“Халық Қаһарманы” атағының
иегерлері
|
Азамат Жұмаділов
2007-12-01: Егемен
Қазақстан газеті Азамат дейтін сардар бар Өмірдің
өзі де сол. Қырық мыңға жуық халқы
бар Үштөбе дейтін қаланың бір бұрышында, сәрсенбі,
10 қазан күні біреулер той-тойлап, қуаныштарын ағайын-тумамен
бөлісіп жатқанда, келесі шетінде тілсіз жаудың жалаңдаған
қызыл тілі темір жол вокзалының маңындағы макарон
цехын жалмап бара жатқан еді. Бұл оқиға түнгі
сағат 1 шамасында орын алады. Осы
мезеттерде қала маңында орналасқан 55078 әскери бөлімінің
лейтенанты Азамат Жұмаділов анасын тойдан алып келе жатқан
болатын. Түтіні будақтай бастаған макарон цехын алыстан
байқаған офицер көлігін кілт тоқтатып, өртке қарай
ұмтылады. Ана да пенде ғой, әрбір адам өз перзентінің
аман болғандығын ойлайды.
Азаматтың шешесі Гүлнәр: “Ойбай, өртене берсін,
өлесің, тоқта!” деп баламның беліне жармасып алдым”,
дейді. “Балам: “Мама, мен бұл үйдің тұсынан
күнде өтемін. Ішінде адамдар тұрады. Есіктің алдында
балалар ойнап жүретін”, деп
биіктігі екі метрдей болатын темір қақпаны бар күшімен ырғай
бастады. Биік қақпадан секіріп өту мүмкін емес еді”.
Осындай
сәттерде адамда алапат күштің қайдан пайда болатынын
жай адамдар түгілі, ғалымдар түбіне жетіп зерттеп көрмеген.
Бар күшпен жұлқып ырғағанда қақпаның
іштен құлып салынған шығыршығы дәнекерленген
жерінен сынып түседі. Азамат темір қақпадан кейін цехтың
есігін бұзып кіргенде, күтпеген тарсылдан цехтың бір бұрышындағы
бөлмеде, жалындап жанып жатқан оттың ортасында үш бірдей ботасымен алаңсыз ұйықтап
жатқан Маржан атып тұрады. Офицер Азамат Жұмаділов ең
бірінші үш жастағы Алмасты көрпесіне орай салып, екінші қолымен
газ баллонын қапсыра құшақтап сыртқа ұмтылады.
Бала мен баллонды анасына бере салып, үйдің ішіне қайта
кіріп, не болғанын ұғып үлгере алмай жатқан үйдегі
екі ересек баланы, содан кейін анасын сыртқа алып шығады. –
Біз далаға шығып, не болғанын түсіне алмай жатқанда,
3-4 минөттен соң үйдің төбесі гүрс етіп
ортасына құлап түсті. Біз қандай ажалдан аман қалғанымызды,
қандай күйге душар болғанымызды сол сәтте бір-ақ
түсіндік, – деді кейін бізге Маржан Мақұлжанова. Лейтенант
Азамат Жұмаділов киініп те үлгермеген Маржанды бала-шағасымен
мәшиненің ішіне отырғызып, анасы екеуі қалалық
өрт сөндіру қызметіне, милицияға хабарласу үшін
көршілерді оята бастайды. Біреулердің өмірі қыл үстінде
тұрып, екіншілер солар үшін басын өлімге тігіп жатқанда,
үшіншілердің, яғни көршілердің “ұйқымызды
бұздыңдар ғой, неге дүрлігесіңдер?” деп
кейігенін көп пендешіліктің қатарына қосайық
та, оқиғаны әрі қарай жалғастырайық. Бұл
кезде сол күні екпіндеп соққан жел өртті тіпті өршітіп
жібереді. Осы оқиғаны сол түні алыстан бақылағандар
айтады: “Өрттің тіпті қатты болғаны соншама,
бірнеше үй қатарынан өртеніп жатыр екен деп ойладық”.
Хабарланғаннан
кейін өрт болып жатқан жерге қалалық өрт сөндірушілер
де, Жұмаділовтің хабарлауымен 55078 әскери бөлімнің
де өрт сөндіргіш мәшинелері келіп жетеді. Қалалық
өрт сөндірушілердің 2,5 тонна су сыятын, бір шлангасы бар
мәшинесі суы қайта-қайта таусылып, суға шапқылап
жүргенде, әскери бөлімшенің
8,5 тонна суы бар, 4 шлангалы әлеуеттілеу мәшинесімен қатардағы
өрт сөндіруші жауынгерлер өртті әп-сәтте сөндіріп
бітеді. Төрт бірдей адамның ажалымен қайғылы аяқталуы
да мүмкін оқыс оқиға осылайша болған еді. Әйтпесе,
көмектің дер кезінде болмағанынан немесе айналадағылардың
тәуекелсіздігі мен немқұрайдылығынан ішіндегі
адамдарымен жанып кеткен оқиғалардың мысалын қазір
алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бұл
оқиға кезіндегі сардар әрекетін, қалай болғанда
да, қайсарлыққа жатқызуға болады. Өйткені,
макарон цехынан үш метрдей жерде кішігірім жанар-жағармай
“заправкасы” бар екен. Адамдар дер
кезінде құтқарылып, өрт ауыздықталмаса, атылған
жанар-жағармай көрші үйлерді де қамтып, іс әлдеқайда
насырға шабуы әбден мүмкін екен. Ерлік
істедім-ау деп те ойламаған Азамат Жұмаділов ертелете әскери
бөлімге, жұмыс орнына оралады. Әскери бөлім
басшыларының сұрауы бойынша, киімдерінен түтіннің
иісі кетіп үлгермеген офицер болған оқиғаны мәлімдейді. Жақсы
хабар жерде жатпайды ғой. Өмірдің өзі де сол, үндістердің
бумеранг ойыны секілді – жақсылық адамға жақсылық
болып оралады. Көп
ұзамай 55078 әскери бөлімнің командирлері Қорғаныс
министрі Даниал Ахметовке өз қатарларында Азамат Жұмаділов
сынды қайсар әскери қызметкердің бар екендігін мәлімдеген.
Нәтижесінде қараша айының басында Астана қаласында Қорғаныс
министрлігі 23 жастағы лейтенант Азамат Жұмаділовке мерзімінен
бұрын аға лейтенант атағын беру туралы шешім қабылдап,
марапаттайды. Министр Даниал Ахметов өз қолымен ел қауіпсіздігіне
адал қызмет етіп жатқан офицердің қолын алып, бағалы
сыйлық ұсынады. Анасы Гүлнәр Қасеноваға
осындай ұл тәрбиелегені үшін алғыс айтады. Қорғаныс
мекемесі мұнан да бөлек, Елбасының атына Азаматқа мемлекеттік
награда беру туралы ұсыныс жасаған. Адамдар
тек соғыста қаза таппайды. Әскери адамдар ерлік жасап, қайсарлық
таныту үшін соғыстың болуы міндет те емес. Бейбіт өмірде
де қаншама адамдар түрлі жағдайларда қазаға ұшырап
жатады. Дәл осындай қиын сәтте, жедел шешім қабылдап,
өрттің ішінде қамалып жатқандарды ажал аузынан алып қалған
Азамат есімді азаматты Үштөбе қаласы маңындағы
әскери бөлімге іздеп барған едік. Ерлік
жасаған офицер Жұмаділов еңгезердей де жігіт емес екен. Шағын
денелі, шымыр жігіт бізді сабырлы жымиыспен қарсы алды. –
Мен ерлік жасадым, болмаса жасайын деп те ойлаған жоқпын.
Абылай хан көшесіндегі цехтан шыққан өртті көргенде
бірден сол үйдің алдында ойнап жүретін сәби көз
алдыма келе қалды. Төбесі түтіндеп, терезесінің іші қып-қызыл
болып тұрған цехтың ішінде адамдар бар екенін ғана
сезіндім. Бірақ, кейін ойлап қарасам, жайшылықта 2 метрлік
темір қақпаны ырғап сындырып ашу мүмкін емес екен. Үйге
кіріп барғанда сол жағыма қарасам, үш бала ұйықтап
жатыр. Алдымен ең кішкентайын аман алып қалайын деп, баланы алып
шығып бара жатқанда газ баллонын көріп қалдым да бір қолтығыма
қыстырып алдым, – дейді аға лейтенант атанғанына ай да
толмаған Азамат. Әскери
бөлімде бізді алдымен бөлім командирінің тәрбие және
әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі
орынбасары, подполковник Дәурен Жуаспаев қарсы алды. –
Офицер Жұмаділовтің біздің әскери бөлімге қызметке келгеніне көп уақыт та болған
жоқ. Азамат Жұмаділов әскери бөлімге алғаш
келгеннен-ақ өзі туралы жағымды пікір қалыптастырды.
Жақынырақ таныса келгенде тәрбиелі отбасынан шыққан,
сауатты офицер екендігін көрсетті. Мектепті де, Қазақ еңбек
және әлеуметтік қатынастар академиясын да үздік аяқтаған
соң, қалай әскери борышын абыройлы өтеп, офицерлік
лауазым алғанын білдік. Осылайша, бөлім командирі, подполковник
Серік Есқалиев Азамат Жұмаділовті спорт және дене тәрбиесі
бөлімінің бастығы қызметіне алуға шешім қабылдады. Бірақ,
біздің ішкі түйсігіміз алдамаған екен. Еркін күрестен
спорт шебері, офицер Жұмаділовтің атқарып жүрген қызметін
бақылай келе, жауапкершілікке адал, сабырлы, ұйымдастырушылық
қабілеті бар екендігін байқадық. Түрлі жағдайларда
дұрыс шешім қабылдап, әскери борышын өтеушілермен тез
тіл табыса алатынын көрсетті.
Мен шынында да, Азамат Жұмаділовтің жасаған
тірлігін ерлік деп есептеймін. Жалпы біздің әскери бөлімде
кез келген жағдайда елімізге қорған бола алатын, Отанымызды
қорғай алатын офицерлердің бар екендігін мақтаныш тұтамын!
–дейді жауынгерлермен жұмыс істеп үйренген, тәжірибелі
подполковник Дәурен Ерғалиұлы. Сонымен
Үштөбе қаласынан орын алған өртті сөндіруге
55078 әскери бөлімнің жауынгерлері де үлкен үлес
қосқан. Біз осылайша батырды да, темірдей тәртіп пен сыйластық
орнатылған ерекше режімдегі әскери бөлімді де көрдік. Өз
кезегінде Алматы облысы, Қаратал ауданының әкімі Қыдыргелді
Медеуов те Азамат Жұмаділовті шақырып, Алғыс хаты мен бағалы
сыйлығын беріпті. Ораза
айы кезінде болған сол оқиғадан кейін балаларымен өрттен
зардап шеккен Маржан Мақұлжанова Азаматтың анасы мен
бауырын кездестіргенде алғысын айтып, қасиетті айда болған
жақсылық Жұмаділовтер отбасына еселеніп оралуын тілеген
екен. Енді
ажал аузынан үш бірдей баласымен аман қалған ананы іздеп
тауып, оқиғаның ұзын-ырғасы мен Азаматқа
алғысын өз аузынан тыңдайық деп әрекеттенген
едік. Өкінішке қарай, аудандық әкімдіктің де,
қалалық әкімдіктің де адамдары бақытсыздыққа
душар болған жандардың қайда тұрып жатқандарынан
хабарсыз екен. Қалалық, аудандық өрт сөндірушілер
де тілсіз жау жалмаған ғимараттың тұрғындары
туралы түк білмейтін болып шықты... Күндіз
біз Маржанды балаларымен Азамат апарып салған Байсақов көшесіндегі
үйден де іздегенбіз. Табылмады. Содан кейін “макарон цехы” атанып
кеткен ұн, жем дайындайтын цехтың қожайынын іздеуге мәжбүр
болдық. Цехтың иесі Туғали дейтін ақсақал Маржанның
енді қайда күнелтіп жатқанын айтудың орнына, “сол әйелді
тауып, ұстап әкеліп беріңдерші, цехымды өртеп қашып
кетті”, деп түтігіп тұр... Біреулерден
“Маржан қазір балаларымен темір жол маңындағы барак үйлердің
біреуін жалдап тұрып жатыр” дегенді естіп, сол үйлердің
есігін қағып, іздестіре бердік. Осы
әрекетімізден түк шықпаған соң, түнделетіп
Байсақов көшесіндегі баяғы үйге келсек, онда тұрып
жатқан Маржан Мақұлжанованың туған апасы мен
жездесі жұмыстан оралған екен. Бастапқыда олардың қайда
тұрып жатқанын білмейтіндігін тағы алға тартты. Сосын,
біздің тек игі ниетпен жүргенімізді, Маржанға ешкім ешқандай
айып тақпайтындығын, тұрмысы шынында да нашар болса,
елдің бас газеті ретінде көмекке де келе алатынымызды айтуға
тура келді. ...Сөйтіп,
соңында Маржан өрттен бірінші құтқарылған
кенжесі Алмасты апасы Жексембаланың үйіне көтеріп келді. Осылайша
оқиғаның басты кейіпкерлері де табылды-ау. Сұрастыра
келсек, ақиқатында Маржан Мақұлжанова қазір тағы
біреудің бір бөлмелі барак үйін жалға алып тұрып
жатқан жайы бар екен. Өткен жылы күйеуі Елемес қайғылы
жағдайда қайтыс болған екен. 18 жастағы үлкен қызы
Мәдениет Талдықорған қаласындағы заң
колледжінің ақылы бөліміне
оқуға қабылданған соң, қызының
оқуының ақысын төлеу үшін бұзылайын деп
тұрған баспанасын 40-50 мың теңгеге біреулерге сатып
жібереді. Ортаншысы Жарқын 9 сыныпта оқиды. Кейде тойларда би
билеп, тиын-тебен табатын көрінеді. Қысқасы,
отағасынан айырылған отбасында қазір кісі қызығатын
күй жоқ. Тағдырдың үлкен тәлкегіне ұшыраған
кішкентай адамдардың жағдайы алдағы күндері қалай
болатындығын сұрап, Қаратал ауданы әкімінің
бірінші орынбасары Серік Амандосовпен қайта тілдескенімізде, ол кісі
Маржан Мақұлжанованы аудандық әкімдік баспанасыз қалдырмайтындығына
сендірді. “Үштөбенің әкімі үй береді” деген уәдені
естіген Алмас пен анасы Маржанның мұңды жүздерінде қуаныш
атойлап сала берді. Ерлік
жасаған жігітті іздестіріп жүріп, біздер – “Егемен Қазақстан”
газетінің тілшілері тағы бір сауапты істі тындырғандай күйде
Алматыға оралдық. Ал,
төрт бірдей адамды ажал аузынан алып қалған аға
лейтенант Азамат Жұмаділовтің ерлігі мадақтауға тұрарлық.
Отанын, өмірді, айналасындағыларды шынайы сүйетін нағыз
жауынгерлер арамызда жүр. Тек оларды көре білу керек. Еңбегін
бағалау керек. Біздің
қазақта “Жұмыртқадан жылан да шығады, қыран
да туады” дейтін сөз бар. Жастар туралы қалыптасқан жағымсыз
пікірлерді жоққа шығаратын, жан-жағына шуағы
мен жақсылығын шашып жүретін 23 жасар аға лейтенант
алдағы күндері мемлекеттік наградаға ұсынылмақ!
|