“Халық Қаһарманы” атағының иегерлері

 

Азамат Жұмаділов


Алматы облысындағы Үштөбе қаласында орналасқан 55078 әскери бөлімнің спорт және дене тәрбиесі жөніндегі бастығы, лейтенант Азамат Жұмаділов жасынан спортты серік еткен, екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген, шаңырақ құрғанына бір жылдан енді ғана асқан жас отбасының отағасы, өзі өскен әулеттің арқа тұтар азаматы. Қазіргі кезде зайыбы Таңжарық екеуі Айым атты тәп-тәтті сәбиді өсіріп отыр. Айнала-ортасына жұғымдылығымен, бауырмалдығымен ерекшеленетін жас офицер қызметтестеріне деген алабөтен көңілі мен қиындықта қастарынан бірінші болып табылатындығы арқылы да өзінің үлкен жүректі жігіт екендігін аңғартатын. Былайғы кезде көптен өзгешеленбеуге тырысатын мұндай азаматтардың қиын-қыстаулы, қауіпті сәттерде бұлт астынан жарып шыққан жұлдыздай жарқырап көзге түсетіні мәлім. Азамат Жұмаділовтың да осындай бір сындарлы шақтан суырылып шығып, тұтас бір отбасыны: үш бала мен ананы тура келген ажалдан құтқарып қалғаны бар. Осының жайын білмек болып барғанымызда, өзіне ғана тән жылы жымиысынан танбаған Азамат:
– Өзімді елден ерек ерлік істедім деп ойламаймын. Менің орнымда қызметтестерімнің қай-қайсысы болса да, лаулап жанып жатқан үй ішінде шырқыраған балалар мен ананы құтқарып қалуда жанын аямайтын еді. Оған кәміл сенімдімін. Қорықпадым десем, жалғандау шығар. Бірақ мұндай кезде ондайлардың барлығы екінші кезекке ысырылып қалады екен. Үш баланы бірінен соң бірін алып шығып, анасын құтқаруға ұмтылғанда Маржан апайдың өзі де шығып келе жатқанын көрдім. Содан соң-ақ үйдің төбесі ішіне опырылып түсті. Бұл да бізге Жаратқанның қарайласқаны шығар. Дегенмен менің осынау ісіме үлкен мән беріп, марапаттап жатқандарға, Астанаға шақырып арнайы қабылдап, кезектен тыс аға лейтенант атағын беріп, қолымды қысып, ағалық ақпейілімен құттықтаған ҚР Қорғаныс министрі Даниал Ахметовқа алғысым шексіз. Жалпы, мен әскери адаммын ғой, сондықтан кез келген сын сағатта сардарлық атағыма көлеңке түсірмеуге тиіспін. Әскери Ант қабылдағанда мұны салтанатты түрде айтқанмын-да.
... Қазанның 11-іне қараған түні қонақта болған анасын алып, үйіне қайтып келе жатқан Азамат Жұмаділов жолдың жиегінде үйдің жанып жатқанын көргенде, автокөлігін кілт тоқтатып, жалын ішіне сүңгіген. Ол бірінші кезекте балалардың ең кішкентайы, үш жасар сәбиді көрпешеге орап, енді сәл болса жарылуға жақындаған газ баллонын бір қолына ұстап, сыртқа алып шығады. Бұдан соң қайтадан жалын ішіне кіріп, екі баланы құтқарды. Жас офицердің ерлігі елеусіз қалған жоқ. ҚР Қорғаныс министрі оны арнайы қабылдап, әскери шенін өсіріп, марапаттады, Азамат Жұмаділовты мемлекеттік наградаға ұсынды.
Өрттен аман қалған жалғызілікті ана Маржан Мақұлжанова мен оның үш баласы бүгінде өздерінің құтқарушысын отбасыларының бір мүшесі санайды. Әкімдіктің өздерінің шарасыз жағдайына назар аударып отырғанын айтқан ана: – Бұдан былай Азамат – менің үш баламның ағасы. Амандық болып, құлындарым ержетіп отау құрғанда, төрдің басында Азамат отырады. Осындай баланы тәрбиеліп өсірген ата-анаға рақмет, – дейді.
Аудан әкімі Қыдыргелді Медеуов мырза да Азаматтың ерлігінің орны бөлек екендігін айтып, қараталдықтардың қайсар ұлды мақтан тұтатынын, оның мемлекеттік жоғары наградаға лайықтылығын айтады. Жалпы, киелі Қаратал өңірінде бұрынғы ата-бабалар дәстүріне адал, ерлік пен өрлікті ту етіп ұстап жүргендер баршылық. Соның ішінде Азамат Жұмаділовтың бейбіт кездегі батырлығын ерекше атап өткен жөн.
Ал Азаматтың өзі болса, екі жоғары біліміне қосымша ретінде болашақта әскери академияға түсіп, оны тәмамдағаннан кейінгі бүкіл ғұмырын Отан алдындағы борышын өтеуге арнауды армандайды.

 

2007-12-01:   Егемен Қазақстан газеті

Азамат дейтін сардар бар

 

Өмірдің өзі де сол. Қы­рық мыңға жуық халқы бар Үштөбе дейтін қаланың бір бұрышында, сәрсенбі, 10 қазан­ күні біреулер той-тойлап, қуаныштарын аға­йын-тумамен бөлісіп жат­қанда, келесі шетінде тілсіз жаудың жалаңдаған қызыл тілі темір жол вокзалының маңындағы макарон цехын жалмап бара жатқан еді. Бұл оқиға түнгі сағат 1 шама­сын­да орын алады.

Осы мезеттерде қала ма­ңында орналасқан 55078 әскери бөлімінің лейтенанты Азамат Жұмаділов анасын тойдан алып келе жатқан болатын. Түтіні будақтай бас­таған макарон цехын алыс­тан байқаған офицер кө­лігін кілт тоқтатып, өртке қа­рай ұмтылады. Ана да пен­де ғой, әрбір адам өз перзен­тінің аман болғандығын ойлайды.  Азаматтың шешесі Гүлнәр: “Ойбай, өртене бер­сін, өлесің, тоқта!” деп ба­лам­ның беліне жармасып ал­дым”, дейді.  “Балам:  “Ма­ма, мен бұл үйдің тұсынан күнде өтемін. Ішінде адамдар тұрады. Есіктің алдында ба­лалар ойнап жүретін”,  деп биіктігі екі метрдей болатын темір қақпаны бар күшімен ырғай бастады. Биік қақпа­дан секіріп өту мүмкін емес еді”.

Осындай сәттерде адамда алапат күштің қайдан пайда болатынын жай адамдар түгі­лі, ғалымдар түбіне жетіп зерт­теп көрмеген. Бар күш­пен жұлқып ырғағанда қақ­паның іштен құлып салын­ған шығыршығы дәнекер­лен­­ген жерінен сынып тү­седі. Азамат темір қақпадан кейін цехтың есігін бұзып кіргенде, күтпеген тарсылдан цехтың бір бұрышындағы бөлмеде, жалындап жанып жатқан оттың ортасында  үш бірдей ботасымен алаңсыз ұйықтап жатқан Маржан атып тұрады. Офицер Азамат Жұмаділов ең бірінші үш жастағы Алмасты көрпесіне орай салып, екінші қолымен газ баллонын қапсыра құ­шақтап сыртқа ұмтылады. Ба­ла мен баллонды анасына бе­ре салып, үйдің ішіне қай­та кіріп, не болғанын ұғып үл­гере алмай жатқан үйдегі екі ересек баланы, содан кейін анасын сыртқа алып шығады.

– Біз далаға шығып, не бол­ғанын түсіне алмай жат­қанда, 3-4 минөттен соң үй­дің төбесі гүрс етіп ортасына құлап түсті. Біз қандай ажал­дан аман қалғанымызды, қан­дай күйге душар болға­ны­мыз­ды сол сәтте бір-ақ түсіндік, – деді кейін бізге Маржан Мақұлжанова.

Лейтенант Азамат Жұма­ділов киініп те үлгермеген Маржанды бала-шағасымен мә­шиненің ішіне отырғы­зып, анасы екеуі қалалық өрт сөндіру қызметіне, мили­цияға хабарласу үшін көр­шілерді оята бастайды. Бі­реу­лердің өмірі қыл үстінде тұрып, екіншілер солар үшін басын өлімге тігіп жатқанда, үшіншілердің, яғни көрші­лердің “ұйқымызды бұздың­дар ғой, неге дүрлігесіңдер?” деп кейігенін көп пенде­шіліктің қатарына қосайық та, оқиғаны әрі қарай жал­ғастырайық.

Бұл кезде сол күні екпін­деп соққан жел өртті тіпті өршітіп жібереді. Осы оқи­ғаны сол түні алыстан бақы­лағандар айтады: “Өрттің тіп­ті қатты болғаны сонша­ма, бірнеше үй қатарынан өртеніп жатыр екен деп ойладық”.

Хабарланғаннан кейін өрт болып жатқан жерге қалалық өрт сөндірушілер де, Жұмаділовтің хабарлауымен 55078 әскери бөлімнің де өрт сөндіргіш мәшинелері келіп жетеді. Қалалық өрт сөндіру­шілердің 2,5 тонна су сыя­тын, бір шлангасы бар мә­шинесі суы қайта-қайта тау­сы­лып, суға шапқылап жүр­генде,  әскери бөлімшенің 8,5 тонна суы бар, 4 шлан­галы әлеуеттілеу мәшинесі­мен қатардағы өрт сөндіруші жауынгерлер өртті әп-сәтте сөндіріп бітеді. Төрт бірдей адамның ажалымен қайғылы аяқталуы да мүмкін оқыс оқиға осылайша болған еді. Әйтпесе, көмектің дер кезін­де болмағанынан немесе айналадағылардың тәуе­кел­сіздігі мен нем­құ­рай­дылығы­нан ішіндегі адамда­ры­мен жанып кет­кен оқиға­лар­дың мысалын қа­зір алыстан із­деудің қажеті жоқ.

Бұл оқиға ке­зіндегі сардар әрекетін, қалай болғанда да, қайсарлыққа жат­қызуға болады. Өйткені, мака­рон цехынан үш метрдей жер­де кішігірім жанар-жағармай “заправкасы”  бар екен. Адам­дар дер кезінде құтқарылып, өрт ауыздықталмаса, атылған жанар-жағармай көрші үйлерді де қамтып, іс әлдеқайда на­сырға шабуы әбден мүмкін екен.

Ерлік істедім-ау деп те ойла­маған Азамат Жұмаділов ертелете әскери бөлімге, жұ­мыс орнына оралады. Әскери бөлім басшыларының сұрауы бойынша, киімдерінен түтін­нің иісі кетіп үлгермеген офицер болған оқиғаны  мә­лім­дейді.

Жақсы хабар жерде жат­пайды ғой. Өмірдің өзі де сол, үндістердің бумеранг ойыны секілді – жақсылық адамға жақсылық болып оралады.

Көп ұзамай 55078 әскери бөлімнің командирлері Қорға­ныс министрі Даниал Ахме­товке өз қатарларында Азамат Жұмаділов сынды қайсар әс­кери қызметкердің бар екен­дігін мәлімдеген. Нәти­жесінде қараша айының басында Астана қаласында Қорғаныс министрлігі 23 жастағы лейте­нант Азамат Жұмаділовке мер­зімінен бұрын аға лейтенант атағын беру туралы шешім қабылдап, марапаттайды. Ми­нистр Даниал Ахметов өз қолымен ел қауіпсіздігіне адал қызмет етіп жатқан офицердің қолын алып, бағалы сыйлық ұсынады. Анасы Гүлнәр Қасе­новаға осындай ұл тәрбие­легені үшін алғыс айтады. Қор­ғаныс мекемесі мұнан да бөлек, Елбасының атына Аза­матқа мемлекеттік награда беру туралы ұсыныс жасаған.

Адамдар тек соғыста қаза таппайды. Әскери адамдар ерлік жасап, қайсарлық таныту үшін соғыстың болуы міндет те емес. Бейбіт өмірде де қан­шама адамдар түрлі жағдай­ларда қазаға ұшырап жатады. Дәл осындай қиын сәтте, же­дел шешім қабылдап, өрттің ішінде қамалып жатқандарды ажал аузынан алып қалған Аза­мат есімді азаматты Үштө­бе қаласы маңындағы әскери бөлімге іздеп барған едік.

Ерлік жасаған офицер Жұмаділов еңгезердей де жігіт емес екен. Шағын денелі, шымыр жігіт бізді сабырлы жымиыспен қарсы алды.

– Мен ерлік жасадым, бол­маса жасайын деп те ой­лаған жоқпын. Абылай хан көшесіндегі цехтан шыққан өртті көргенде бірден сол үйдің алдында ойнап жүретін сәби көз алдыма келе қалды. Төбесі түтіндеп, терезесінің іші қып-қызыл болып тұрған цехтың ішінде адамдар бар екенін ғана сезіндім. Бірақ, кейін ойлап қарасам, жайшы­лықта 2 метрлік темір қақпаны ырғап сындырып ашу мүмкін емес екен. Үйге кіріп барғанда сол жағыма қарасам, үш бала ұйықтап жатыр. Алдымен ең кішкентайын аман алып қалайын деп, баланы алып шығып бара жатқанда газ баллонын көріп қалдым да бір қолтығыма қыстырып алдым, – дейді аға лейтенант атанға­нына ай да толмаған Азамат.

Әскери бөлімде бізді алды­мен бөлім командирінің тәр­бие және әлеуметтік-құқық­тық жұмыстар жөніндегі орын­басары, подполковник Дәурен Жуаспаев қарсы алды.

– Офицер Жұмаділовтің біз­дің әскери бөлімге қызмет­ке  келгеніне көп уақыт та болған жоқ. Азамат Жұмаділов әскери бөлімге алғаш келген­нен-ақ өзі туралы жағымды пікір қалыптастырды. Жақы­нырақ таныса келгенде тәр­биелі отбасынан шыққан, са­уатты офицер екендігін көр­сетті. Мектепті де, Қазақ ең­бек және әлеуметтік қатынас­тар академиясын да үздік аяқ­таған соң, қалай әскери бо­рышын абыройлы өтеп, офи­церлік лауазым алғанын біл­дік. Осылайша, бөлім коман­дирі, подполковник Серік Ес­қалиев Азамат Жұмаділовті спорт және дене тәрбиесі бөлімінің бастығы қызметіне алуға шешім қабылдады. 

Бірақ, біздің ішкі түйсігіміз алдамаған екен. Еркін күрес­тен спорт шебері, офицер Жұмаділовтің атқарып жүрген қызметін бақылай келе, жа­уапкершілікке адал, са­бырлы, ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін байқадық. Түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдап, әскери борышын өтеушілермен тез тіл табыса алатынын көрсетті.  Мен шы­нында да, Азамат Жұмаді­ловтің жасаған тірлігін ерлік деп есептеймін. Жалпы біздің әскери бөлімде кез келген жағдайда елімізге қорған бола алатын, Отанымызды қорғай алатын офицерлердің бар екендігін мақтаныш тұтамын! –дейді жауынгерлермен жұ­мыс істеп үйренген, тәжіри­белі подполковник  Дәурен Ерғалиұлы.

Сонымен Үштөбе қала­сынан орын алған өртті сөн­діруге 55078 әскери бөлімнің жауынгерлері де үлкен үлес қосқан. Біз осылайша батырды да, темірдей тәртіп пен сый­ластық орнатылған ерекше режімдегі әскери бөлімді де көрдік.

Өз кезегінде Алматы об­лысы, Қаратал ауданының әкімі Қыдыргелді Медеуов те Азамат Жұмаділовті шақырып, Алғыс хаты мен бағалы сыйлығын беріпті.

Ораза айы кезінде болған сол оқиғадан кейін балалары­мен өрттен зардап шеккен Маржан Мақұлжанова Азамат­тың анасы мен бауырын кез­дестіргенде алғысын айтып, қасиетті айда болған жақсы­лық Жұмаділовтер отбасына еселеніп оралуын тілеген екен.

Енді ажал аузынан үш бірдей баласымен аман қалған ананы іздеп тауып, оқиғаның ұзын-ырғасы мен Азаматқа алғысын өз аузынан тыңдайық деп әрекеттенген едік. Өкі­нішке қарай, аудандық әкім­діктің де, қалалық әкімдіктің де адамдары бақытсыздыққа душар болған жандардың қайда тұрып жатқандарынан хабарсыз екен. Қалалық, аудандық өрт сөндірушілер де тілсіз жау жалмаған ғи­мараттың тұрғындары тура­лы түк білмейтін болып шықты...

Күндіз біз Маржанды балаларымен Азамат апарып салған Байсақов көшесіндегі үйден де іздегенбіз. Табыл­мады. Содан кейін “макарон цехы” атанып кеткен ұн, жем дайындайтын цехтың қожайынын іздеуге мәжбүр болдық. Цехтың иесі Ту­ғали дейтін ақсақал Мар­жан­ның енді қайда күнелтіп жат­қанын айтудың орнына, “сол әйелді тауып, ұстап әкеліп беріңдерші, цехымды өртеп қашып кетті”, деп түтігіп тұр...

Біреулерден “Маржан қазір балаларымен темір жол маңындағы барак үйлердің біреуін жалдап тұрып жа­тыр” дегенді естіп, сол үй­лер­дің есігін қағып, іздестіре бердік.

Осы әрекетімізден түк шықпаған соң, түнделетіп Байсақов көшесіндегі баяғы үйге келсек, онда тұрып жат­қан Маржан Мақұлжано­ва­ның туған апасы мен жездесі жұмыстан оралған екен. Бастапқыда олардың қайда тұрып жатқанын білмейтін­дігін тағы алға тартты. Со­сын, біздің тек игі ниетпен жүргенімізді, Маржанға еш­кім ешқандай айып тақпай­тын­дығын, тұрмысы шы­нын­да да нашар болса, елдің бас газеті ретінде көмекке де келе алатынымызды айтуға тура келді.

...Сөйтіп, соңында Мар­жан өрттен бірінші құтқа­рылған кенжесі Алмасты апасы Жексембаланың үйіне көтеріп келді.

Осылайша оқиғаның бас­ты кейіпкерлері де табыл­ды-ау. Сұрастыра келсек, ақиқатында Маржан Мақұл­жанова қазір тағы біреудің бір бөлмелі барак үйін жалға алып тұрып жатқан жайы бар екен. Өткен жылы күйеуі Елемес қайғылы жағ­дайда қайтыс болған екен. 18 жастағы үлкен қызы Мәде­ниет Талдықорған қаласын­дағы заң колледжінің ақылы бөліміне  оқуға қабылданған соң, қызының оқуының ақы­сын төлеу үшін бұзы­лайын деп тұрған баспана­сын 40-50 мың теңгеге біреулерге сатып жібереді. Ор­таншысы Жарқын 9 сы­ныпта оқиды. Кейде той­ларда би билеп, тиын-тебен табатын көрінеді.

Қысқасы, отағасынан айырылған отбасында қазір кісі қызығатын күй жоқ. Тағдырдың үлкен тәлкегіне ұшыраған кішкентай адам­дардың жағдайы алдағы күндері қалай болатындығын сұрап, Қаратал ауданы әкімінің бірінші орынбасары Серік Амандосовпен қайта тілдескенімізде, ол кісі Мар­жан Мақұлжанованы аудан­дық әкімдік баспанасыз қалдырмайтындығына сен­дірді. “Үштөбенің әкімі үй береді” деген уәдені естіген Алмас пен анасы Маржан­ның мұңды жүздерінде қуаныш атойлап сала берді.

Ерлік жасаған жігітті іздестіріп жүріп, біздер – “Егемен Қазақстан” газеті­нің тілшілері тағы бір сауап­ты істі тындырғандай күйде Алматыға оралдық.

Ал, төрт бірдей адамды ажал аузынан алып қалған аға лейтенант Азамат Жұма­діловтің ерлігі мадақтауға тұрарлық. Отанын, өмірді, ай­наласындағыларды шы­найы сүйетін нағыз жауын­герлер арамызда жүр. Тек оларды көре білу керек. Ең­бегін бағалау керек.

Біздің қазақта “Жұ­мыртқадан жылан да шыға­ды, қыран да туады” дейтін сөз бар. Жастар туралы қалыптасқан жағымсыз пікірлерді жоққа шығаратын, жан-жағына шуағы мен жақ­сылығын шашып жүретін 23 жасар аға лейтенант алдағы күндері мемлекеттік награ­даға ұсынылмақ!



Авторы: Айнаш ЕСАЛИ, Алматы – Үштөбе – Алматы. Суретті түсірген Берсінбек

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz