Д е р е к т е р  

Қазақ ғалымдары

 

Қайталанбас қайсар тұлға

24.02.11.                 Егемен Қазақстан газеті

24.02.12.                
«Ол кісімен ұзақ жылдар бойы қызмет бабымен жиі кездесіп, көп мәселелерді ақылдасып шешуші едік... Өмекеңнің терең ақылы мен парасаты, халқының қамын ойлайтын азаматтығы ұдайы сезілетін. Халқы да оны осындай жақсы қасиеттері үшін қатты қадірлейтін. Көзінің тірісінде ол елінің, халқының құрметі мен махаббатын бір кісідей-ақ сезініп өтті».
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

 

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарының бі­регейі саналатын Қазақ мем­лекеттік ұлттық университетінің сту­денті едік. Сабақ оқудан, абы­рой мен диплом алудан ар­тық алдымызда мақсат та, міндет те ­жоқ. Осы мақсатта жиі-жиі жо­лығатынымыз курстың кура­торы мен факультет деканы. Мұң-мұқтажымызды соларға айтып, солардан көмек сұрай­мыз. Ректор, проректор де­ген­дерді анда-санда сырттай көр­месек, жеке кездесудің сәті түсе бермейтін еді.
Әлі есімде жаңа оқу жылы бас­талысымен университет қа­бырғасында дәл қай күні екені есім­де жоқ, үлкен акт залында жаңа ректормен кездесу өткі­зіледі деген жарнаманы оқы­дым.
Белгіленген күні акт залына студенттер лық толып жиналды. Ине шаншар орын жоқ. Көбіне орындық жетпей, аяғынан тік тұру­ға тура келді. Ол уақытта уни­верситеттің бас корпусы қа­зіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының орнында бо­ла­тын.
Сәлден соң алып денелі, бол­мыс-бітімі батырларға ұқсас, тол­қынданған қоп-қою қара шашты, қап-қара көзінен ұшқын шашып тұрған айбатты кісі президиумға келіп жайғасты. Жанында университеттің партия ұйымының хатшысы, Студенттер кеңесінің төрағасы бар. Партком хатшысы В.Кузнецов жиналысты ашып, жаңа ректор Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековпен таныстырғаннан кейін, сөз берді. Зал демін ішіне жұтып, сілтідей тына қалды. Өмекең салмақты денесіне қарамай, шалт қи­мылдап, мінберге келді де қыран құстай жинақы, сұсты кейіппен жан-жағына қарап алып, сту­денттерге қатысты көптеген мә­селелерді қозғап, жанымызды байы­тып, рухымызды көтеріп тас­тады. Қорытынды сөзін бы­лай деп аяқтады.
- Айналайын, сендер елі­міз­дің түкпір-түкпірінен білім қуып, болашақтарыңды ойлап, өмірге бір кірпіш болып қа­лан­сам екен деп армандап келген ұл-қыздарсыңдар! Мақсат­тарыңа жетіңдер! Ол үшін көп оқып, көп ізденіп, тәртіпті бо­лыңдар! Біз сендердің жақсы бі­лім алуларыңа толық жағдай жа­саймыз!
Бұл - Өмекеңнің студенттерге деген шын жанашырлықпен ай­тылған сөзі болатын. Біз жаңа рек­торымызға қатты риза болып, ұзақ қол шапалақтаумен, залдан тік тұрып шығарып салған едік.
Осы көрініс әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Ғұлама ға­лым ағамыз сол күні мейлінше қамқорлығымен студенттер ара­сында биік беделін көрсете білді. Бұрын-соңды мұндай жана­шырлықты, жарқылдаған алмас қылыштай өткірлікті универ­ситет басшыларынан байқамаған басымыз бір-бірімізге қарап: «қандай мықты кісі» деген таң­даныспен тараған едік. Сол кезде Өмекең 39 жаста ғана екен. Әсі­ресе, студенттерге ол кісінің өзі­не сенімділігі мен нақтылығы қат­ты ұнады. Ой байлығы терең бі­ліммен ұштасқан жаңа рек­тордың өткірлігін Мәскеу уни­верситетін бітіріп келгендігінен де шығар деп өзара қызығушылық білдірген едік.
Алғашқы танысқаннан кейін осы кісіге деген ықылас-ниетім ауып, көрген сайын таңырқап, зер салып жүретін болдым. Әри­не, біз де университет бітіріп, жан-жаққа тарадық. Бірақ себеп-салдарларға байланысты дәм-тұз бұйырып, Күләш екеуміз де Ал­ма­тыда қалдық. Екеуміз екі ба­сылымның редакциясына ор­наластық.
Өмекең университетке рек­тор болып келгеннен кейін көп ке­шікпей-ақ: «университеттің жаңа мекен-жайы салынатын болыпты» деген хабар бүкіл сту­денттер арасына да, алматылық түрғындарға да гу-гу әңгіме бо­лып тарап кеткен. Кейін білдік, әңгіме шын болып шықты. Бе­делді оқу орнының болашағын ой­лаған Өмірбек Жолдасбеков бар­лық мәселелерді зерттеп, сол кез­дегі Орталық Комитеттің бі­рінші хатшысы Дінмұхамед Қо­наевқа кіріп, жағдайды айтып, жаңа оқу ғимаратын салатын жер сұрайды ғой.
Қонаев ректорды жақсы қа­был­дап, ой-мақсатын түсініп, қол­дағаннан кейін:
- Қай жерді лайық деп ой­лай­сың? - дегенде Өмекең іркіл­местен, өзінің діттеген жерін ай­та­ды. Димаш Ахметұлы келісі­мін береді. Сөйтіп, Өмекең ізін суытпастан іске кірісіп кетеді.
Ал енді осыны ерлік демей кө­ріңізші! Күнделікті тірлігін істеп, ұстаздарға ақыл-кеңесін ай­тып жүре берсе де болар еді. Бі­рақ Өмірбек Жолдасбеков олай етпеді. Қызыл Империяның қы­лышынан қан тамып, дегенін істетіп тұрған кезде ұрпақтың болашағын ойлап, ұлы жоспар жасап, ол ойын іске асыруға бү­кіл мүмкіндікті пайдалануы үлкен азаматтығының, қайтпас қай­сарлығының белгісі еді. Әрине, бұл жерде көреген басшы Дінмұхамед Қонаевтың да ұл­тына деген жанашырлығын ба­ға­лауымыз керек. Қалай десек те қайталанбас қос тұлғаның ойы бір жерден шығып, халқының тағдырын ойлағаны жарасып-ақ кеткен сияқты.
Сонымен, әдеттегідей Мәс­кеу­де бас жоспар бекітіліп, қа­ра­жаты бөлініп, таңдаулы құрылыс мекемесі анықталып, болашақ КазГУ қалашығының алғашқы кірпіші қаланды.
Университет ректоры үшін жұ­мыс енді екі есеге көбейді. Күн сайын таңғы алтыда тұрып ең алдымен құрылыс жүріп жат­қан алаңға қарай бет алады. Олар­дың жұмысымен танысып, күн­делікті істің байыбын бақы­лайды.
Әзіл-қалжыңымен жұмыс­шылардың көңілін көтеріп, кейде сын-ескертпелер жасайды. Сөйтіп жүріп «бас прораб» деген ат та алып алады. Осылай жұмыс­шылармен біте қайнасып, он алты қабатты бас корпустың күн сайын биіктеп келе жатқанын көріп, көңілі толады. Алатау бөктерінің етегінен бой көтерген осынау алып ғимараттың бо­лашағын ойлап, марқайғандай бо­­лады. Оның біткен кездегі сұлу бейнесін көз алдына елес­тетіп, қабырғасында білім алып жүрген ұрпақтарының бақытты шақтарын сезінгендей әсер ала­ды. Ол уақытта қазіргідей алып ғимараттар күнде салынып жатқан жоқ. Қала өміріндегі үлкен оқиға болған осыншама алып құрылысты басқару, сан-салалы ректорлық жұмысын атқару, өзінің ғылыми жұмыс­тарымен айналысу Өмекең үшін оңай болған жоқ. Алымды тұлға, өмірді сүйетін азамат бәріне де уақыт табады. Неткен қайсар, неткен өжет жан деп ойлайсың. Түптеп келгенде, бұл шаруа­лардың барлығына да табан­дылық деген таптырмас қасиет ке­рек еді. Осының бәрі бір бойы­нан табылған Өмекең қуаттанып, ша­быттанып, біткен істен рахат тауып, келер істі асыға күтетіндей болатын.
Мұндай жүкті кез келген адам көтере алмайды. Мұны тек Өмекең сияқты алып тұлға, ақыл­ды да іскер азамат, ғұлама ғалым ғана көтере алуы мүмкін. Солай болды да. Өмекең туралы ойласам, құдай берген ғұмырын, уақытын тиімді пайдалана біл­ген, үлкен жоспар құрып, оны атқарып үлгерген аса талантты әрі еңбекқор адам көз алдыма елестейді.
1986 жылдың Желтоқсаны ректор Жолдасбековтің жүрегіне жазылмас сызат түсірді. Жел­тоқсан оқиғасына байланысты қаралау Өмірбек Жолдасбеков ағамызды да айналып өтпеді. Ешкімді тыңдағысы келмеген, ешкіммен санаспаған Орталық комитет осы желтоқсан оқиғасын ұйымдастырды деп көптеген зиялы қауымның артына шам ала түсіп, қуғын-сүргінге ұшы­рат­ты.
Безбүйрек белсенділер ара­мыздан да шығып, Орталықтан келген комиссия мүшелерінің қолтығына су бүркіп отырды.
Университетке қайта-қайта тексеру жүргізіліп, адал азамат­тың абыройын түсіруге кірісті. Қызметінен алып тастады.
Бірақ «Аққа Құдай жақ» де­гендей, университетті 16 жыл басқарған аяулы азаматты 84 рет тексерген комиссия оның жүмы­сынан еш кінәрат таба алмады. Жапқан жала да, таққан айып та негізсіз, әділетсіз болып шық­ты.
Осы бір дүрбелең тұста жа­зық­­сыз жала жабылған жандар ғана емес, әрбір «мен қазақпын» деген адамдарға да оңай тиген жоқ. Алматыдағы мектеп, ба­лабақша, сауда дүкендері, мә­дени орталықтар, жоғары оқу орын­дары көпке дейін қалпына ке­ле алмады. Көшеде, трамвай, автобустарда адамдардың жүріс-тұрысы азайды. Ұзақ уақыт ұл мен қызымды сол кездегі №12 жалғыз қазақ орта мектебіне же­тектеп алып барып, алып келіп жүр­дім. Өйткені сол күндерде жас­тарға, жасөспірімдерге деген се­німсіздік өшпенділікке ұла­сып, қауіп-қатер көбейіп тұр­ған.
Академик ағаның ақтығына бірнеше дүркін тексерген ко­миссия да көз жеткізді. Өмірбек Арсланұлы бір жылдай уақыт үйде отырып, ғылыми жұмыс­тармен айналысып, техникалық терминдерді қазақшалап, кітап­тар шығарып, едәуір еңбек етті.
Желтоқсан оқиғасының ызғары Өмекеңнің жан-жары, ғы­лым докторы Майя Бағыз­баеваға да салқынын тигізгені, тіпті ауыр болды. Майя апамызды да Орталық Комитеттің хат­шысы, Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қайта-қайта шақырып, әуре-сарсаңға салған еді. Дәл сол кездері ұлдары Скандербек те, қыздары Баян мен Гауһар да қоғамдық ортадан қағажу көргендері бар. Мұның бәрі уақытша кезең еді.
Көп кешікпей бұлт торлаған аспан бірте-бірте ашыла бастады. Өмекең барлық жаладан біржола ақталып шыққанда елдің, ха­лықтың қуанғанын айтсаңшы... Әлемнің түкпір-түкпірінен келген құттықтаулар, жылы лебіздер, басына іс түскенде ер-азаматтың ұстанымы қандай болу керектігінің нағыз үлгісін көр­сете білген Өмекеңнің тұл­ғасын одан әрі асқақтатып, дос-дұшпанның ортасында мерейін асырды.
Бұдан кейін Өмекең халық­пен, қоғаммен тығыз байланысқа түсіп, ел алдындағы өзінің аза­мат­тық парызын өтей бастады. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне бірнеше дүркін депутат болып сайланды. Қиын-қыстау кезе­ң­дерде халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ұлтының өсіп-өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсап, қажырлылықпен еңбек етті. Парламент мәжілісі­нің депутаты кезінде мәдени даму комитетін басқарып, елі­міздегі білім, мәдениет сала­сының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Депутаттардың күнделікті бас қосуында ойлы пікірлер айтып, халықтың ойындағысын дөп басатын. Ол болмаған күні оның орны ойсырап тұратын. Халық үшін туған нағыз қай­раткер азамат, академик, Ин­женерлік Академияның негізін қалаған математик, талай талант­ты шәкірт тәрбиелеген ұстаз Өмірбек Жолдасбеков көзі тірі бол­ғанда 80 жасқа толар еді. Амал нешік. Өмекең өмірден озған­мен, артында өлмес ғылы­ми мұрасы, еңбектері қалды. Әлемдік деңгейдегі ғалымның есімі ешқашан ұмытылмақ емес, өйткені оның ел үшін сіңірген еңбегі ұланғайыр.


Қайырбек АСАНОВ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz