Рысқұлбеков
Қайрат
21 жас, 21 жыл, ХХІ ғасыр:
нені айқындайды?
Енді бірер күннен
кейін Желтоқсан оқиғасының 21 жылдығын атап өтеміз.
Санаға сұп-сұр мұң ұялатып, жүрекке
шерлі шемен қатыратын осы бір оқиға «Мен қазақпын!»
деген адамның жанын ауыртып, намысын қоздыратыны һақ.
Елдігіміз еңсе түзеп, халқымыз тәуелсіздік тұғырына
көтерілген тұста желтоқсаншылардың ерлігі
тарихтан ойып тұрып орын алды.
Біреулер «Бұл оқиғаны қозғалыс деп атау
керек!» десе, енді бірі «Бұл – нағыз көтеріліс!» деп баға
берді. Қалай десек те, қазақтың ширығып тұрған
жастары намысқой, өр тұлғалы ел екенімізді паш
етіп кетті.
Жиырма бірде жасым бар,
Қайрат деген атым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең, атыңдар!– деп шырылдаған 21 жастағы Қайраттың
үні ХХІ ғасырға дейін жетті. 21 жас, 21 жыл, ХХІ ғасыр.
Бұл нені айқындайды?!
Небәрі 21 жаста халықтың қамы үшін алаңға
шығып, жұдырықтай жүрегі елім деп соққан
Қайраттың ерлігін біз бүгінгі ұрпаққа
насихаттай алып жүрміз бе? Біреулер отызында орда бұзып, қырқында
қамал алып жатқанда 21 жасында елі үшін отқа түскен
қаһарманымызды ұлықтай алып жүрміз бе? Көкейді
мазалаған осы сауалдарға жауап іздеу барысында өз басым
біраз деректерді ақтарып көрдім.
Қайрат жайлы жазылған жайттардың астарына үңіле
отырып, мен мынадай нәрсеге таңғалдым. Қайрат 21
жасында, сот алдында 21 күн нақақтан-нақақ күйіп,
тас түрменің 21-камерасында, 21 мамыр күні бақилық
болған. Ал оның тұп-тура бес жыл өткен соң 21 ақпанда
ақталуы, кездейсоқтық па, әлде тағдыр ма?! Әрине,
мұны көзді жұма кездейсоқтыққа телуге
ешкімнің ары бармас. Бұл сол кездегі қыңыр саясаттың
жүргізген әмірі екенін Желтоқсан оқиғасына қалам
тербегендер қазір ашық та, ашып жазып жүр.
Белгілі журналист Қайым – Мұнар Тәбей «Қазақтың
желтоқсаны» атты кітабында: «21 жасқа қараған шағында,
Колбиннің қанды жебесіне ілініп, нақақтан-нақақ
күйген Қайратқа сол кездегі жасалған қысастықтың
ешқайсысын кездейсоқтық дей алмаймыз. Тіпті оның
мүрдесінің өзі қайда жерленгені көп уақытқа
дейін белгісіз болып келсе, ол немқұрайлылық емес, қысастықтың
өзі» деп қалам тербейді. Ал Көлбай Адырбекұлы «ХХ
ғасыр: Соңғы репрессия» атты кітабында «Талай 21-ді қыршынынан
қиған Желтоқсан оқиғасы – әділетсіз жүйе
әкелген қанқұйлы репрессияның соңғысы»
деп жазды.
Жалпы, қазақ тәуелсіздік жолында толарсағынан су
кешіп, «ұрпағымды бодан қылмаймын» деп жауымен бел шешіп айқасқан
күрескер халық. Сол күрескерліктің ХХ ғасырдағы
қалыптасқан көрінісін Желтоқсан құрбандары
айшықтап көрсетіп берді. Олар тәуелсіздік тұғырына
қонуымызға өзіндік сара жол салды. Сол күнгі оқиғаны
бойына жиып тітіркенген алаңға бұл күні Тәуелсіздік
монументі қойылып, дербестігіміздің таңы атты. Желтоқсаншылардың
ерлігін ұлықтап, ұлтымыздың мерейі өсті.
Азаптың тезіне түскен 86-ның қыршындары ақталып,
қазақтың рухы асқақтай түсті. Арада өткен
21 жылда қазақтың үні әлемдік деңгейге
дейін естіліп, іргесі мығым Қазақстан деген мемлекет барын
индустриясы дамыған елдер мойындай бастады. Бұл күні
еуропалықтар Қазақстанды «ТМД елдері бойынша бойына тұрақтылықты
серік еткен ел» деп бағалап отыр. Осы тұста біз де қарап қалмай,
экономикасы дамушы елдердің қатарына қосылу үшін
бірқатар игі шаралар атқардық. Мемлекетіміздің
экономикалық-саяси-әлеуметтік қадамдарының айшықтала
бастағанын жалпақ жұртқа әйгілеу мақсатында
«бәсекеге қабілетті елу елдің сапына енеміз» деп
жатырмыз. Әлем жаһандану үрдісіне ілесіп жатқан кезеңде
қарап қалмай, көшке ілесуге барымызды салудамыз. «ХХІ ғасырды
технологиялық даму ғасыры» деп ұрандаған дамушы елдердің
тәжірибесіне сүйеніп, технология саласының да тілін табуға
ұмтылып жүрміз. Оған Тәуелсіздік мерекесін атап өтетін
айтулы дата қарсаңында 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық
ететініміз мәлім болғанын қоссақ, «ақсарбас»
айтып, жұрттан «байғазы» сұрайтын бұл ақжолтай
хабар да мерейімізді аспандатып жібергені даусыз.
Кезінде ата-бабаларымыз:
Еңку-еңку жер шалмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Ерлердің ісі бітер ме,– деп жырлады.
«Басы – дауда, қол-аяғы – кісенде, жаны бодандағы қазақтың
таңы қашан атар екен?!» деп толғанды.
Ал бүгінгі аға буын:
Дүниеге келер әлі
талай дарын,
Қайраттай биік ұстап
намыс-арын.
Елдік пен ерлік жайын нық
ұстанып,
Жетілер бүгінгі жас ұрпақтарым, – деп кемел болашаққа
үміт артады.
Қазір кешегі:
Ел менікі дей алмай,
Жер менікі дей алмай.
Езгіге түсті жүрегім, – деп отаршылдықтың езгісіне түсіп,
тәуелсіздікті аңсаған ата-баба арманы орындалды. Десек те, қазақтың
тындырған ісінен тындырары көп екенін, тәуелсіздігіміздің
буыны қатайып, бұғанасы беки түскенімен, әлі
де жетпеген жетістіктеріміз бар екенін мойындау керек.
Тақырыпқа түйін:
Біз жыл сайын Желтоқсан оқиғасы қарсаңында
Желтоқсан жайлы тың деректер іздейтін болдық. Қоғамда:
«Желтоқсан оқиғасы зерттеушілер тарапынан әлі
жан-жақты сараланбаған» деген пікірлер де аракідік айтылып қалады.
Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ғасырлар тоғысында»
атты кітабында: «...Күнделікті күйбеңмен жүріп,
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын
толық дәрежеде бағалап үлгерген жоқпыз»
депті.
Рас, жыл өткен сайын жасындай жалт еткен Желтоқсан жарқылы
уақыт қойнауына сіңіп, алыстап бара жатыр. Кешегі 21
жасында мерт болған Қайраттардың ерлігін ХХІ ғасыр ұрпақтары
да жыр қылып толғаудан жалықпас. Тек белгілі тараптан қаһармандар
ерлігін насихаттау жағы өзіндік биігіне жетсін дейік. 21 жас,
21 жыл, ХХІ ғасыр. Бұл үшеуінің арасын тамыры тереңге
бойлаған тарих жалғап тұр. Ал оның ар жағында
қазақтың өр тұлғасы биіктей түсетіні
сөзсіз...
Қарлығаш САЙЛАУБАЙ
|