Ү  л  г  і  л  і    с  а  б  а  қ  т  а  р

 

 

 

 

...Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас,

Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,

Ерлерді ұмытса да ел,шөл ұмытпас...

...Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,

 Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі, -

 Ерлерді ұмытса да, ел де ұмытпас

 

«Батыр Баян» - қазақ поэзиясының Оқжетпестей биігі,

қымбат та асыл   мұрасы.

 

Жүрегіммен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

    Қызыл тіл қолым емес,кісендеулі,

      Сондықтан жаным күйіп жанады да.

    Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,

 Толғанып қарауым сол баяғыға...

                                            Мағжан

Мағжан -ата-бабасы   түрікті  ,алашын жан тәнімен

сүйген, азаттықты аңсаған ,отаршылдыққа қарсы өлең

 жолдарын жазған халқының ұлтжанды ұлдарының бірі.

                                                                            М.Әуезов  

 

 

 

Сабақтың мақсаты:    а)Білімділік: Поэмадағы Абылай,Баян,Ноян бейнелерін  
                                          ашу,кейіпкерлер сипатын сан қырынан талдап,оларға  
                                          екітүрлі көзқараста баға бергізу.
                                         ә)
ой,тіл еркіндігіне баулу.
                                         б)
образ түрлерін белгілеудің бірнеше факторларын 
                                         меңгерту арқылы батыр Баян бейнесін ашу.
  Тәрбиелік:
Оқушыларды өз отанын сүйе білуге,ұлтын мақтан 
                     етуге,ақынның асқақ тұлғасы мен бай шығармашылықтарына деген 
                     қызуғышылықтары мен сүйіспеншіліктерін ояту,адамгершілік
                     қағидаларын өмірлік ұстаным етіп,ерлікке тәрбиелеу.
 Дамытушылық:
Өз пікірлерін ортаға салу,іздену арқылы логикалық ойлау 
                               қабілетін,танымдық белсенділігін арттыру,өзгенің пікірін тыңдай    
                               білуге,өзінше ой түюге,шығармашылықпен жұмыс істей білуге    
                               үйрету.
Сабақтың түрі:
Әдеби ой талқы сабағы.
Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер:
Алдын-ала тапсырма беру арқылы 
                                                                    оқушылардың танымдық ізденіс-қызметін 
                                                                    ұйымдастыру,мақсатты мәтіндік талдау,
                                                                    монологтық баяндау,ғылыми-теориялық    
                                                                    талдау.
Сабақ көрнекілігі:
Абылай,Баян,Ноян бейнелерінің суреттері,Мағжан            
                                портреті,түрлі пікірлер жазылған қағидалы сөздер “Батыр Баян”   
                                поэмасына топтама суреттер,М.Жұмабаев шығармалар 
                                жинағы,Абылай хан туралы жазылған шығармалар мен 
                                ғалымдардың зерттеу еңбектері.Мағжан,Абылай,
                                Баян батыр жайлы жазылған пікірлер,тірек –сызба.

                                                               

 

 

 

Поэма сөздерінің әуезділігі.

 

- Мағжанға тән нәзік сыры, жұмсақ ,сүйкімді үні.

- Поэманың тарихи сипаты,аңыздық бояуы.

- Ұлт-азаттық күрес, халықтан шыққан батырлар.

-         Романтикалық шешім,асқақ рух,өршіл үн.

«Баянның іздері мәңгілік халыққа сәуле

 боп  тарайды…»

 

Сабақ барысы:

I.Ұйымдастыру.

  а)Өтілген сабақтың тақырыбын және мақсатын түсіндіру.

  ә) Қызығушылығын ояту

 Кіріспе:    /мұғалім сөзі/

        -Балалар,біз XX ғасырдың басындағы қазақ позициясының хаңтәнірі,ақындар плеядосының  “таңшолпаны” Мағжанның
 “Батыр Баян”
поэмасымен танысып өттік. Яғни XVIII ғасыр қазақ тарихындағы ел тағдыры сынға түскен түйінді кезең.Бұл-ата мекенді жат жерлік басқыншылардан азат ету жолындағы Отан соғысында Абылай хан,Қабанбай,Бөгенбай сынды қолбасшылардың бастауымен бір жұдырықтай түйілген батыр бабалармыздың жанқиярлық ерлік өнегесін тарихи беттеріне өшпестей етіп қашаған кезең еді.Иә,тарих ғибрат.Тарих- халық рухына қуат беруші күш.Елдік тарихымыздың қаһармандық беттері күні кешеге дейін көріне көзге көлегейленіп келді емес пе?

       Поэма сюжеті XVIII ғ.қазақ-қалмақ арасындағы аласапыран,қиын қыстау күрделі заманды бейнелеп,ұлт азаттығы,хаық бостандығы жолында жан аямай күрескен,тарихта болған Баяндай батырдың басына құрылады.

       Сондықтан Мағжан қазақ азаматтарына әрі сын тағып,әрі ауыр міндет жүктеп,олардың алдына Абылай хан мен Батыр Баянды,Абылай ханды идеал етіп ұсынады.Олардың елдік,ерлік,даналық,адамдық істерін санада,жүректе жаңғыртады.

        Мінеки,сондықтан бүгінгі сабағымызда “Батыр Баян” поэмасында кездесетін образдарға сипаттама беру.

        Ендеше Батыр Баян қандай бейне?атты әдеби-ой талқы сабағымыздың бірінші сауалы өздеріңде.

 

II.Жалпы сыныптық тапсырма

  a) Поэма сюжетіне арқау болған оқиғаны баяндау.

  ә) Сұрақ-жауап /үй тапсырмасы/

Мұғалім:

     -Балалар, XVIII ғасырдағы ел қорғаған батыр ірі тарихи тұлға даңқты адамға Мағжанға дастан арнауының көптеген себептері бар.Өйткені, кез келген ақын,жазушының белгілі бір шығарманы жазу үшін соған итермелейтін себептері болады.Себеп-салдарсыз туындының өмірге келуі мүмкін емес.Мағжан шығармашылығын жақсы білетін.М.Әуезов “Мағжан-ата-бабасы түрікті,алашын жан-тәнімен сүйген,азаттықты аңсаған,отаршылдыққа қарсы өлең жолдарын жазған, халқының ұлтжанды ұлдарының бірі”- деуінде үлкен мән бар.Ақын - әлемдік әдебиеттің таңдаулы үрдістерін және өз халқының сан ғасырлық даналығын бойына бірдей сіңіре алған адам.

 

 

Не көрсем де алаш үшін көргенмін,

Маған атақ—ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін.

                                         Мағжан

 

 

2-cұрақ: М.Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасын   

               жазуға қандай себептер ұйтқы болды?

                                      /оқушы жауабы,шағын пікірлерін тыңдау/

 

Міндеті: (Оқушының қызуғышылығын арттыру мақсатында  “Батыр Баян” поэмасын қалай және қайтіп жазылғандығынан алғашқы сабақта берілген түсініктеме бойынша және өз ізденісін, пікірлерін, логикалық ойымен айтып,жалғастырады)

      а) Поэманың қалай және қайтіп жазылғандығын мағлұмат беру.

     “Баянның іздері мәңгілік халыққа сәуле боп тарайды ...”

 

  Мұғалім:  

      М.Жұмабаевтың әжесі Баянның немере қызы Мағжан-Баянның ақылды немересі,әділдігімен аты шыққан Байтоқа бидің әңгімесін тыңдап,өсиетіне ұйып,батасын алған.Осының бәрі жас ақыннын көкірегіне қарт батырдың бейнесін ұялатқаны анық.Сонымен бірге Мағжан Баянға қатысы бар жазба мағлұматтарды да жетік білгені байқалады.Сондағы негізгі сүйенгені-Шоқан еңбектері 1904 жылы Петербургте Н.И.Веселовский шығарған Шоқанның бір томдығы Мағжанның қолынан түспес кітабына айналған.

 

 

 

Бар болмысым,

Рухыммен,

Жігеріммен,

Уалиханов Шоқанды  сүйемін мен.

Ғасырлар қойнауынан жарып шыққан,

Жан даусын естимін жүрегімнен.

 

 

3-сұрақ:

      Дастанда Баянның туған інісі ретінде алынған Ноян кім?Баянның махаббат үшін оны атып өлтірілгендігі рас па?

 

Жауап: Мағжанның Ноян деп алғаны Баянның шөберелес ағасы Сары батырдың баласы-Қыстаубай.Ел есіндегі әңгімеге қарғанда Қыстаубай расында да ауылдағы қалмақтың Лағда деген қызын алып қашса керек.Баласының қылығына Сары батыр қатты долданады.Сары батыр долданса,соғыста екі көзін қан жауып кетеді екен.Қашан он шақты дұшпанын сүйреп тастағанша көзі ашылмайды.Оған дейін шылбыры Баянның тақымында жүреді екен.Сол Сары: “Қыстаубайды қуып жетіп өлтір, киімі мен қару-жарағын көзімше көм”-деп Баянды жұмсайды.Баян Қыстаубайды қуып жетіп,бір қабат киімін алып,қозының қанына малып, Сарыға алып келеді. Қыстаубайдың нағашылары кіші жүзде екен. Кейін алты алаш дүр көтерілген бір соғыста кіші жүз әскерімен келген ұлын көріп, Сары батыр жібудің орнына Баян батырға қаттырақ ренжіпті деседі.

 

Мұғалім:       

          Поэмада Мағжан нақты деректер мен аңыздарды бұлжытпай қайталауды мақсат етпеген.Баян,қыз,Ноян арасындағы махаббат өрті сюжеттік желі болып тартылғанымен,дастан “ғашық жар”аясында қалмай,үлкен ел сүйгіштік идеяға негіздейтін шығарма.Ақын мүддесі-Шоқанның сөзімен айтсақ: “Абылайдың ең аяулы батыры Баянның ұлы тұлғасын сомдау”болды.

     “Батыр Баян ” ақын шығармалары ішіндегі ең әсерлі,ақынның ғажайып суреткерлік талантын мейлінше таңытқан поэма.

 

       Ақын поэма жазудағы мақсатын былай түсіндіреді?

Жауап:

Жүрегіммен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға,

Қызыл тіл қолым емес, кісендеулі,

Сондықтан жаным күйіп жанады да,

Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,

Толғанып қарауым сол баяғыға, -деп,

басталатын атақты “Батыр Баян” поэмасын Мағжан ақын отызға толған жасында 1923 жылы Ташкентте

 Мұхтар Әуезовтің пәтер үйінде бір түнде жазып шыққан еді.Бүгінде қалың қазақтың рухани игілігіне

айналып, мәдениеттін төрінен ойып орын алған бұл ғажайып жыр бізге ерлікке толы  Абылай хан

заманынан бір мұңды сырды шертеді.

 

  “Батыр Баян” – қазақ халқының сан ғасырға созылған даңқты қаһармандық дәстүрінің айнасы іспетті,

батырлар жырының экранға тұңғыш жол тартуы немесе қазақ батырларының бейнесін тірілтуге жасалған

тұңғыш қадам.

Сонау Қарақыпшақ Қобыландыдан бастап, кешегі Исатай, Махамбетке дейінгі қазақ батырлары  экранға, ат

ойнатып, ағындап шыға келіп,бүгінімізді дүбірге толтырып, қалғулы санамызды қиқулап оятып,езіліп

қалған еңсемізді көтеріп, елімізді ерен ерлікке,бірлікке,тірлікке,ірілікке бастаған халық арманы емес пе еді

 

Поэзия минуты  /ақын монолігі/

/Мағжан өлеңдерінен жатқа  үзінділер  оқу арқылы оқушылар монологтік баяндау мен өз ойларын айшықтау/

                 

                      Не көрсемде алаш үшін көргенмін,

                   Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.

                   Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер,

                   Істей берсін қолдарынан келгенін

                                                                 (Мағжан)

 

                                               ... Қиын күн туған алаш баласына!

                                                   Шұбыртып жапанның сар даласында.

                                                   Кез болған жаудан үркіп “Ақтабанға”,

                                                   Дұшпаннын қалғандай бір табасына.

                                                  Арқаға аяқ салып түскен барып,

                                                  Екі оттың орыс, қытай арасына …

                                                 ...Артында-ор, алдында- көр, жан-жағы жау,

                                                 Дағдарған алаш енді қайда бармақ?...

 

         Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,

         Толғанып  қарауым сол баяғыға.

         Түйіннің тоқсан түрлі шешуі бар,

         Әдемі ертегідей баяғыға.

         Әдемі өткенді ойлап айнымасам,

         Сұм өмір күшті уын аяды ма?

         Ертегі уатпай ма баланы да,

         Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да ..              

 

                                                 ... Арқаның көз жіберсем алабына:

                                                 Сарыарқа-сары дария қиыры жоқ,

                                                 Кез болсын қандай қыран даланы да,

                                                Ішінде сары дария көз тоқтатар

                                                Көкшетау Сары арқаның аралы да ...

Ой түйіндеу
“Көкшетау
жасыл арал, жер еркесі, Абылай қонысы”

4-cұрақ:

  Жер жаннаты Көкше көрінісін суреттеудегі Мағжанның қандай жетістігін байқадыңдар?

Жауап: Мағжан ақын сұлу Көкшені ардақтап жырға қосқан.Оны    

            “Сарыарқаның аралы,жер еркесі” деп сүйсіне  

              суреттейді.Оқжетпесті қырандар ұясына теңесе,мөп-мөлдір 

             Бурабайды айға ұқсатады.

Мысалы:

     Оқжетпестей найза қия-қыранға ұя,

     Қарасаң жанның шері тарқамай ма?

     Солардың ортасында Бурабай көл,

     Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек ұқсайды айға,- деп жырлаған.

    Олай болса, Мағжан суреттеуіндегі Көкше, Сәкен ақын суретінен бірде кем емес. Қайта Мағжан сыртқы жалаң көріністен гөрі ішкі дүниені айқын, суреттеуге тырысады.Табиғат пен адамды қоса суреттей отырып,тіпті замана туралы да ой тастайды.

 

б)Талдау жұмысы /Ноян мен қалмақ қызы/

 

     Міндеті: /оқушылар өз жүрекжарды ойларын ақын өлеңдерімен 

                       жалғастыра талдау/

     Мұғалім: /сұрақ-жауап/

   -Балалар,әсіресе-поэмадағы елеулі оқиғаға өзек болған жас жігіттің қолға түскен

   қалмақ қызына деген сүйіспеншілігін, ару сұлулығын ақын поэма тілімен қалай

   суреттеген?

 

     Оқушы: /ару сұлулығы/

              Торғын ет,шапақтай бет тісі меруерт,

              Сөздері су сылдырап құйылғандай.

              Бір улап көзқарасы,бір айнытқан.

              Жұлдызай еркелеген сөнбей-жанбай,

               Лебізі-жібек лебі,жұмсақ желі.

               Кәусардай татқан адам қалар қанбай,

 

             ....Келгенде-ақ сұлудың бір қарауынан.

                 Ноянның жүрегінде ұшқын туған,

                 Сол ұшқын өртке айналып жап-жас Ноян.

                 Алысып жүрегімен,аласұрған ...

 

                            ...Жас Ноян қызды көріп от боп кетті,

                              Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті.

                              Жер мен көк, ай жұлдызды тұман басып,

                              Бір қыздан басқа нәрсе жоқ боп кетті.

 

Мұғалім: /сұрақ-тапсырма/
  Жас жігіт Ноянның қалмақ қызына деген махаббатының шынайы,таза екеніне көз жеткіздік.Бірақ ғашық болдым екен деп,сол кезде қазақпен жауласып,соғысып жүрген жат ел өкілінің шартына атап айтқанда,жерін,елін тастап,шайқасушы жақтың азаматы болуға келісуге бола ма?
1)Оқушы жауабы:
Әрине болмайды.Сөз жоқ,туыс,жораларымен кеңессе,тіпті бір күн бөгелсе, Ноян райынан қайтар еді деп шамалауға да болады.Әйтсе де қалмақ қызы тапқырлығын, қулығын асырғаны үшін оны айыптаймыз.
 Себебі: Әр адам алдымен өз елі үшін күресе білуі керек.Ал жас ару,жас жігіттің бөгелу, ойлануына мұрша бермейді. оны кеш те болса,Баян батырдың аңғарғанын көреміз.
Мысалы:

             “Секіріп суда ойнаған шабағында,
               Сұм сұлу,қармағыңа ілдің неге?!”...
2)Оқушы жауабы:

Осы орайда жат елге бару мәнісін қыз толық жеткізбей алдады ма,яғни іс ақырын жігіт толық бағамдай алмай қалды ма, түйткілі туары анық.  Жоқ, қыз ойын тура жеткізеді.
                       Қаны бір ел еді ғой қазақ, қалмақ
                        О да бір саған туған жұрт болмай ма?!

  
Ендеше мұндай шартқа көну, қанша үзілгелі тұрса да, махаббат үшін елінен безу- Отанын сатудың сатқындықтың, жексұрындықтың нақ өзі.Сондықтан да інісін өлтіргеннен кейін, өзін қанша жазғырып, өкінсе де, Баянды ақтарлық себеп те орын алған:
               “Құл болса бір қыз үшін балдырғаны
                 Алашқа бұдан да ауыр шер бола ма?”-
деген Баян тебіренісі-оның ісінің  оң екендігінің айғағы.

 

Мұғалім: Бұл тұста “сатқындық кешірілмейді” деген идея орыс жазушысы Н.В.Гогольдің 1839-1841 жылдары жазылған “Тарас Бульба” повесіне арқау болғанын еске саламыз.Шығармада Тарастың екі ұлы болғаны, үлкені Остаптың елі үшін арпалысып , қолға түсіп, азаппен өлтіріледі де намысын, сақтай білгені, сол үшін әке сүйіспеншілігіне бөленгені, ал кішісі  Андрийдің керісінше болып шыққаны белгілі. Шығармада жау жақтың қызының азғыруына еріп, өз адамдарына қарсы қол көтерген  Андрийді ұстап алғанда, әкесінің:
  “Осынша азып сатыла ма екен?
  Именбедің,діннен біздің. Ел-жұртыңнан бездің! Енді есеп берер кезің келген шығар ... Тоқта, түс аттан!”
дегені, артынша:
“Тұр, тыпыр етпе! өзім туғыздым, енді өз қолыммен өлтіремін!”
-деп, атып өлтіргені мәлім.
  /Н.В.Гоголь Тарас Бульба. А. “Жалын” 1982.105-106 бет.Ауд/н:Т.Нұртазин/
     Осы орайда Баянның ақтық шайқасқа ұмтылуын іні осалдығына, қазасына шыдамау деп біржақты, үстірт түсінуге болмайды. Біздіңше,Ноян тақсіреті Баянды ширықтырып, оның оқшау да ерен сұрапылға ұмтылуын тездетуші ғана деп қабылдаған жөн.
  Ал енді бастысы не десек, ол-орталық қаһарманның сатқынды кешірмеуге де, Отан үшін өз жанын қиюға да дайын екендігі.

 

III.Ситуациялық сұрақтар
  a)Салыстыру
  /ойтолғаныс сатысы /
 Міндеті:  Абылай бейнесін ашу.
Мұғалім:
     -
Балалар, біздің тарихымыз ерлікке бай. Бостандық үшін күрескен батырлар аз болған жоқ. Олар елін, жерін қорғау жолында жан аямай күресті.
 Үлкен ұлт болып ұйып, халық болып қалыптасуды көздеген небір ділмар шешендер мен көреген көсемдер ,ел қамы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, астынан ат, қолынан найза түспеген. Солардың бірі-қайраткерлігімен, батырлығымен халық көңілінен шығып, қол бастаған хан Абылай болған. Абылай хан заманы-ерліктің заманы.Бұл ғасыр қазақтың бір туар ұлдары- Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай,Шапырашты Наурызбай, Ер Жәнібек, Көкжарлы Көкжал Барақ, Батыр Баян,Қасабай, Райымбек сынды ерлерімізді шыңдап, ұлттық ерлік мектебінің негізін қалады.

 

                                                 Мұғалім:
   -
Абылай талай күресті басынан кешіріп,сан сыннан сүрінбей өтті.Әсіресе, Қалдан Серен торынан құтылып шығуы,оның даңқының дәуірлеп көтерілуіне себеп болды.Кісілігі мен ақыл парасатының, кеңдігінің тағы бір айқын дәлелін - “Абылайдың үш арманы” атты көріністерін көрейік.
Көрініс: “Абылайдың арманы”...

5-сұрақ:
Мағжанның Абылайды сүйсіне,  
                асқақтата   жырлауының негізі неде?
                                                     /оқушы жауабы/

Мұғалім:
Батырлықта да, дипломатиялық өнерде де, даналықты да қанына сіңірген Абылайдың халқының азаттығы үшін күрестегі ерлік қимылдары, әсіресе жоңғар шапқыншылығы кезінен бүкіл елге белгілі болды.
   Абылайдың жоңғардың батырын өлтіріп, “Абылайлап”-қазақ жауынгерлеріне ұран тастап,рухтандыра ерлік көрсетуі, Әбілмансұр  Абылай есіміне ие болуы үлкен ерлік.
Қалмақ қонтайшысы Қалдан Серен Шырыш сынды батырының кегі үшін Абылайды тұтқындап әкелген адамға Топаш сұлуды қалың малсыз беремін,-дейді.
Аңдыған жау Абылайды қолға түсіреді. Тұтқынға түскен Абылайдың ерлік мінезіне риза болған қалмақ қонтайшысы Қалдан Серен Абылайды босатып, Т опаш сұлуды беріп,қазақ елімен құдандалы болады.
    Мінеки, сол ерліктің белгісі ретінде Топаш сұлудан  Қасым хан, Қасымханнан Кенесары, Кенесарыдан Садық сұлтан туады.

IV.Танымдық ізденіс жұмыстары.
  /
Ғылыми-теориялық,монологтік баяндау/
“Батыр Баян қандай бейне”
тақырыбында шағын ойталқы   жүргізу.
       /сынып екі топқа бөлінеді/
1-топ: Жақтаушы
2-топ: Даттаушы

«Баян – алашын ардақтаған батыр, биік адамгершіліктің,

                                            ұлы рухтың адамы.»

 

                                       Баян бейнесі :

Бас кейіпкердің айбатты данышпан, дана бейнесінің көрінуі.

Баянның хас батырдай түр – тұлғасы, іс - әрекеті, халқының азаттығы жолында туған бауырын құрбан ету.

Мұңы, зары, өкініші.

Ноян мен қалмақ қызы. Махаббат пен кек

А)Сұрақ – жауап әдісі:
Мұғалім
:  а) Сұрақ беру әдісі арқылы жүргізеді.
1-сұрақ
:
“Батыр Баян” поэмасында Мағжан суреттеуінде Баян “Батырлығы алашқа аян”, Абылайдың аса құрметтеген серігі.Бірақ ол құрметті атақ,даңққа  лайық па?     
                                                                      /даттаушы топ жауабы тыңдалады/
2-сұрақ:
 
  -Ал жақтаушы топ бұл пікірге не дер екен?
                                                                     /жақтаушы топ жауабы/
Жауап:
Баян поэмада халық батыры ретінде суреттеледі. Ол көкшедей биік, ұлы рухтың адамы. Ақын суреттеуінде Абылайдың өзі де Баянның батырлығына, ерлігіне, намысқойлығына тәнті болып көрсетіледі.Оған дәлел Абылайдың қанайға берген жауабы:
     Абылай мен Қанай би диалогында:
   ... Наркескен,өрттей ескен, қайтпас болат.
       Баянсыз қанатымды қалай жаям?!
       Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай,
       Келмесе қандыбалақ батыр Баян,-деп қаһарлы хан атынан түйінделеді. Мағжан суреттеуіндегі Баян асқақ тұлға.А былай ханның Баян туралы пікірі ұлтымыздың ұлы ғалымы Шоқан Уалихановтың 5 томдық еңбегінде жазылған.
Мұғалім: 
Олай болса,сол пікірмен таныстырып кетсеңдер.
                           /оқушы оқып, таныстырады/
Мұғалім:
Жақтаушы топтың айғақтарына екінші топ келісесіңдер ме?

 

 

                                          

 

 

2.  Өмір сүру формасы,өмір үшін күрес ” деген ұғымның мәні неде?
 
Жауап: Нәзік, сезімтал адамдар, сезімі күшті дамыған ақындар, өлімді шақырып, аңсап, көз жасын төгіп, көңілін қайғы-шерден кірбіңнен тазартады, өлім арқылы өзін-өзі жұбатады.Сол өлім туралы сезім бойдан,жаннан тарқағаннан кейін, әлгі адам дүр сілкініп, жан дүниесі қуат алып, жаңарып, тазарып шыға келеді.Өлімді аңсау сәтінен кейін өмірге,күреске деген қүлшыныс қайта туады.Мағжан символист ақын болғандықтан,тап осы тылсым сезімді дөп басып тұр.Ал, сол сезімнің өзі – шындық.Шындықтың ұстатпайтын тылсым иірімдерін дәл ұстау,оны символдап жеткізу – қазақ әдебиетінде Мағжаннын қолынан ғана келген.
  
3.Қазақ батырларына ақынның көзқарасы қандай?
Жауап: Батыр - әскер басы,қолбасшы ғана емес,ол орыс князьдары сияқты ел, мемлекет мәселелеріне тікелей араласатын ханның көмекші – кеңесшілері.Батырлардың сөзі,ісі кейде хан әрекетінен де өктем.
     Бұл – Абылай ханның Батыр Баянға т.б. батырларға деген қарым-қатынасынан аңғарылады. Немесе батырлардың жортуылға шығарда Қанай биді Абылай ханға салып, жауап сұрататын тұсынан да, Батыр Баянның жүз жігітпен жауға шабатын тұсынан да автордың осы ұстанымы аңғарылады.

 

 

 

VII.Үйге тапсырма:

1.“Батыр Баян” поэмасындағы
     кейіпкерлер жүйесіне
    талдау,топтастыру.
2.“Суреттер сыр шертеді” атты айдармен 
   “Батыр Баян” поэмасы бойынша  
   әңгіме жазу.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
М.Жұмабаев. Шығармалары  2-3 том.
        Алматы     “Білім баспасы” 1996 ж.
2.Қазақ хандығы  /қазақ балалар энциклопедиясы/
            Аламты: “Аруна” баспасы, 2006 ж.
3.Абылай хан. Авторы: Қасымбаев Ж.
Алматы: “Аруна” баспасы, 2007 ж.
4.І.Есенберлин “Көшпенділер” романы.
5.С.Сейфуллин  “Көкшетау” поэмасы.
6.І.Жансүгіров “Дала” поэмасы. 
       Зерттеу еңбектері:
а) Шот-Аман Ыдырысұлы Уалиханов
      “Абылай туралы деректер”
                     Ана тілі газеті 1991 ж.№ 25, № 31
     ә) Әлкей Марғұлан “Шоқан Уалихановтың ата-тегі”
     б)Шоқан Уалиханов I том 1984 жыл.
      
      7.Мағжан Жұмабаев шығармалары.
           /өлеңдер,поэмалар,қара сөздер/
                  Алматы: “Жазушы” 1989 жыл.
      8.Қазақ тілі мен әдебиет журналдары.
         2008  № 4-46 бет. 2004 № 8-106 бет;
          2005 №2,4.2006  №6; 2000  №6; 2008  №1-74 бет.
 
       9.Қазақ тарихы журналы:
          № 1   1996 жыл  (74 бет)
     
       10. Н.В.Гоголь Тарас Бульба.

               (Алматы  Жалын” 1982.105-106 бет

 

 

 

 

 



Hosted by uCoz