М Е К Т Е П Т І Ң    Ө С І П - Ө Р К Е Н Д Е У    Ж О Л Ы

 

 Қазіргі 114 - қазақ орта мектебі, бұрын Ж..Жабаев атындағы бастауыш мектеп болып 1932-33 оқу жылы ашылған. Алғашқы мектеп үйі Қаракеткен теміржол станциясының (бекетінің) оңтүстік-шығыс жағындағы топырақ еденді, бір есікті, екі терезелі, бір бөлмелі үйге орналасыпты. Онда сол кездегі қамыс дайындаушылар мен МТС жұмыс-шыларының, теміржолшылар мен балықшылардың 30-дан астам балалары оқыған. Мектептің сол кездегі басшылары мен мұғалімдері жайлы деректер анықталмады.

Осы бастауыш мектеп шамасы 1939 жылдары жетіжылдыққа айналыпты. Ұлы Отан соғысы кезінде осында Москва маңынан балалар үйі(детдом) көшіп келген, соған орай мектеп аралас мектеп болып, онда орыс, қазақ, украйн, кәріс және т.басқа ұлт өкілдерінің балалары білім алады. 1-2 жылдан соң ол детдом көшіп кетіп, мектеп бұрынғы қалпына келген.

1942 жылы мектеп директоры Сұраншиев Жүсіпақын, орынбасары Жұмабаев деген кісілер болыпты. Мектеп директоры сол жылы жазда соғысқа аттанып, одан оралмапты.

1943 жылы мектеп директорлығын Ысқақов Әбсан, ал завучтығын педкурсты енді бітірген Шадаев Сәду атқарады. Ол осы қызметінде 1947 жылға дейін істеген. Сол жылдары мектепте Айтуаров, Есқанатов Рахмет, Ысқақов Әбілхан, Бекенова Күлайша, Меңбаев Мәлік және т.басқалар сабақ берген.

1944 жылы мектепті соғыстан жаралы болып оралған жауынгер Қанатбаев Өмірзақ басқарса, ал жауынгер Медетбаев Сьезбай бастауыш сыныпта 1951 жылға дейін ұстаздық еткен.

1945-48 жылдары мектепке Ықласов Нұрмахан(1945), Ахметов Балмаш(1946), Мұқанов Төлеген(1947-49) басшылық жасаса, 1948 жылдан оқу ісінің меңгерушілігін атқарған  Қыстаубаева Райкүл 1950-52 жылдары өз мектебін басқарады, ал Тұяқбаева Қамар оқу ісіне басшылық жасайды. Осы жылдарда мектеп ұжымы мұғалімдер институтын жаңа бітіріп келген Берманова Раушан, Үрболатова Зейнеп, соғысқа қатысып, партизандық взводты басқарған Сексенбаев Ерназар, Меңбаев Мәлік  сияқты жас мұғалімдермен толығып, оқу-тәрбие жұмысы жандана түседі.

1952 жылғы су тасқынынан мектеп үйі мен басқа да үйлер құлап, ел теміржолдың оңтүстік батыс бетіне қоныс аударады. Сол жылы жергілікті тұрғындардың белсене қатысуымен бастауыш мектепке арналған мектеп үйі тұрғызылады, сабақ екі ауысымда жүреді. Бұл жұмысты ұйымдастырудың басында мектептің сол кездегі директоры Есдәулетов Қожамжар, балық колхозының председателі Өмірзақов Ыдырыстар жүрсе, мұғалімдер: Қалжанов Қайып, Төремұратов Дәруіш, Жадақов Әбдіқаппар, Оразбаева Ажар және басқалары да аянбай көмектесіпті.

1953-59 жылдары «Игілік» колхозы балықты мол өндіріп, колхозшылардың жағдайы біршама жақсарады. Осы жылдары мектеп директоры болып Сүлейменов Камал(1953-54), Төремұратов Дәруіш(1954-59), ал оқу ісінің меңгерушілері болып Әлібеков Шәмшат, Әбдіреева Кенжегүл, Қайнарбаев Кенжебай істейді. Сол кездегі Жадақов Қаппар, Оразбаева Ажар, Қиланов Тұрмағанбет, Тоғызбаев Мәлік және басқа да ұстаздар бейнесі шәкірттер есінде сақтаулы.

60-жылдардың басында «Қараөзек» суының азаюына байланысты қамыс азайып, әуелі қамыс дайындау тресі, кейін балық колхозы тарап мектептің оқушылар саны кеміп, мектеп бастауыш болып қалады. Бірақ көп ұзамай колхоз қайта құрылады.

1959-60 оқу жылында мектепті басқаруға бұрын аудандық халық ағарту бөлімінде инспектор, ауданның партия комитеттерінде басшылық қызметтер атқарған Байсопақов Әлиулла жіберіледі.

1962 жылы колхоз қаржысымен бастауыш типті жаңа мектеп үйі салынады, сабақ онда екі ауысымда жүреді. Кейін колхоз бастығы Қазиев Орныққанның көмегімен мектепке бөлмелер қосылып кеңейтіледі, сөйтіп оқу бір ауысымға көшеді. Осы оқу жылында мектеп сегізжылдыққа айналады. Мектеп басшылығы мен колхоз басқармасының тығыз байланыс орнатуы нәтижесінде мектептің инвентарлары толығып, білім сапасы жақсара түседі. Мектеп жұмысын жолға қоюда сол кездегі оқу ісін меңгерген Ысқақов Райымбектің, Пірімжанов Зейнелдің, Меңбаев Мәліктің және мұғалімдер: Қиланов Тұрмағанбеттің, Д.Тұрымбетованың, Маққалиеваның, Мәдина Сейдахметованың, Әбенов Жалғасбайдың, Әуесбаева Айымкүлдің, К.Көшеновтың және басқаларының үлесі бар екені анық..

1963-66 жылдары «Игілік» балық колхозының аты республика, одан әрі Одаққа танымал, 1965 жылдың қорытындысы бойынша ҚКП ОК мен кәсіподақтары республикалық комитетінің Ауыспалы Қызыл Туына ие болған, оның есімі Одақтың «Құрмет кітабына» жазылған кезең еді. Бұл кездері колхоздың озат балықшылары Жүнісов Көпжасардың, Сахиев Балабайдың және бригадир Ахметов Жетібайдың қостауымен колхоз басқармасы /төрағасы Искаков Маханбетжан/ мектепті жыл сайын жөндеуден өткізіп, ақшалай-заттай көмек көрсетіп тұрады. Мектеп оқушылары балық дайындау пунктінде жұмыс істеп, оған еңбекақы алатын. Соның есебінен балық пункті мектепке екі газет шығаратын рамканы көз тартарлық етіп жасатып береді.Бұл мүліктер көп уақыт бойы пайдаланылады. Сол кезде мектеп мұғалімдері оқу-тәрбие жұмысын, еңбекшілер арасында партия сьезінің, мемлекеттің саяси шешімдерін насихаттаумен тығыз ұштастыра жүргізетін. Осы саладағы ерекше жетістігі үшін мектеп мұғалімі Қиланов Тұрмағанбет 1965 жылы ҚКП ОК-нің «Құрмет Грамотасымен» марапатталады. 1969-74 жылдары мектептің оқу ісінің меңгерушілігін Бейсенбаева Әнипа атқарады.

1974 жылы «Жалағаш» қаракөл қой совхозының орталығы Қаракеткен станциясына көшіп келуіне сәйкес 1975-76 оқу жылында бұл мектеп орта мектепке айналады. Ауданның сол кездегі басшылығы /1-хатшы Аманов Сұлтан/ жаңадан орта мектеп ашудың қиындығын ескеріп, шаруашылыққа қарасты екі мектеп орындарын жергілікті шаруашылық басшылығы /директор Ө.Тұңғышбаев, партком хатшысы М.Искаков/ және ауылдық кеңестің/төраға М.Бексариев/ келісіміне сәйкес ауыстырады. Осы орта мектеп директоры болып, оның бұрынғы басшысы Балғабаев Тасқара, оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Байсопақов Әлиулла, кластан және мектептен тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушысы болып Базарбаева Ғалия жұмыстарын жалғастырады. Осы жылдары мектеп жанынан 25 орындық интернат салынып, «Қарақұм» мал жайылымы мен совхоздың «Құлжан», «Ақшал», «Актив» және 4-фермаларындағы шопан-бақташылар балаларының толық білім алуына жағдай жасалады. Ол интернат 1994 жылға дейін жұмыс істейді.

1977-81 оқу жылдарында тәрбие жұмысын ұйымдастыруды Болысов Тындырбай/1977-78/, Рыспанов Ермекбай/1978-81/ атқарады. Бұл жылдары Қазақстанда қой санын 1 млн-ға жеткізу ұраны көтеріліп, соған сәйкес Семейдің мектеп бітіруші жастары бүкіл республиканың түлектеріне «Аттестатпен-қой шаруашылығына» үндеуін көтерген кезі болатын. Осы үндеуге қосылған біздің мектеп бітірушілері де  екпінді комсомол жастардың шопан бригадаларын құрып, бірнеше жыл бойы мал шаруашылығын арттыруға өз үлестерін қосады.

1979-80 оқу жылында мектеп әкімшілігі әскери-патриоттық және дене тәрбиесіне ерекше назар аударып, оның оқу-материалдық базасын нығайтады. Осы жұмыстардың нәтижесінде мектеп 1980 жылғы Одақтық байқаудың жеңімпазы атанады, оған КСРО халық ағарту министрлігінің «Құрмет Грамотасы» және 1600 сом ақшалай сыйлығы тапсырылады. Мектептің әскери жетекшісі Ысқақов Асан /1976-81/ «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, ал мектеп директоры Т.Балғабаев Қазақ КСР-і халық ағарту министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталады.

1982-89 жылдары мектеп өндірістік оқулы орта мектеп ретінде жұмыс істейді. Мектептің оқу-өндірістік базасы нығайтылады. Бұл жылдары мектеп ДТ-75, МТЗ-80, Т-40 тракторларымен, ГАЗ-52 автомашинасымен  және басқа ауыл шаруашылығы техникаларымен, оқытуға қажетті макеттер, көрнекі құралдар, түрлі жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мектептің бұрынғы үйін жөндеп, олар практикалық және лабораториялық сабақтар өтетін кластар етіп жабдықталады. Ол кездегі мектеп бітірушілер аттестатпен қоса 3-класты тракторшы-механизатор мамандығының дипломын алып, ауыл мен ауданның шаруашылығын арттыруға сүбелі үлестерін қосып жатты.

1982-85 жылдары аудандық халық ағарту бөлімінің /меңг. Ижанов Зияда/ тікелей ұйымдастыруымен аудан мектептерінде оқытудың кабинеттік жүйесіне көшу жұмысы басты назарға алынады. Сол кездерде жақсы жабдықталған физика/меңг. Кенжебекова Шәрипа/, НВП/меңг.Бексариев Мұратбек/, химия/меңг. Серікбаева Жаса/, ауылшаруашылық/меңг.Наурызбаев.С, Қитанов.Е/, бастауыш класс кабинеттері оқушылардың білімі мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасайды.

1984-85 оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп аудандық кабинеттер байқауының жеңімпазы деп танылады. Мектептегі НВП пәні кабинеті мен оның оқу-материалдық базасының жабдықталуы «өте жақсыға» бағаланып, соның негізінде аудандық, мектеп басшылары мен әскери жетекшілердің семинары ұйымдастырылады. Осы жұмыстарды насихаттау мақсатында 1985 жылы аудандық методикалық кабинет әскери жетекші М.Бексариевтің іс-тәжірибесі негізінде «Руководитель-воспитатель» деген тақырыппен плакат шығарып таратады. Осы жылы ол «Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанады. Сол оқу жылдарында атқарылған түрлі оқу-тәрбиелік шаралардың басында мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Рыспанов Ермекбай/1981-84/, Байниязов Есенгелді/1984-85/ және кластан, мектептен тыс тәрбие жұмыстарының ұйымдастырушылары Закирова Айбарша/1981-84/, Құлмаханова Айша/1984-85/ жүрген болса, ол жұмыстарды тікелей атқаруға сол кездегі мұғалімдер Искаков Асан, Серікбаева Жаса, Әубәкірова Шәһизада, Шөкеева Камаш, Жанқараева Қанағат, Шынарбаев Әбжаппар, У.Смайлова, А.Рысбаева, Р.Айдуллаева, Ж.Жүнісова, К.Тоқанова, М.Ахметова, Л.Елібаева, Төлепова, Жалтынова және басқалар қатысып, оның ауыртпалығын көтерген болатын.

1985-89 жылдары мектеп әкімшілігі оқу процесін оптимизациялау идеясына сәйкес оқу кабинеттерін жабдықтауды жалғастыру, олардың тиімділігін арттыру және оқушыларды оқыту, тәрбиелеу және дамытудың бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларға баса көңіл аударады. Мектепте білікті ұстаз Байниязов Есенгелді жабдықтаған лингофон кабинеті арқылы ағылшын тілін үйренуге жол ашылды. Ол сонымен қатар тәрбиелік шараларды, класс жетекшілер жұмысын ұйымдастыра білуімен де көзге түседі. 1986 жылдан бастап мектепте жаңа «Информатика және есептеуіш техника негіздері» пәні оқытыла бастайды. Осы кездері математика пәні мұғалімдерінің творчестволық тобы /жет.Бексариев.М, мүш-рі: Шөкеева.К, Үргенішбаева.А/ «оқытудың міндетті нәтижелерін-білім сапасын көтеруге пайдалану» тақырыбында ізденістер жүргізеді, ол ізденістер кезінде аудандық, облыстық білім жетілдіру кабинеттері тарапынан қолдау табады.

1987 жылғы 28 августа өткен мектеп бастауыш партия ұйымының /секр.Әбенов.Ж/ есеп-беру сайлау жиналысына облыстық пария комитетінің 1-секретары Еркін Әуелбеков қатысады, онда сөз сөйлеп, мектептер алдына қойылатын негізгі міндеттерді көрсетеді және совхоз бен мектеп байланысын нығайтуды жергілікті басшыларға тапсырады. Ол тапсырмалардың дені көп ұзамай орындалып, мектеп ісінің алға басуына ықпал жасайды. Бұл кезеңде мектептегі оқу-тәрбие жұмысын жүргізуде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары М.Бексариев/1985-86/, Омаров Нұрлыбек/1986-1997/, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Үмітова Еркеш/1986-88/, Қожахметова Ғалия/1988-89/, Әбдікереев Жаңбырбайлар/1989-90/ өз үлестерін қосқаны анық. Осы жылдары жас бүлдіршіндерге білім бастауынан алғаш нәр берген Қарабалина Нағи, Жүсіпова Зағипа, Бекмағанбетова Алмаш, Омарова Роза, Іздібаева Әсем, Байжанова Алтынсары, Ералиева Роза, Рыспанова Күлзада, Алдоңғарова Базаркүл және пән мұғалімдері –Меңбаев Мәлік, Әбенов Жалғасбай, Пірманова Ұрқия, Жүнісова Нұржамал, Серікбаева Жаса, Орынбасова Ақалтын, Үргенішбаева Ажар, Омарова Роза Е, Қазыбеков Қауыш, Тілеуімбетова Алмаш, Алмақбаева Меңліай, Жаңабергенов Мұрат, Искаков Нұрадин, Ізбасханов Әшімхан, Өтегенова Ғалияш, Күздеубаева Фатима, Бексариева Гүлжан және басқалары қаншама білімдері мен қажыр-қайратын жұмсады десеңізші.

1988 жылы совхоз әкімшілігінің /дир.Тұрабаев Ермағанбет, партком хатшысы Есболов Аймырза/ белсене кірісуімен және аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Қаюпов Биғалидың тікелей қолдауымен 689 орындық үш қабатты жаңа мектеп үйінің құрылысы басталып, оны 7 айдың ішінде «Агрострой» мекемесі /бастығы Мадияров А/ 1989 жылдың 1-қыркүйегіне пайдалануға берді. Жаңа мектептегі 5 бастауыш, 10 пәндік оқу кабинеттері, 185 орындық кинозал, кең спорт залы, ағаш және металл өңдеу, тігін шеберханалары , арнайы жабдықталған асхана, мектеп жанындағы ату тирі, спорт комплексі және мектептің орталық жылу жүйесімен жылытылуы оқу-тәрбие процесінің жақсы қарқынмен жүруіне қолайлы жағдай туғызды.

1989-90 оқу жылында мектеп әкімшілігі оны көркейту, көгалдандыруға, безендіруге, оқу кабинеттерін тиісінше жабдықтауға, 6 жасарларды оқыту мен тәрбиелеуге, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге баса көңіл бөледі. Соның нәтижесінде мектеп бойынша 6 жасарларды оқытудағы А.Байжанованың іс-тәжірибесі, НВП мен Биология кабинеттерінің, мектеп асханасының тәуір жұмыстары аудан көлемінде ауызға ілінеді.

1990-91 оқу жылында мектеп 13 машинадан тұратын «Корвет» оқыту комплексімен жабдықталады, сол кезден бастап осы пәнді жүргізуші М.Бексариев «Информатика және есептеуіш техника негіздері» оқу кабинетін жабдықтайды. Соның арқасында жоғары класс оқушылары компьютерде жұмыс істеп, теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға мүмкіндік алады. Мектеп түлектерінің осы пән бойынша біліктілігі жоғары оқу орындарында оқуы кезінде ерекше көзге түседі. Осы оқу кабинеті 1991-93 жылдары аудандық методикалық кабинеттің тірек пунктіне айналады.

·        Мектептегі биология кабинеті аудан көлеміндегі ең жақсы жабдықталған кабинеттің бірі. Бұл пән мұғалімі Рыспанов Ермекбайдың тынбай ізденуінің, белсенді қызметінің нәтижесі. Оның шәкірттері соңғы жылдары аудандық пәндік олимпиадаларда жүлделі 2 және 3-орындарға ие болуда. Бірнеше жыл бойы мектеп басқаруға араласып, оқу-тәрбиелік , шаруашылық, жұмыстардың жүргізілуіне бел шеше көмектесетін көп қырлы азамат.Осындай еңбектерінің нәтижесінде ол 1-санатты ұстаз және «ҚР білім беру ісінің озық қызметкері» /1992/ атағының иесі.

·        Мектептегі оқу-тәрбиелік шаралардың қай-қайсысына да оқушылары белсене араласып, өзі соның басы-қасында жүруден бір тынбайтын, сабақтарына да, өткізген үйірмесіне де, сабақтан тыс сайыстары мен конференцияларына да оқушылар қызыға қатысып, олардың әрбірінде өздерінің тың ойын, пікірлерін айтып жататын, химия пәнінің білгірі, оқушылардың сүйікті ұстазы – ол Сүлейменова Нәжия болатын.

·        Мектепке 1975 жылдан бері үздіксіз басшылық жасап, оның ыстық-суығына күйіп-піскен, оқу-тәрбие, шаруашылық салаларында көптеген шараларды жүзеге асыра білген, жаңа мектептің салынуына, оның тиісті құрал-жабдықтармен, жиһаздармен қамтамасыз етілуіне, мектеп маңын көгалдандыру және т.басқа  жұмыстарды бел жазбай атқарған мектеп директоры Балғабаев Тасқараның орны тіпті бөлек. Осындай жақсы жұмыстары Қаз.КСР-і х/а министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және «ҚР білім беру ісінің озық қызметкері» белгісімен бағаланған.

Жоғарыда аты аталған мұғалімдермен қатар мына ұстаздардың еңбектерін де ерекше атап өту лазым.

·        Мектеп орта мектепке айналғанда сонымен бірге осында келген, ұзақ уақыт жас жеткіншектердің сауатын ашып, оларды білім соқпағына түсіру жолында аянбай еңбек еткен, кейінгі жылдары оқушыларға ана тіліміз бен әдебиетіміздің қыр-сырын меңгерту үшін түрлі сабақ формалары мен әдістерін іздестіруді тоқтатпаған, сынып оқушыларынан іргелі ұжым қалыптастырмай тынбайтын ұстаздың бірі-Омарова Роза. Ұстаз бірнеше жыл қатарынан гуманитарлық пәндер бірлестігінің жетекшісі. Оның көп жылғы нәтижелі еңбегі 2000 жылы ҚР Білім беру министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталды.

·        Мектепте 1970 жылдан бері үзбей бастауыш сынып мұғалімі болып істеп, қазір зейнетке шықса да жұмысын жалғастырып келе жатқан Бекмағанбетова Алмаш –жас бүлдіршіндерді оқыту мен тәрбиелеудің қандай тәсілдерін болсын жетік меңгерген және оларды күнделікті сабақ пен тәрбиелік шараларды өткізуде барынша ұтымды қолданып отыратын нағыз әдіскер-ұстаз. Оның оқытқан және тәлім берген оқушылары мектепті үздік және жоғары бағалармен бітіріп жүр. Бастауыш сынып оқушыларының аудандық олимпиадаларында оның оқушылары жүлделі орындар иемденіп келеді. Ол 1978-87 және 1989-92 жылдар аралығында әдістемелік бірлестік жетекшісі, оған қоса жас мұғалімдердің ақылшысы, қамқоры. Оған 1995 жылы «ҚР білім беру ісінің озық қызметкері» атағы берілді.

1992 жылдың қысынан бастап мектеп орталық жылу жүйесінен жылытылуын тоқтатты. Содан 1998 жылға дейін күн суытса ескі мектеп интернаты үйінде, жылы кезде жаңа мектепте көшіп жүріп оқу жүргізілді.

Мектептің мұғалімдер қауымы осындай қиын уақыттарда да жұмыстарын тоқтатпай, міндетті жұмыстарын атқара білді.

1998-2001 жылдар аралығында мектепке Сәрсенбаева Таскүл басшылық жасады. Оның келгеннен бастап қойған талабының, жұмысты ұйымдастыруының арқасында 1998 жылы күзде ұжым күшімен/ол кезде жөндеуге қаржы бөлінбейтін/ мектептің іші-сырты жөнделіп, оқу кабинеттері дұрысталып, сапалы білім беру ісіне жол ашылды. Осы жұмыстарды атқаруда мектеп басшылығына оның орынбасарлары Әбиева Гүлжайна/1998-2000/, Жүсіпова Мейрамкүл/2000/ және Мусаханова Қазия да, тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушы Омаров Нұрлыбек те қолғабыс тигізді.

1998-2000 жылдары мектеп біраз жас кадрлармен толықты. Олардың қатарында Бекқожаева Дәмелі, Баударбекова Гүлжан, Досмаханова Роза, Саймағанбетова Күлзада, Ералиева Айнұр, Балғожаева Гүлнар, Наурызбаев Ербол, Өзденбаева Жанат бар. Бірінші санатты ұстаз Д.Бекқожаева ағылшын тілін оқытуда жақсы нәтижелер көрсетуде, оның шәкірттері аудандық олимпиадаларда соңғы жылдары үнемі 2 және 3-орындарға ие болып жүр. Дене тәрбиесі пәні мұғалімі Абызов Данияр тәжірибе жинақтауының және тынбай үйретуінің нәтижесінде оның баптаған шәкірттері аудан бойынша спорттың тоғызқұмалақ, футбол, баскетбол және волейбол сияқты түрлерінен соңғы бірнеше жыл бойы алдыңғы орындардан көрініп келеді.

 

Мектеп ұстаздары ішінен марапатқа ие болғандары :

Байсопақов – 2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені, «Венаны босатқаны үшін» медалі,

Әлиулла         «Будапешті босатқаны үшін» медалі,

                        «1941-45 жж. Ұлы отан соғысындағы ерлігі үшін» медалі,

                        Жеңістің мерекелік медалдары,

                        КСРО және Қаз.КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері.

Меңбаев Мәлік – «1941-45 жж. Ұлы отан соғысындағы ерлігі үшін» медалі,

                              «В.И.Лениннің 100 жылдық мерекесі құрметіндегі еңбектегі жетістіктері үшін» медалі.

Қиланов Тұрмағанбет – ҚК ОК-нің Құрмет Грамотасы.

Бексарыұлы Мұратбек – ҚР Білім және ғылым мин-нің «Ы.Алтынсарин» белгісі,

                                               «Қаз. КСР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі,

                                          ҚК обл.ком-нің, обл.атқ.ком-нің,кәсіподақ.обл.ком-нің Мерекелік дипломы,

                                          Облыстық х/а бөл. Құрмет Грамотасы/3 рет/,

                                          Қаз.ЛКЖО обл.ком-нің Құрмет Грамотасы/2 рет/.

Балғабаев Тасқара - «Қаз. КСР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі,

                                   Қаз.КСР халық ағарту мин-нің Құрмет Грамотасы,

                                           Облыстық х/а бөл. Құрмет Грамотасы.

        Рыспанов Ермекбай – «ҚР білім беру ісінің озық қызметкері» белгісі,

                                              Облыстық х/а бөл. Құрмет Грамотасы.

        Еспанова Кеншім – «ҚР білім беру ісінің озық қызметкері» белгісі

        Бекмағанбетова Алмаш – «ҚР білім беру ісінің озық қызметкері» белгісі

        Омарова Роза – ҚР Білім беру мин-нің Құрмет Грамотасы

 

Деректерді жинап, құрастырған        Бексарыұлы Мұратбек

             Өңдеп, жариялаған күні        18.12.2007 жыл.

 

Мұнда Ә.Байсопақовтың, Р.Берманованың жазба мәліметтері, М.Меңбаев, Р.Қыстаубаеваның және басқа кісілердің мәліметтері, өзімнің жинақтаған жазбаларым пайдаланылды.

 

 

 

 



Hosted by uCoz