Қ а р а к е т к е н м а ш и н а – т р а к т о р с т а н ц и я с ы (МТС) |
Кеңес одағы бойынша ұжымдастыру
/коллективтендіру/ саясатын жеделдетіп жүргізу мақсатына орай
1931 жылы өлкеде Қазалы, Қаракеткен, Сұлутөбе,
Жаңақорған машина-трактор станциялары құрылады.
Соның бірі – бізде станцияның
солтүстік шығыс бетінен салынған МТС еді. Бұл МТС сол
кезде Қармақшы ауданына қарасты 32 колхозға техникалық
және агротехникалық жағынан көмек беретін,
механизацияны оқып-үйретуге арналған мекеме болды. Осы
МТС-та 1931 жылы 37-СТЗ, 12-ЧТЗ, 2-НАТИ, 5-ЧАТЗ, барлығы 58 трактор болған.
Аудан ол уақытта 3 агроучаскеге бөлінген еді. Олардың 1-не
Тереңөзек колхоздары, 2-не Белсенді учаскесінің колхоздары,
ал 3-не Дарияның Құйрықбай тамы бөлігіндегі
колхоздар қарайтын. 1931-32 жылы МТС директорлығын
Көшкінов Есіркеп, 1932-34 жылдары Бектұрсынов Ахмет атқарады.
1933-35 жылдары МТС жанында «Политотдел» /Саяси бөлім/ құрылып,
оның басшылары Мұхамедияров
Рахымжан, орынбасары Товоер(комсомол ұйымының орнында), женотдел
Ахметова, ГПУ-Гадиев деген кісілер болды. 1935 жылдан 1938 жылға дейін
директор болып Актямов Аким/Ақтанов/, 1938-39 жылдары Г.П.Брижановтар
істейді. Осы жылдары саяси бөлімнің бастығы болып Әбдірахманов
Үбайдолла, орынбасарлары болып Қалыбаев Көлбай, Алтынбеков Әнес,
Жолдыбаев Жаңаберген және т.басқалар
қызмет істейді. Сол жылдары Құлбатыров Алашбек -
1-агроучаске бастығы, Тұрабаев Сермахан-2-агроучаске бастығы,
одан соң Жолдыбаев Жаңаберген(ол кейін К.Маркс колхозының
бастығы), Пак Дон Сек- бас агроном, агрономдар болып Наурызбаев Әкім,
Қосжанов Қарақойшы, Құлманов Дәндіғара,
трактор бригадасының бригадирлері болып-Есмағанбетов
Әуез, Ибраев Сәрсен, Ақтайлақов Нұрмахан, Оңғаров
Көздібай, Өмірзақов Ыдырыс- завхоз, Есіркепова Ұлтай,
Меңбаев Аманбайлар-статист -секретарь болып істейді. 1935 жылы
«Политотдел» тарайды. 1939 жылдың қыркүйегінде
бұған дейін облыстық есеп-санақ басқармасының
бастығы болған Жалтынов Далдабай
директор болып бекітіледі. Ауылдың айтулы азаматы Ж.Есіркепов өзінің
«Өмір өткелдері» кітабында МТС жайлы «... 1940 жылдың қарашасында
МТС бойынша 40-тан астам трактордың 7-і мастерскойға
кіргізілгенмен, олар әлі жөнделмеген. Ол заманда барлық бөлшектері
жетісіп тұрғанның өзінде 1 тракторды 20-25 күнде
зорға жөндеп болатын. Көтеру, түсіру, қозғалту
жұмыстары шағын рычагтармен, қолмен, адам күшімен атқарылады.
Мастерскойдың іші суық, ашық-тесік. Мамандар жетімсіз. Олар
санаулы-ақ еді. Сол кезде Иманберлиев Аяған, Ақтайлақов
Нұрмахан, Жонтаев Алпамыс, Қабылов Кенбай, Тәшімбетов
Рахымбай, Ағарбаев Жұбаназар, Тілеуов Торғай, Бегімсалов Өсер,
Алмасов Асабек, Ахметов Сақан, Ыбыраев Сәрсен, Тырықбаев
Шайқы МТС-тың таңдаулылары болатын. Бұлардың көбі
1930 жылы МТС негізі құрылғаннан істейтіндер, олар жүрген
жерде тракторлар, молотилкалар жүреді, тоқтамайды. Олар кетсе, тұрып
қалады. Осы МТС Қармақшы, Тереңөзек, Жалағаш
аудандарының 41 шаруашылығын қамтитын ...», - деп жазыпты. 1943-46 жылдары МТС-ті Ким Яков, ал
саяси бөлімін Елубаев Шаймахан басқарған. Сол кездері
аудандық партия комитетінің бір бюросында аудан басшысының «Кәрібаев Қалмахан,
Елубаев Шаймахан, бас-басыңа бір бақан» деген сөзі де осы
кісілерге арнап айтылған дейді. Осы біздің МТС-тен тракторшы Қалыбаев
Сақыбай алғашқылардың бірі болып КСРО Жоғарғы
кеңесінің депутаты болып сайланады. Жерлесіміз Төртулиева Күлжахан
әйелдер арасынан трактор тізгінін ұстап, ер азаматтармен бірдей күн-түн
демей еңбек етіпті. Басқа да біз білмейтін жайттар баршылық
екенін білемін, сонда да алаңсыз айтпағаннан, аз да болса біле
берген жақсы ғой деп осы деректерді жазып отырмын. 1946 жылы жазда Қаракеткен
МТС-і Жалағашқа көшті. МТС 1952 жылы жұмысын тоқтатты. Деректерді жинап, құрастырған Бексарыұлы Мұратбек Өңдеп, жариялаған
күні 18.12.2007 жыл. |