатын жая қоныстанған кең байтақ аймақты сасанид әулеті кезіндегі (ІІІ-VІІ ғ.ғ.) ирандықтар осылай деп атай бастаған екен. Бұл көшпелі түркілер империясының территориясы Қытай шекарасынан Персия мен Византия шекарасына дейін созылып, солтүстікке қарай оны мен сасанидтер мемлекетінің арасындағы шекара қызметін атқарған Әмудариядан бастап, шығысында Индке дейін жетіп жатады. Батыста түркілер мекені Птоломидің кезінде-ақ түрікше Дайкс (яғни, Жайық) атымен белгілі болған Орал өзенінен әрі төңкеріліп жатырдей келе ғұлама Мұстафа Шоқай ойын одан әрі былай сабақтайды. - Таза саяси-этнографиялық ыңғайда түзілген Түркістан шекарасы саяси жағдайлардың өзгеріп отыруына сәйкес, яғни түркілердің қоныстануы мен билік құру ауқымы кеңейген сайын саяси территориясында ұлғайта түсіп, өзінің қазіргі аймағына бұдан 1000 жылдан астам уақыт бұрын, шамамен, X ғасырдың басында жеткен еді".

Міне, Мұстафа Шоқай нақтылы деректер арқылы өзі алға тартып отырған осы кең аймақты мекендеген бүкіл түркі халықтарының тағдыры үшін күресті. Қашан кеудесінен жаны шыққанша ол күресті тоқтатқан жоқ. Басынан не өтпеді, не қиындық көрмеді? Жалғыз үзім нанға зар болды. Тауқыметтің бар ауырлығын басынан кешірді. Туған атамекенінен жырақта жүрді. Бірақ ұлы мақсатты, ұлы күресті тоқтатпады. Ерте ме, кеш пе, түркі халықтарының тәуелсіздікке жетіп, өзгелермен иығы тең ел болатынына сенді. Сол жолда түн ұйқысын төрт бөлді. Атамекенінен алыста еді. Тіпті түркі әлемінен. Бірақ солардың жоқшысы, мұңын мұңдаушысы болды.

Мұстафа Шоқай қандай ортада, қай уақыттта дүниеге келді? Білімі, үлгі-өнеге алған ортасы қандай? Бұл әркімді қызықтырса керек. Күні кешеге дейін, Қазақстан тәуелсіз ел атанып, егемендікке қол жеткізгенге дейін ол туралы тек ғана бір жақты кеңестік қаралау, нағыз жексұрын, кеңес үкіметінің халық жауы ретінде көрсеткен пікірлер ғана қалыптасты. Оның аты тек халық жау есебінде ғана аталды. Қара күйенің не бір масқарасын оның басына үйіп-төктік. Ағайын, туыс-туғанын қудаладық. Мұстафа Шоқайдың есімін атағандардың басына қара бұлт төндірдік. Сондықтан бүгінгі ұрпақ түгілі, аға буындардың да ол туралы білері мардымсыз.

Мұстафа Шоқай 1886 жылы, 7 қаңтар күні бұрынғы Ақмешіт (бүгінгі Қызылорда) үйезінде дүниеге келді. Тегі - орта жүздің қыпшақ әулетінен. Әкесі Шоқай дәулетті, мәдениетті, білімді, шешен де көсем, елге танымал, беделді адам болған. Замана ағысын, уақыт тынысын дөп басып, танып білген адам.

Ол баласы Мұстафаны әуелі отбасы, ошақ қасында білімге өзі ұмтылдырған. Бала Мұстафа сауатын ауылда мүсылманша ашып, кейіннен орыс мектебіне барады. Онан кейін Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Одан әрі білімін жалғастырған Мұстафа Петербор университетінің заң факультетіне түседі. Білімнің мол кәусарымен сусындайды. Өз қатарынан озық болады. Оны университет қабырғасында жүргенде-ақ өзінің туған халқы қазақтың, бүкіл Орта Азия халқының ауыр тұрмысы қатты ойландырады. Қалай, қандай күшпен Ресейдің езгісінен құтқарып, тәуелсіз де еркіндігі бар ел етуге болады деген сауал жанын жегідей жейді.

Ресей жерінде білім алып, тәрбиеленіп, орысша оқып, орыс жоғын жоқтап, патшаға қызмет етуге тиісті, сол арқылы шен-шекпен алатын, өзін танытуға тиісті Мұстафа таңдауы басқаша болады. Ол түркі әлеміне, оның ауыр тұрмысына ой жүгіртеді. Соған қызмет етуді өзінің басты борышы санайды. Ол ойшыл, шешен, күрескер болып қалыптасады. Университет қабырғасында жүріп-ақ көп істерге бел шеше араласады. Өзін-өзі қалыптастырады. Оның дара да ерекше тұлға екенін Әнуар Әлімжанов былайша сараптайды:

"...Ол сұңғыла ойшыл, сарапшыл ғалым, қайыспас дара күрескер, дәулескер шешен (бұған Француз компартиясы қайраткерлерімен аты шулы айтысы айғақ) еді. Ол "Ақиқаттан ардақты ештеңе жоқ" дейтін қарапайым Дала заңының ұлы да ұлағатты Мизамынан қия баспаған, жаным -арымның садағасы дейтін азамат еді.

Кез келген төңкерістің Бостандық пен Зорлық сияқты екі тамыры барын терең пайымдаған ол зорлыққа қарсы тұрды. Ол большевикизмнің империялық саясатына қарсы тұрды, Ресейдің бұрынғы отар халықтарын қорлайтын жәдігөйлік нәсілшілдік кемсітушілікке қарсы тұрды. Ол бірден-ақ енді-енді біліне бастаған білектің билікке, қатыгездік қара жер бұрын-соңғы көрмеген тоталитарлық тәртіпке, халықтардың тарихын, дәстүрін, әдеп-ғұрпын, мәдениетін, тілі мен ғасырлық тұрмыс-салтын табан асты еткен бірбеткей идеологиясына қарсы шықты".

Әнуар Әлімжанов тоқсаныншы жылдың басында жазылған "Мұстафа Шоқай" деген көлемді мақаласында "сұңғыла ойшыл, сарапшыл ғалым, қайыспас дара күрескер, дәулескер шешенге" жан-жақты баға берген. Тәуелсіздік алғаннан бері Мұстафа Шоқайға байланысты талай мақалалар жазылды, ой-пікірлер айтылды. Бірақ әлі күнге дейін Әлімжановтың сол мақаласындағы ойды шиырлап, қайталап айтудан әрі озғанымыз жоқ. Тек көңілге жұбанышы - Мұстафа Шоқай еңбектерінің шығып жатқаны, халқына жеткені. Бірақ Мұстафа Шоқай әлі күнге дейін өз бағасын алған жоқ, өз биігіне қойылған жоқ. Керек болса қай жылы туғаны әлі күнге нақтыланбай отыр. Әр ғалым, әр зерттеуші әр түрлі жылды атайды.

Біз алдымызға Мұстафа Шоқайдың өмірбаянын айтып, қай жылы қандай істер тындырды, қайда, қай жерде болды деген мәселені мақсат етіп қойғанымыз жоқ. Ол зерттеушілердің, тарихшылардың жұмысы. Біздің мақсатымыз - Мұстафа Шоқайдай ұлы тұлғаның бүкіл түркі әлемі үшін күресте тындырған ісі, алға қойған мақсаты туралы ой айту, он жыл бойы шетелде шығып тұрған "Жас Түркістан" журналы нендей мәселе көтерді сол туралы бірер ауыз пікірімізді ортаға салу.

1929 жылы шыға бастаған "Жас Түркістанның" бірінші санында-ақ ол былай дейді: "Атамекеніміз отаршылдардың тепкісінде жатқанда, ішкі саясаттың мәселелері екінші планға ығысады. Атамекенді құтқару жолындағы күрес бірінші планға шығып, маңдай алды міндетімізге айналады. Біздің ұлтшылдығымыз Түркістанда ұлттық өкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізінде құрылған, бізге түрі де, мазмұны да ұлттық мемлекет қажет."

Көрдіңіз бе, сонау отызыншы жылдардың басында-ақ ол алдына қандай мақсат, ұлы мұрат қойғанын? Ашықтан ашық айтып отыр: бір-бірімізбен айтысып-тартысу, сен кімсің, мен кіммін, кім күшті деген мәселелердің бәрін жинап қойып, атамекенді отаршылдардың тепкісінен құтқару жолында жұдырықтай түйіліп күресу керектігін алға тартады. Бар арманы - шеншекпен емес, түркі әлемінің бостандығы, еркіндігі. Ол былай деп жазады: "Біздің мұратымыз -бөлінбейтін бір тұтас Түркістан. Біз келешекте Түркістанымызды бөлінбес біртұтас ұлттық мемлекет түрінде көргіміз келеді." ("Жаңа Түркістан" журналы, 1931 ж. 16).

Бұл арманды ғұмырының соңғы сағатына дейін бір сәтте есінен шығармаған. Сүйікті жары Мария Шоқай "Менің Мұстафам" деген көлемді естелігінде мынандай ой айтады:

"Өмірінің соңғы сәттерінде, 1940 жылы соғыс тұсында ол үнемі Түркістанның большевиктерден құтылуын армандайтын. "Алып елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-насихат ісімен ғана айналасар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы тамаша кітаптар жазумен айналасар едім" дейтін Мұстафа Шоқай".

Арман-ай, неткен ғажап арман еді, үлкен мақсат еді, зор үміт еді. Елі, бүкіл түркі әлемі бостандыққа қолын жеткізді, тәуелсіздік алды. Тек оны Мұстафа Шоқайдың көре алмағаны қандай өкінішті.

Ол он жыл бойы «Жас Түркістан» журналында Кеңес Одағы тепкісінде жатқан, қасірет пен қайғаны мол тартқан халықтардың әр жылғы бастан өткізген жылнамасын қағаз бетіне түсірді. Өшпестей етіп кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Нақты оқиғалар, нақты тарихи шындықтар жазылды. Бүкіл әлемге таралды. 1928-1930 жылдардағы байларды тәркілеу, тап ретінде жою, 1931 -1932 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған алапат аштық, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін, халықтың бетке шығар қаймағын қырып салу, ату, жер аудару, 1917-1940 жылға дейінгі ауыр түрмыс, бүкіл түркі әлемінің оқығандарын жою, Құрту тек қана бір үлтты көсем, дара, ұлы етіп көрсету - осы мәселелердің бәрі - "Жас Түркістан" журналында нақты фактімен, шынайы көріністермен жазылды. Өшпестей болып қалды. Бүкіл әлемге тарады. Сөз жүзінде: "Кеңес үкіметі барлық ұлттарға бірдей, кеңес үкіметі-терезесі тең республикалардың ерікті одағы, ке-дейкепшіктердің сүйікті отаны" деп жазып, айтып, баршаны соған сендіруге, көндіруге, айтқандарын істетуге жан-жақты жанталасты. Шындықты көзімен көріп, сөз бен істің арасында аспан мен жердей айырмашылық бар екенін айта алған, айтқысы келген жандарды аямастан ауыр жазаға тартып, көзін құртып отырған. Шындық айтқанды шырылдатқан. Хал-қының тағдыры үшін күресе алған Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Хәлел Досмұхамбетұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Смағұл Садуақасұлы халқының басындағы қиын тағдырды айтқаны үшін кеңестік қызыл үкіметтің құрбандығына айналды. Олар туралы, олардың тағдыры, қайраткерлігі жайлы Мұстафа Шоқай "Жас Түркістанның" әр санында мақтанышпен жазды.

"Жас Түркістанның" езі аш-жалаңаш жүріп 117 санын шығарыгпы. Оған тікелей ез аты-жеңін қойып, екі жүзге тарта мақала жариялаған. Оның сыртында өзін көрсетпей жазған бас мақалалар қаншама, бүркеніш атпен жазған дүниелер қаншама? Оның әрқайсысында түркі әлемінің мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Көзінен жас сорғалап отырып, солардың тағдырына қиналды. Өзінің қиын тағдырын естен шығарды. Үлкен күрес жолында жүріп, 1941 жылы, 27желтоқсанда дүниеден озды.

Алты алаштың айтулы ақиығы, айтулы тұлғасы, жоқшысы бола білген Мұстафа Шоқай тағдыры қиын болса да, істеген ісі, артына қалдырған мұрасы кім-кімге де үлгі-енеге. Мәңгілік дүние. Ұмытылмас, естен шықпас үлкен әлем. Осыны мойындап, қол қоятын, соған лайықты құрмет-қошемет көрсететін заман келді. Ол Мұстафа Шоқай үшін қажет емес. Кейінгі ұрпақ үшін керек.

«Азат» газеті, 12.01.2006ж.



Авторы: Дінәш Нұрмұхамбет
2006-01-25

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz