Қ а р а к е т к е н   а у ы л д ы қ   к е ң е с і

 

Ауылдық кеңес 1935 жылы 21- і Исаев Ораз атындағы кеңес болып құрылды. Осы кеңеске сол кезде Қаракеткен МТС-і және оған қарасты «Жігер», «Белсенді», «Игілік» колхоздары мен «Жалағаш» қой совхозы, қамыс өндіріс артелі, өнеркәсіптік қол өнер бұйымдарын шығаратын және жөндейтін артель қарайтын. Ауылдық кеңеске осы шаруашылықтар мен ондағы мектептер жұмысына басшылық ету жүктелген.

Оның алғашқы төрағасы/председателі/ Досымбетов Әсем/1935-37/, ал хатшысы/секретары/ болып Жүсіпов Мұхтар/1935-42/ сайланған.

1937-41 жылдары кеңеске Жораев Қали, ал 1941-45 жылдар аралығында Қойтбаев Нұрмахан, Нәрікбаев Қалден, Смайыл, 1943 жылдан Шәменова Ақшонық басшылық жасайды. Осы кезеңде кеңес хатшылары болып Ерданов Әбілқасым, Жетпісбай және Есіркепов Жайық  атқарады. Соғыс кезінде ауылдық кеңестің де жұмысы ауыр болды. Бұл кезде халық өзі еккен 0,07 га (7 сотық) жерінің өнімімен және қолындағы 1-2 сиырының сүтімен ғана күн көрді. Еккен бақшалық жері  мен қолына ұстаған малы үшін 52 кг ет, 8 кг сарымай және ақшалай міндетті жер салығын төлейтін еді. Егер жеке меншігіндегі еккен жері не малы нормадан асып кетсе, салық екі еселенетін. Осындай салықтарды жинау ауылдық кеңеске оңай болған жоқ.

Оның үстіне соғыс жүріп жатқан кезде елдегі қыздар мен жас келіндерді еңбек майданына жөнелту және соғысқа барудан қашып-пысып жүргендерді тауып, оларды майданға қайтару да кеңестің сол кездегі ең бір қиын жұмыстары болатын. Оған қоса сол кезде халыққа ұн, қант, жармақ, астықтың басқа да түрлері карточкалық жүйемен жан басына есептеліп, тек жұмысшылар мен жауынгер отбасыларына ғана берілетін. Оны да атқару ауылдық кеңестің құзырына жататын.

1944 жылы Қаракеткенге көшіріліп әкелінген шешен ұлтының бір тобын-«Жігер» колхозына 27 үйді, «Белсенді» колхозына 30 үйді орналастыру сол кездегі ауылдық кеңес төрағасы А.Шәменова мен оның хатшысы Ж.Есіркеповке тіпті де оңай болмайды. Міне осындай қауырт та ауыр шаруалардың барлығын сол уақыттағы кеңес басшылары қандай қиын болса да атқара білді.

1945-54 жылдар аралығында кеңес атқару комитетінің төрағалығын Кәрібаев Қалмахан мен Жадақов Әбдіхалық, ал хатшылығын Басаров Елшібай, Омаров Қасым, Балхожаев Байзақтар атқарыпты. 1952 жылғы су тасқынынан теміржолдың шығыс бетіндегі мектеп үйі , жеке үйлер құлап қиындық туған кезде ауылдық кеңес, колхоз бастығы Өмірзақов Ыдырыспен бірге халықты құтқаруға белсене араласып, оларды теміржолдың батыс бетіндегі үйлерге орналастыру шараларын жүргізеді. Сол жылы көктем туа жаңа бастауыш мектеп үйін салуға елді жұмылдырып, мектеп үйі 1953 жылы салынып бітеді.

1954-57 жылдары кеңестің төрағасы Қ.Кәрібаев болса, оның хатшысы болып Б.Балхожаев, Төлеутаев Сүйінтай(XI.56-III.57), III.57-ден бері 1986 жылға дейін үзбей, өз ісінің білгірі Жылқыбаев Рысбай қызмет істеді. Осы кездері кеңестің 15 округы бойынша 15 депутат сайланатын.

1957 жылдан 1963 жылға дейін ауылдық кеңестің төрағалығын бұрын әртүрлі шаруашылық пен колхоздың басшылығы жұмысында болған Өмірзақов Ыдырыс, хатшылығын Р.Жылқыбаев атқарады. Бұл кезде ауылдық кеңестің 18 сайлау округі бойынша 18 депутат сайланатын. Осы жылы халыққа салынып келген ет,май, жүн міндетті салықтары жойылады. 1963 жылға дейін салықтың ауыры – жылқыға салынатын, жылқы басына – 350(35) сом, ал одан артық әр бас жылқыға 550(55) сом салық еді. 1962-63 жылдары «Игілік» балық колхозының кеңсесі салынады.

1963-73 жылдары кеңестің атқару комитетін Қыстаубаев Сүйіндік басқарды. Округ саны міне осы уақыттан бастап 25-ке жетті. Салық жойылғанмен ол кезде жеке қожалықтардан ет сатып алу тапсырмасы 500 ц көлемінде болатын. Осы жылдары жаңадан мектеп, клуб және монша сияқты халыққа қызмет ету обьектілері пайдалануға берілді.

1973-75 жылдарында ауылдық кеңесті Аштанбаева Төлеген басқарды. Жалағаш совхозының орталығы 1973 жылдан бастап «Актив» елді-мекенінен Қаракеткенге көше бастады. Міне осыдан бастап бұл жерде 25 орындық мектеп интернаты, 25 төсектік аурухана, кеңсе, гараж және басқа тұрмыстық обьектілер салынады.

1975 жылы осы ауылдық кеңестің атқару комитетінің төрағалық қызметіне, ауылдың өз түлегі Бексариев Мұратбек сайланды. Ол осы қызметті 1982 жылға дейін атқарды. Бұл жылдары да бұрынғы жылдардағыдай ауылдық кеңестің жұмысының бастысы – халықтан ет сатып алу жоспарын орындауға тірелетін. Бұл мемлекеттің атқара алмаған жоспарын халық есебінен толтырудың амалының бірі еді. Сол кездегі ол жоспар 650-750 ц болатын. Сонымен қатар совхоз орталығын абаттандыру жоспарына сәйкес шаруашылықтың директоры Тұңғышбаев Өмірзақтың белсене кірісуімен орталықта және ферма орталықтарында тұрғын үйлер, 45 балаға арналған типтік балабақша, мал бордақылау алаңы, жылу мен сумен жабдықтау жүйелері, тас төселген қатты жолдар салынып, іске қосылып жатты. Осындай жақсы жұмыстары үшін ауылдық кеңес 1979 жылдың қорытындысы бойынша Облыстық партия және кеңес комитеттері мен кәсіподақтары кеңесінің Ауыспалы Қызыл Туына ие болды..

1982 жылдан 2001 жылға дейінгі аралықта 1-2 жылдай үзіліспен ауылдың тумасы Досмаханов Жеңісбек ауылдық кеңестің, кейінірек ауыл әкімшілігінің тізгінін ұстады. Бұл жылдары мемлекет халықтан ет сатып алу жоспарын азайтып, 1985 жылдан бастап ол тоқтатылды. 1986 жылы көп жыл ауылдық кеңеске хатшы болған Жылқыбаев Рысбай зейнетке шықты да, орнына Тілеуімбетова, кейін Бектемірова Сәбира хатшылық істеді. Осы жылдардағы айтулы жағдайдың бірі – ол 1989 жылы сол кездегі совхоз директоры Тұрабаев Ермағанбеттің күш салуымен салынған үш қабатты мектеп.

2001 жылдан бастап ауыл әкімі болып Өлментай Қайрат, оның бас маманы қызметін Сәдіров Болат атқаруда. Бұл жылдары әкімдік құрамы біршама кеңейгенмен, оның қызметтік жұмыстарының ауқымы да депутаттық корпус та қысқарған кез болып тұр. Ауылда мемлекеттік «Таза су» бағдарламасына сәйкес ауылда бір шақырымнан астам су құбыры қайта төселіп, су мұнарасына жөндеу жүргізілді. Ауыл халқына қазір 1 орта, 1 орталау мектеп, 15 төсектік аурухана, 1 фелдшерлік пункт, 2 клуб үйі, 1 кітапхана, 1 почта және 145 нүктелік телефон станциясы, «Фариза», «Жанжаз» атты жекеменшік дүкендер қызмет жасайды. Жақында ауыл орталығынан елден шыққан кәсіпкер Тәшімбетов Асан «Әбілда ата» атындағы мешітті салып, 2007 жылғы қарашаның 24 күні ел жұртының имандылық ордасы болсын деген тілекпен пайдалануға берді.

                                 

                                                                                  

Деректерді жинап, құрастырған                                Бексарыұлы Мұратбек

Өңдеп, жарияланған күні             18.12.2007 жыл

 

Мұнда Тұрабаев Сермаханның, Жылқыбаев Рысбайдың, Досмаханов Жеңсікбайдың және өзімнің жазбаларым негізге алынды.

 

 

 

 

 



Hosted by uCoz