«И г і л і к»  б а л ы қ   к о л х о з ы

                                   

  

             Қаракеткендегі клуб үйі /1962/                    Балықшылар жаңалықпен танысуда

                               

Қаракеткеннің атын төңірекке танымал еткен шаруашылықтың бірі ол – «Игілік» балық колхозы. Ол 1928 жылы ұйымдасқан артельдердің бірі. Сол кездері Жосалы қыстағының балықшы орыстары Қашқансу, Даулыкөл, Құтырған мен Сарықұм төңірегіндегі елді-мекендердің, Қызылтам, Майкөл, Қаракеткеннің балық аулаумен айналысатын адамдары осы артельге мүше боп кіреді. Оның

қашықта тұратын бытыраңқы мүшелері балықты қыста ғана аулап, қамыстан тоқылған марданмен тоң балықтарды Қармақшы, Қызылтам, Қаракеткендегі қабылдау пункттеріне түйе керуенімен жеткізіп тұрған. Артельдің 116 түйесі, 33 өгізі, 66 жылқысы және өгіз арбалары мен бірнеше шаналары болған.Ұзын саны 433 адам сол кезде балық өткізгені үшін азды-көпті ақша алған. Ол кезде өткізгеніне қарай шай, қант, мата, ақ ұн беріп тұрған.

Қаракеткеннің(21-ауыл) айналасы сулы да нулы болыпты. Балық ауланатын көлдерден су үзілмеген. Теміржолға жақындығы ескеріліп 1930 жылы артель Қармақшыдан Қаракеткенге көшіріліп, «Игілік» балық колхозы болып құрылады.Осы алғашқы ұйымдасқан колхоздың төрағасы Ақпамбетов Қайыр бұрынғы артельдің бастығы еді. Жергілікті халықтан колхоздың алғашқы мүшелері Өлментаев Ысқақ, Ерденбаев Смайыл, Байнақов Күзембай, Жаңабаев Спанғали және т.б кісілер екен.

1931-32 жылдары колхозды тереңөзектік Салманов Ақшал, 1933-37 жылдары Кетеғұл, Никитин Федор(Шодыр), Наумов Иван деген кісілер басқарады.

1931-33 жылдарындағы елдегі ауыртпалық жағдайдан колхоздың көп мүшелері тарап, облыстан тысқары жерлерге көшіп кетеді, ал шалғайдағылары қатынай алмай өз жерлерінде қалады. Сол кезде колхоз негізінен жергілікті адамдар мен Қармақшының орыстары есебінен ғана сақталып қалады.

1936 жылдың қыркүйегінен бастап колхоз қалпына келе бастайды. Оның үстіне оған балық аулауға құмарлығы бар ресейлік орыстар келіп қосылады.

1937-41 жылдары колхозға Коновалов Михаил, аз уақыт соғысқа аттанғанша Өлментаев Смағұл, кейін тағы да М.Коновалов төраға болады. Ол кейін қайтыс болған 1955 жылға дейін балықшы болды.

Колхозды 1942-46 жылдары Макаренко Николай, Ділмағанбетов Қонақбай басқарады. Соғыстың алдындағы және соғыс кезіндегі  колхоздың балықшылары: Өлментаев Ысқақ, Есмағамбетов Тайпы, Доғаров Талапбай, Жылқыбаева Дәрікүл, Төлегенов Жүсіп, Дүйсенбиев Смайыл, Коновалов Михайл, Жаңабаева Жанат, Макаренко Николай, Ертілеуов Ысқақ, Пірназарова Бәтіш, Өлментаев Смағұл, Өлментаев Пірназар, Асқаров Құлмағанбет, Дүйсенбиев Сақтаған және басқалар болатын. Бұл балықшылар соғыс жылдарының ауыртпалығына төзіп, жаяу жүріп, бірнеше күн үй көрместен көлі бар даланы кезіп, белуардан қар кеше жүріп түйе керуенімен балық аулағандар. Соғыстың бес жылында колхоз барлығы 13 мың тоннадан астам сапалы балық аулап, отан қорғау қорына жөнелткен.

 1947жылдан 1954 жылға дейін балық колхозына Өмірзақов Ыдырыс төраға болды. Соғыстан кейінгі осы кезеңде халықтың тұрмысы ауыр, күнкөріс барынша қиын кез болатын. Елдегі жағдайдың осындай қиын кезінің өзінде колхоз балықшылары халық шаруашылығын қалпына келтіруге тынбай балық аулауы арқылы өз үлестерін қосып жатты. Үкімет те соны бағалай білді. Соның бір айғағы: колхоз балықшысы Жаңабаева Жанаттың 1950 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталуы.

Колхоз 1951 жылдан бастап өзінің шағындығына қарамай судың молаюына байланысты балық аулау жоспарын орындай бастады. Сол жылғы жоспар 1600 центнер болатын, ол 2816 ц болып орындалады.

 1954-61 жылдары колхозға Есіркепов Жайық төрағалық  жасаған. Сол кезде 1954 жылғы 5600 ц жоспар 6788 ц етіп артығымен орындалып, колхоз Одақ көлемінде социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, бірінші дәрежелі ақшалай сыйлыққа еге болады. Төраға Ж.Есіркепов 1955 жылы Москвада, КСРО балық шаруашылығы Министрі М.А.Ишковқа кіріп, соның нәтижесінде Министр өз қорынан колхозға 1 автомашина, 1 «Беларусь» тракторын және бір вагон ағаш бөлуге тапсырма береді. Міне осы кезден бастап колхоздың шаруашылығы өсе түсіп, жоспарланған техникалар келе бастайды, сөйтіп, ат, түйе, өгіз сияқты күш көліктері енді қосалқы күштер есебінде қалады. Осы мерзімде балық аулау жоспары артып, кейінгі 5-6 жылдың өн бойында жоспар 10 мың ц-ге жетіп, орындалуы 10-12 мың ц-дің аралығында болып отырады. Осыған орай колхоздың ақшалай қоры да артып, колхозшылардың еңбек табысы 4-5 есеге көбейе бастайды.

1955-58 жылдары колхозшылардың басым көпшілігі Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесіне қатысып, оның бағалы сыйлықтарына ие болады. Осы көрмеге қатысып, оның алғашқы медальдарын алған балықшылар: Өлментаев Ысқақтың(1956), Алдоңғаров Кірқабақтың(1956,57), Әдетов Бексарының(1956,57), Ахметов Жетібай мен Төремұратов Қуаңбай, Макаренко Николай, Оразалиев Дерібсалы, Елемесов Мұратбай, Жүнісов Көпжасар, Бисенбаев Әбен және басқаларының есімдері қандай мақтауға да лайық..

Колхоздың да аты дүркіреп шығып, Одақтық , республикалық балық шаруашылығы Министрлігінің әлденеше дүркін сыйлықтарын алады. Ол уақытта балық аулауға аяғың жетсе кезкелген көл, шүңейттерден-ақ еңбегің қайта беретін кез. Дегенмен балық аулау жоспарының үштен бірін, кей жылдары жартысын орындауға сеп болатын «Майкөл» еді.

Бұл көлдің су толғандағы көлемі 100 га. Ол Арал төңірегіндегі «Қамбаш», «Ақшатау» көлдеріне қарағанда өте кішкентай болғанмен, балығының сапасы жағынан облыстағы алдыңғы қатарда болатын. Онда негізінен балықтың сазан, жайын, шортан, тран, алабұға, торта, қаяз, ақбалық, көкала, қызылқанат, шайкөз, қылышбалық, шемая, табан, сиректеу болса да шағын бекірелер өсетін. «Майкөлдің» тереңдігі 18-19 м, табаны ақ қайраңды, біз білетін 8-10 түрлі балыққа жұғымды, шалаулы шөптер өседі. Өз тарихында онда балық қалимаға ұшырамаған. Бұл көлдің «Ақбота»(шығысында), «Мешіт»(солтүстігінде), «Қарақуыс»(оңт.батысында), «Суат»(батысында) деп аталатын 4 майлығы бар еді. Көлді тарту қыста жүргізілетін. 1957 жылғы «Майкөлдің» майлауы туралы сол кездегі колхоздың төрағасы Ж.Есіркепов өзінің «Өмір өткелдері» кітабында былай деп жазыпты: «... 1957 жылдың басында қыстың қытымыр аязын пайдаланып, төрт жылымды қатар салғыздық.. «Ақботаға» Бәйімбетов Бермағанбет, «Мешітке» Өлментаев Ысқақ,, «Қарақуысқа» Бисенбаев Әбен, ал «Суатқа» Жүнісов Көпжасар түсті. ... Әр жылымның Ерденбаев Смайыл, Доғаров Талапбай, Әлімов Сексенбай, Бозғұлов Жақсыбай секілді ақсақал бас мамандары бар. ... Сонымен төрт жылым да қатар шықты. Осы жылы ғана «Майкөл» 1087 тонна сапалы балық берді, былайша айтқанда сол қыста 67 вагон сапалы тоңдаған балық жөнелтілді ...»

Осы кітапта автор сол кездегі «Аралрыбтрест» мекемесінің бас директоры Х.Мусағалиев пен қасындағы өкілдер өмір бойы балықпен айналысып жүрсе де «Майкөлдің» рекордтық балығына, оның жоғарғы сорттылығына айрықша таң қалатын еді дейді. Осы кездері Қызылорда балық зауытының директоры К.С.Губенко, оның орынбасары П.А.Усков деген кісілер болатын деп еске алады. Оған қоса автор осы кітабында колхоздың бригадирлері: Ы.Өлментаевты, К.Жүнісовты, Ә.Бисенбаевты, Жұмабек Жалғасбаевты нағыз балық аулау ісін меңгерген, ұйымдастырушы ретінде сипаттаса, ал балық қабылдайтын Әбуов Балатай мен Сауытбеков Айтмағанбет те мол балықты тоқтатпай, тынымсыз қабылдаушы еді дейді. Ал ол колхоздың алдыңғы қатарлы балықшылары туралы: «... өздерінің бар күшін, жігерін салып адал еңбектенген Ахметов Жетібай, Ертілеуов Ысқақ, Оразалиев Дерібсалы, Алдоңғаров Кірқабақ, Есаманов Тәжібай, Сыздықов Әлі, Кривошеев Иван, Бекмаханов Аяған, Елемесов Мұратбай, Әдетов Бексары, Әділбаев Биман, Ахметов Кәмәш, Ақылбаев Пірімжан, Байжанов Жұбатқан, Жорықбаев Досмахан, Бегімов Ырзағазы есімдерін жүрген жерде мақтанышпен айтып жүремін. Барлығын тізе беру мүмкін де емес» ,- деп жазады.

      1958 жылы колхоздың аты Одаққа, республикаға көп жылдар бойы сапалы да мол балығымен танымал болуына қарамастан облыстық атқару комитететі төрағасының орынбасары А.Г.Севастьяновтың қолы қойылған шешімімен колхоз «Жалағаш» совхозына біріктіріледі. Бұл жағдайдан Арал балық комбинаты, Республика балық министрлігі мүлдем хабарсыз қалады. Сегіз айдан соң КСРО кеңесінің арнаулы нұсқауы бойынша «Игілік» балық колхозы қайтадан өз қалпына келтіріледі. Колхозға төраға болып, шаруашылық біріккенде совхоз партия ұйымына хатшы болып кеткен Ж.Есіркепов қайта сайланады. Көп ұзамай-ақ балық колхозының шаруашылығы қалпына келіп, іс алға баса бастайды. 1959 жылдан бастап щаруашылық жұмысы жанданып, колхозшылар қысы-жазы тынбай мол балық аулауды қамтамасыз етеді.

1961-63 жылдары Қазиев Орныққан және колхоз тарап, «Жалағаш» совхозына қосылған, 1967 жылға дейін Ысқақов Махамбетжан колхозға басшылық жасады. Осы жылдары колхоз мүшелерінің саны 260 адамнан асып, колхоз жылына 14-16 мың центнер балық өндіріп, Одақ балықшыларының арасында жоғары көрсеткіштерге жетеді.Осындай жетістіктері үшін колхоздың аты 1964-65 жылдары (басқарма төрағасы Ысқақов Махамбетжан)  КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет Тақтасына жазылады.

1965 жылы колхоз Қазақ КСР-і Балық шаруашылығы Министрлігі мен кәсіподағы комитетінің ауыспалы Қызыл Туына ие болады. Міне осыншама колхоз жетістіктеріне сол жылдары балық аулап, балық қабылдау пунктінде жұмыс істеген, балық тасыған қаншама балықшы қауым үлес қосты десеңізші. Олардың ішінен жоғарыда аты аталмаған балықшылар - Орқашбаев Ысқақтың, Төремұратов Шүйіншібайдың, Сахиев Балабайдың, Әділбаев Елеусіннің,  Кенжебеков Сағидулланың, Шоқпытов Шәймерденнің, Байнақова Күлайдың, Әмзеев Әдидің, Сүйіншібаев Әлайдардың, Байқадамов Есқалидың, Әмзеев Пазылдың, Дүйсенбеков Сайлаудың, Ахетов Жұмаділдің, Күзенбаев Сәндібектің, Ахметов Омардың, Мәдияров Сәтпанның, бас есепші Әлімбаев Ахметтің, кассир Уақбаева Нәзираның да еңбектері ерекше болатын. Балықшылардың аулаған балықтары балық қабылдау пункті арқылы тұздалып, қақталып-ысталып және кептіріліп, содан соң жәшікке не ағаш бөшкіге салынып вагон арқылы Одақтың әр түкпіріне жөнелтілетін.Осындай ауыр жұмысқа ауылдың сол кездегі қыз-жігіттері жұмылдырылатын.1958-62 жылдары балық қабылдау пунктіне Қызылорда балық заводынан арнайы жолдамамен келген Вон Иван, кейін Ли Чун Сон басшылық жасайды. Сол кезде балықты Әбуов Балатай, Өксікбаев Бақберген, Сауытбеков Айтмағанбеттер қабылдаушылар еді де, ал пунктте Жүнісов Қыдырхан, Баймаханов Хамит, Баймаханова Әжікүл, Есенбаева Айша, Кеулімқошов Өміртай, Киікбаев Алмағанбет, Күзенбаева Айымкүл, Шаймерденова Рая, Сәдуақасова Орынша, Елемесова Гүлсара және тағы да басқа жастар тыным алмастан еңбек ететін.

Колхоздың қамтуындағы(Бескепе учаскесін қоса алғанда, онда 30-шақты балықшы отбасы болды) халыққа 1 жетіжылдық (кейін сегзжылдық) пен 1 бастауыш мектеп, 2 дәрігерлік пункт, 3 дүкен, 1 байланыс бөлімшесі, 1 клуб және 2 кітапхана қызмет көрсетті.

Сырдария, Қараөзек арналарындағы судың азайып, көлдердің құрғауына байланысты Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1967 жылғы 16-қазандағы қаулысына сәйкес «Игілік» балық колхозы таратылып, «Жалағаш» совхозына қосылды.

 

    

                                   

Деректерді жинап, құрастырған                                     Бексарыұлы Мұратбек

Өңделіп, жарияланған күні         18.12.2007 жыл

 

Мұнда кезінде көзі тірі балықшылардың айтқандары мен Ж..Есіркеповтың «Өмір өткелдері» кітабындағы жазғандары және өзімнің жазбаларым негізге алынды.

 

 

 

 

 

 

 



Hosted by uCoz