«Ж а л а ғ а ш»  қ о й  с о в х о з ы

 

Совхоздың негізі 1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталып кетуіне орай Ақтөбе облысынан көшіп келген шаруашылықтың негізінде құрылған. Ол шаруашылық екі жылдай облыстың Қазалы, кейін Сырдария ауданының Тартоғай станциясының маңайында көшіп-қонып жүреді. Сол кездерде оған басшы тұрақтамай әуелі Сартаев, одан соң Асқаров директорлық жасайды.

Совхоздың негізін қалаушы директор Есетов Жұмабай 1943 жылы сәуір айында оған тұрақты орын етіп, бұрын корей халқы құрған «Актив» колхозының мекенін таңдайды. Міне осы жерде 1943 жылы «Жалағаш» совхозы ашылады. Совхоз экономикасын көтеру соғыстың ауыр жылдарында оңайға соқпайды, алғашында 700 бас ірі қарадан құрылған совхоз, 1946 жылы Сырдария ауданындағы Тартоғайдан тағы да 500 бас сиыр алдырып екі ферма ұйымдастырады. 1947 жылы совхоз директоры Ж.Есетов Ақтөбе облысынан 3 мың бас жібек жүнді меринос қойын, Қарағанды облысынан 5 мың бас Еділбай тұқымды қойын алдырады. Осы мерзімде 200 бас жылқы мен 2 мың бас түйені Арал ауданынан әкелдіріп, үшінші ферма құрады. Сол кезде Айдаралин Сейіл 1-фермаға, Күшікбаев Зарлық  2-фермаға, ал Ермекбаев Көпен 3-фермаға меңгеруші болып бекітіледі. Сол кездегі совхоздың бас зоотехнигі Ли Ман, ветврач Максимов Григорий, прораб Обезьянов, бас бухгалтер/есепші/ Пак Яков, бас экономист Солощенко қоғамдық негіздегі партком секретары/хатшысы/ Қойбағаров Қазыбек директор Есетовпен бірге (1943-48) шаруашылықтың бар ауытпалығын көтерісті. Совхоздың әуелгі сиыр бақташылары-Оразбаев Күмісбай, Өмірбаев Ералы, Нұрмышев Жүсіпбек, Қарабаев Үсенбай, Оразалиев Қынымбай, Оразымбетов Қали, қоржынбаев Әлберген, Кәнібетов Ақын, Піржанов Оралбай; шопандар –Доспанбетов Қалжан, Досболов Қалдан, Әбжат, Әли, Салтөре, Жылкелдиев Ермағанбет, Ермекбаев Тұрабайлар соғыстан тұралаған ел экономикасын аяғынан тұрғызуға бар қажыр-қайратын жұмсаған еңбеккерлер.

1948-51 жылдары совхоз басқарған Маңбаев Паңгерей, бас зоотехниктер Жаңабаев Алдамжар мен Қазымбетов Сәдулер нар түйелер орнына Аралдан жүн бағытындағы 200 бас айыр түйе және 100 бас жылқы алдырып, ірі қараның негізін қалайды.

Ал 1951-61 жылдар аралығында директор болған Рысбаев Төле совхозды қаракөл қой шаруашылығына бейімдеуде елеулі еңбек етеді. Сол мақсатта ол 1954 жылы Қарақалпақстанның Тамды ауданынан -10 мың, 1956 жылы Шымкент облысынан -10 мың бас қаракөл қойын алдырады. 1958 жылы совхозда қой саны 42 мың басқа жетеді. Шаруашылықтағы мал басының көбейіп, оның алға басуына сол жылдардағы партия комитетінің секретарлары – Талдыбаев Байзақ(1952-56), Искаков Серік(1956-58), Төлегенов Қанатбай(1958-61), бас зоотехниктер –Қазмамбетов Сәду(1956-58), Базарбаев Байділда(1958-62), мал дәрігер –Рахманбердиев Әлқожа, бас есепшілер –Сейтенов Шайхымұрат(1954-58), Сәдуанов Әкімбайлар мен орта буын мамандар –есепші Басаров Елшібай, экономист Самолина Валентина, ферма меңгерушілері –Абытов Бақытжан, Сағымбаев Меңлібай, Тәйтіков Мүбарак, инженер-механик Оңғаров Сәдір және т.басқа мамандар мен малшы қауым да өз үлестерін қосқаны анық..

XII.1960 – VIII.1969 жылдың аралығында біздің совхозды Жалтынов Далдабай басқарды. Ол келісімен Шымкент облысынан 10 мың қаракөл қойын әкелдіреді. Шаруашылықта қаракөл бағытындағы 2 ферма, ірі қара бағытында 1 ферма ұйымдасады. Осы жылдары совхоз облыстың алдыңғы қатарлы шаруашылығына айналады. Д.Жалтынов ел арасында еңбек адамына қамқор көңілімен, қазақы мінезімен, күлдіргі де тапқыр әңгімелерімен танымал болған басшы. Совхоздың өркендеуіне сол кездегі партия комитетінің хатшылары Алшынбаев Сәтмағанбет(1960-62), Байсопақов Әлиулла(1962-63), Есіркепов Жайық(1963-65), Сағидатов Мәжит(1965-67), бас зоотехник Табынбаев Қаһарман, ферма меңгерушілері –Елеусінов Тұрымбет, Искаков Әбдібек, Мұстақұлов Сансызбай, бас есепші Дәуренов Әбдайым, есепшілер –Балхожаев Байзақ, Биманов Тоқсанбай, Досымбетов Дастан, экономист Тасқараев Қойшыман, инженер-механиктер –М.Кечов, Тасболатов Марқабай және аты аталмаған басқа кісілер де аянбай еңбек етті.

1965 жылдан бастап мемлекеттік жоспардың көбеюі, мал басын көбейту үшін қойға СЖК препаратын қолдануға мәжбүр етеді. Соның нәтижесінде бір қойдан 4-5 қозы алынып, сол себепті мал өлімі көбейеді. Қаракөл елтірісінің сапасы нашарлайды. Осының салдарынан совхозда қой басы 42 мыңнан 28 мыңға дейін кемиді. Осы жылдары шаруашылықты Самұратов Ықлас(1969-74), Тұңғышбаев Өмірзақ(1974-79), Шырымбаев Алдияр(1979-85) сияқты азаматтар басқарды. 1973 жылдан бастап совхоз орталығы Қаракеткенге көшуді бастады. Қаракеткенде және ферма орталықтарында 1974-1980 жылдары совхоз директоры Ө.Тұңғышбаев мектеп интернаты, аурухана, балабақша, көптеген тұрғын үйлер салдырып, оларды жылу және су жүйелеріне қосқызды. Көшелердің бастылары асфальтталып, қалғандарына қатты тас жол төселді. Байланыс және электр желілері тартылып, көшелер жарықтандырылды, радиостанция жұмыс істеді . Совхоз орталығы мен «Актив» елді-мекендерінде көркейту мен көгалдандыру жұмыстары мықтап қолға алынды, ферма орталықтарына дейінгі жолдар ай сайын грейдерленіп, көпірлер жөнге келтірілді. 

Совхозды Имашев Балғабай(1985-88) басқарған кезең оның қайта өрлеу нышаны байқалған уақыт болды. Шаруашылық  1987 жылды 70 мың, ал 1988 жылды 149 мың сом таза пайдамен аяқтайды.

Шаруашылық басшысы Тұрабаев Ермағанбет/Ермақаш/ (1988-92) келісімен Новосібірге маман жіберіп, осы ауылдың солтүстік бетінде орналасқан еңселі үш қабатты ғимарат –жаңа мектеп үйін салдырып, оны тезарада бітіріп, пайдалануға берді. Совхоздың осы жылдардағы қиындықтары мен жетістіктеріне сол кездегі партком хатшылары –Искаков Махамбетжан мен Есболов Аймырза да, бас зоотехниктер –Бақтыбаев Қадыр, Жармаханов Жолдас, Тілеуімбетов Рахман, Төлегенов Сағидулла, Елібаев Рахат та, мал дәрігерлері-Жаңабаев Әбдуақап, Базарбаев Қайролла, бас инженерлер –Тасбергенов Жадырасын мен Сисенбаев Сағидолла да, бас есепшілер-Жапақов Райбек пен Әбдіқайыров та, ферма басқарған –Тұрабаев Естай, Ералиев Байдос, Нұрмаханов Жахат, Нұрмаханов Әлімбай, кәсіподақ жетекшілері-Төлегенов Қанатбай мен Орқашбаев Ағыманмен қоса басқа да айтылмаған орта буын мамандар, қаншама мал баққан шопандар, бақташылар және механизаторлар мен совхоз жұмысшылары ортақ екеніне сөз жоқ..

Жалағаш совхозының жарты ғасырлық тарихында ел дәулетін еселеуге қомақты үлес қосқан қаншама еңбек адамы бар десеңізші. Олардың еңбегін таразылау біраз уақыт өтіп, оның үстіне совхоз таратылып, жекеменшікке өткен кездері шаруашылық басқарған азаматтардың совхоз туралы құжаттарды сақтамауы да бұл жұмысты қиындатып тұр. Сондықтан қолда қалған деректер мен есте қалғандарды пайдаланып, кейбір еңбек адамдарының есімдерін ерекше атағанды жөн таптық.. Олардың ішінде Ленин орденді шопан Қарпықов Әбілдің, Еңбек даңқы орденінің екі дәрежесінің иесі, шопан Ермекбаев Тұрабайдың, Еңбек Қызыл ту орденін алған шопан Махамбетов Өтеген мен жүргізуші Өлментаев Мұхамедиярдың/Отайдың/, Құрмет Белгісі орденінің иесі, шопан Нұрбаев Жәнистің, 1948 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасын алған бақташы Өмірбаев Ералы мен басқа да үкімет марапатына ие болған еңбеккерлердің орны бір төбе. Сол жылдары қаншама рет мақталып, облыстық, аудандық социалистік жарыстардың жеңімпазы атанған шопандар –Тұрғанов Ітіманды, өнертапқыш Жүсіпов Кәриді, Шәмпіков Отызбайды, Әмзеев Пазылды, Сырымбетов Дүйсенді, Әбжанов Сақып және басқаларды артындағы ұрпақтары мақтан тұтуға лайық.. Совхоз құрылғаннан жүргізуші, механизатор болып істеген Қараев Ұзақтың, Ахметов Саханның, Қыстаубаев Жамалдың, Жапақов Райстың,Құлмышев Әлібектің, Жаңабергенов Қайнаштың, Несіпбаев Хамиттың, Ақынов Кеңесбайдың, Сәрсембаев Есқалидың, Жүнісов Қыдырханның және басқа көптеген азаматтардың да совхоз шаруашылығына еңбегі сіңген.

1991-93 жылдарды кеңестік шаруашылықтың ақырғы кезеңі деуге болады. Осы кезде оған Сисенбаев Сағидолла директор болды. 1993жылы сәуір айында шаруашылық жекешелендірілді, совхоз мүлкі, жері оның жұмысшыларына үлестірілді. Сол үлестер негізінде жаңадан «Жалағаш» өндірістік кооперативі, кейін «Далдабай», «Қаракеткен» өнд.кооп-і(төрағасы С.Сисенбаев), «Әлібай ахун» ЖШС(төраға Елібаев Рахат), «Сәрсен» шаруа қожалықтары құрылды. Осы жылдары ел халқының күн көрісі өте нашарлады, жұмысшылардың үлестері талан-таражға түсті. Ақыр соңында бұл шаруашылықтар банкротқа ұшырап, тарады. Содан қазір «Далдабай» шаруашылығы өз қарауындағы үлес иелеріне жыл сайын «Бұқарбай» телімінен /учаскесінен/ бақша егуіне көмек жасап келеді. Совхоз қамтуындағы мектептер, аурухана, клуб, кітапханалар, пошта мекемелері өз салаларының басшылығымен жұмыс істеуде. Сонымен тура жарты ғасыр/50 жыл/ ел жұрты игілігіне қызмет еткен «Жалағаш» совхозының қысқаша тарихы осындай.

 

                                                            

 

Деректерді жинап, құрастырып жазған                    Бексарыұлы Мұратбек

Өңделіп, жарияланған күні            18.12.2007 жыл.

 

Мұнда Ералиев Байдостың жазбалары, Есіркепов Жайықтың «Өмір өткелдері» кітабындағы жазғандары, Несіпбаев Хамиттың және басқа да кісілердің айтқандары мен өзімнің жазбаларым негізге алынды.

 

 

 

 

 

 

 



Hosted by uCoz